Дүбірлі 2022 жылдың алдынғы алты айы өтті, осы жарты жылда әлем елдері таяу он жылдықтарда болып көрмеген аласпыран қайшылықтардың, қақтығыстардың жоғары деңгейіне куә болды. Мадритте Солтүстік Атлантикалық Қауіпсіздік ұйымының жоғары жетекшілері бас қосып, дабыралы кеңес өткізуі де тегін емес. НАТО қазіргі әлемдік қауіпсіздіктің жаңа сын қатерлерін өзара талқыдан өткізді. Анығынды, бұл жиында трансатланттық әлемнің өзара кірігуі мен бірігуі күшейе түсті деуге болады.
НАТО кезекті бас қосуында ең жаңа қауіпсіздік саясатын, жаңа стратегиялық тұжырымдамасын жария етті. НАТО-ның ортақ шешімдеріне қарай отырып, Ресейдің Украинаға басып кіруі трансатлантикалық интеграцияны күшейтіп жібергенін анық көрсетті. Тек ол ғана емес, Ресейдің ашық агрессиялық әрекеті Еуропаның да қауіпсіздік саясатын бекемдей түсті.
Ең ірі қауіпсіздік ұйым қабылдаған шешімдердің мәні терең, маңызы зор. Оларды жеке-жеке талдап саралау саясаттанушылар мен аналитиктерге көп уақыт «азық» болары даусыз. Қазірше кейбір сарапшылардың «кезекті НАТО саммиті – жаңа әлемдік тәртіптің басталуы» деп санайтынын айтудың өзі жеткілікті.
Былай ғой, НАТО әуелден-ақ Ресейдің «атасы» Кеңес одағының қаупіне қарсы құрылған ұйым. Қазіргі Ресей НАТО үшін қашан да басты қарсылас ретінде қала бермек. НАТО Шығыс Еуропаға төнген Ресей қаупіне қарсы қандай шара қабылдайтынын ақпарат құралдары кеңінен таратып жазды. Кезекті жиынның зор жаңалығы бұл емес, керісінше Қытайдың стратегиялық қарсылас ретінде аталуы болды.
НАТО – бүгінгі әлемдегі алдынғы қатарлы экономикалық және әскери әлеуетие елдердің басын біріктірген ең үлкен қауіпсіздік ұйым. Әуелден Ресейге (бұрынғы Кеңес одағына) қарсы құрылғанымен, оның өзге де көмескі миссиялары бар. Ұйымның ең алғашқы бас хатшысы Хастингс Исмай бір сөзінде: «НАТО-ның мақсаты – Кеңес одағын тоқтату, АҚШ-ты ұстап тұру және Германияны басып тастау», – деген еді. Сол кездегі жағдайға негізделген осы сөздің шынайы мәні «әлемдегі күштер тепе-теңдігін сақтау» дегенге саяды.
Варшава шарты мен Кеңес одағының ыдырауынан кейін осы ұйым мен одаққа мүше кейбір елдер НАТО-ға қосылды. 2010 жылға келгенде (Лиссабон саммитінде) НАТО жағдайы «бейбітшілік күйінде» деп сипатталды. Бұл кезде Ресей стратегиялық қарсылас емес, стратегиялық әріптестік статусында қарастырылды. Одан бері де 12 жыл өтіп кетті. Әлем тағы өзгерді.
Қазір күштер тепе-теңдігін арқылы халықаралық тәртіп орнату теориясының шаңырағы шайқалып тұрған заман. Ортада жаңа күштер өсіп шықты, қуатты экономика мен әскери әлеуетке ие, батыстық демократиялық құндылықтарға сай келмейтін Қытай сынды державалар бой көтерді. Қалыптасу үстіндегі бұл держава жаһандық құндылық пен халықаралық жүйеде өзінің ықпалын таныта бастады. Не дегенмен де бұрынғы әлемдік державаның мұрагері және күшті армияға, біршама озық қаруларға, сондай-ақ, «орыс мінезіне» ие Ресей де белгілі деңгейде агрессиялық іс-қимылдармен оянды. Бұлардан тыс ұйқыда жатқан Жапон, Үндістан секілді шығыстық потенциялды елдер, Иран сынды белсенді орта шығыстық үміткер көшбасшылар да бар. Қазіргі әлем осы күштердің бәрін қамти отырып, орта ғасырлардағы, таяу замандағы әлемдік күштер тепе-теңдігі, империялық халықаралық тәртіптерді қайта сынтезінен өткізіп, болып көрмегендей жаңа әлемдік тәртіп орнатуға тырысып жатыр. НАТО кезекті жиында өзінің жаһандық миссиясын да қайта қарайтыны сондықтан.
Не үшін Қытайдың стратегиялық қарсылас ретінде аталуы басты жаңалық? Қытайдың Ресей-Украина соғысындағы ұстанымы Батыс елдерінің Қытайға деген көзқарасын өзгерткені даусыз. Олар жаһандық қауіпсіздік бәске тігілген жерде Қытайға түбегейлі сенуге болмайтынына көздері жетті. НАТО саммитінің алдында «Үлкен жетіліктің» жиынында да Қытай мәселесі басты тақырыптың бірі болды. Ашық саясат ұстанбайтын, еркін нарыққа жол бермейтін, сондай-ақ, Хоңкоң (Гонконг), Тибет және Шыңжаңда адам құқығын аяусыз таптайтын Қытайдың жаһандық ықпалы туралы әңгіме болды.
Сонымен не керек, НАТО стратегиялық тұжырымдамасында Қытай алғаш рет қарсылас ретінде қаралды. Әрине, ұйым мүшелері арасында Қытай мен Ресейді бірдей қарастырғысы келмейтін елдер де бар. Дегенмен, ендігі жерде Қытайдың әскери әрекеттері НАТО жағынан қадағалауда болары анық.
НАТО-ның Қытайды өзінің қарсыласы ретінде тануы ұйымның міндеті мен ықпал көлемін Үнді-Тынық мұхиты аймағына дейін кеңейтелді. Естеріңізде болса, Трамп кезінде АҚШ өзінің стратегиялық тұжырымдамасын жаңартып, Ресейге қоса Қытайды басты стратегиялық қарсыласы деп атап еді. Соның нәтижесінде, АҚШ Орта-Шығыстағы стратегиясын өзгеріп, Ирак, Сирия, Ауғанстаннан әскерлерін шегіндірді, керісінше Қытай ықпалы артып келе жатқан Үнді-Тынық мұхитына күштерін шоғырландырды. Демек, НАТО-ның ендігі белсенділігі де бұрынғыдай Солтүстік Атлантика жағалауындағы елдердің қауіпсіздік мәселесімен ғана шектеліп қалмайды, ұйым енді жаһандық белсенділікке ие болады.