Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жылдың қарсаңында көрнекті кәсіби дипломат, қоғам қайраткері, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Сайлау Батырша-ұлы «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» эссе-диалог мемуарлық кітабін шығарды. Кітаптың авторы жазушы-журналист Мұрат Алмасбекұлы. Жақын арада оның тұсаукесері Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтті, оған ЕҰУ ректоры Е. Б. Сыдықов, белгілі ғалымдар, профессорлар, академиктер, Парламент депуттары және шет ел елшілері мен дипломаттары қатысты.
Бұл еңбекте Президент Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен еліміз қалай тәуелсіздік алды, кітапта республика дипломаттарының үлкен еңбегі туралы кеңінен баяндалды. Көрнекті дипломат, мемлекет қайраткер Қ-Ж. К. Тоқаев туралы жазылған беттерінен үзінді келтірейік.
Автор: Сәке, Сіздің Қазақстан дипломатиясының тарихы туралы қазақ тілінде тұнғыш «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар» атты оқулық кітабыңызда белгілі қазақ дипломаттары туралы жан-жақты жазылғанын білеміз. Сонымен, жас мемлекеттің сыртқы саясатына зор үлес қосқан, ведомоствоның тізгінін мықты ұстаған тұлғалардан кімдерді атап өтер едіңіз?
С.Батырша-ұлы: Бірінші кезекте көрнекті дипломат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты атағым келеді. Онымен бірінші кездесуім былай болды. 1991 жылы күздің басында Бейжіңдегі Совет елшілігінде бірінші секретарь болып істейтін Қ. Тоқаев демалысқа Алматыға келген. Онда мен сыртқы істер министрінің міндетін атқарып жүргенмін. Ол менің қабылдауымда болып, алматылық екенін және МГИМО-ны бітіргенін айтты. Бұл оқу орны мықты мамандар даярлайтын. Мен оған Қазақстан сыртқы саясатын дамытып, өзге елдермен қатынасын кеңейтуге әрекет жасап жатқанымызды түсіндіріп, біраз әңгімелестік. Оның елге қайтуды ойластырып жүргенін сездім.
Сонымен, 1992 жылы Қазақстанның ресми делегациясы Қытайға баратын болды. Осы сапар барысында біз Ресейдің Қытайдағы елшілігінде қызмет етіп жүрген жерлесіміз, дипломат Қ. Тоқаевпен хабарласып, көмек сұрадық. Қытай тілін жақсы білетін дипломат біздің делегацияға жәрдем берді. Кейін Президент Н.Назарбаев тарапынан елге шақырылып, министрдің орынбасары болды. Өз біліктілігін шынайы еңбегімен дәлелдей білген дипломат 1994 жылы Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Ол Қазақстан дипломатия саласының дамуы үшін айтарлықтай үлес қосты. 1999 жылдың наурыз айында Премьер-министрдің орынбасары, кейін Премьер-министр лауазымына тағайындалып, Үкімет басында 2002 жылға дейін отырды. Қайтадан Сыртқы істер министрі және Мемлекеттік хатшы қызметін қоса атқарды. Ал 2007 жылы және 2013 жылы екінші мәрте Парламент Сенатының төрағасы болып тағайындалды.
Министр ретінде Қ. Тоқаев халықаралық маңызы бар істерде дипломатиялық біліктілік танытты. Халықаралық қатынаста мемлекетіміздің позициясын сақтай отырып, әлемдік деңгейдегі дипломат әріптестерімен тең дәрежеде қарым-қатынас жасай білді. Мәселен, ол ядролық қаруды таратпау туралы 1995 және 2005 жылдардағы конференцияларға қатысып, 1996 жылы Нью-Йоркте ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шартқа, ал 2005 жылы Семейде – Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды.
2011 жылғы наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы Пан Ги Мун білікті дипломатты өзінің орынбасары және Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры етіп тағайындады. Сонымен қатар, Қарусыздандыру жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымын иеленеді. Ол – дипломатия тарихында әлемдік деңгейге көтерілген қазақтардың бірі. Еліміздің халықаралық аренадағы абырой-беделінің артып, өзге елдермен жағымды байланыстар орнатуына көп күш салды, басшы ретінде сабырлы, байсалды, қол астындағы қызметкерлерге оң позиция ұстанады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы алғаш рет Қазақстан сыртқы істер министрлігіне қызметке келгенде қазақ тілінде жақсы сөйлей алмайтын. Өйткені мектеп пен жоғары оқу орындарын орыс тілінде оқыды, кейін Совет Одағы елшілігінде қызмет етті. Ол ана тіліне деген үлкен жауапкершілігін танытып, қазақшаны тез арада жақсы үйреніп алды. Алматыда екеуміз Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарғанда, әріптес ретінде жақсы қатынаста болдық. Орыс мектептерін бітірген азаматарға мен жақсы үлгі ретінде Қ.-Ж. Тоқаевты ұсынар едім. Ол министрдің орынбасары, министр, үкімет басшысы, мемлекеттік хатшы сынды жоғары деңгейдегі лауазымды қызметтерді атқара жүріп мемлекеттің тілді жоғары бағалай білді. Кейбір лауазымды шенеуніктер қазақ тілін үйренуге уақыттары жетпейтінін желеу етеді. Шын ниет еткен адам, бойында намысы бар азаматтар ана тіліне немқұрайлы қарамай, бар мүмкіндігін пайдалана отырып, өз ана тілін толық меңгеріп алады. Қасым-Жомарт Кемелұлы әр алуан дипломатиялық, мемлекеттік қызметімен қоса, үлкен шығармашылықпен де айналысады. Оның «Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты», «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі», «Беласу», «Нұр мен көлеңке», «Он делает историю» атты еңбектері бар.
АВТОР: Әңгіме барысында Сәкең креслосынан тұрып сөреден Қ. Тоқаевтың өз қолтаңбасы жазылып, сыйға берген «Он делает историю» деген кітабын алды. Сәкең бұл кітапты талдай отырып, Н.Ә. Назарбаевтың қазақ халқының тарихында және бүгінгі Республиканың қалыптасуы туралы автордың жазған пікірлерімен келісетіндігін айтты.
С. Б.: «Таков Нурсултан Назарбаев – одна из крупнейших фигур в мировой истории. Волею судьбы ему было предначертано стать во главе нашей страны в самый трудный для нее период. Именно он нашел в себе силы, мужество и решимость принять на себя ответственность за судьбы казахстанцев, стать основателем современного казахского государства – Республики Казахстан». Бұл жерде Тоқаев «Қазақстан Республикасы – қазақ мемлекеті» деген анықтаманы айқын көрсетіп дұрыс жазып отыр. Біздің мемлекеттің бүгіні және болашағы қазақ халқымен тікелей байланысты екенін ұмытпауымыз керек. Көп министрлер, депутаттар, саясаткерлер мен журналистер «қазақстандық мемлекет» (казахстанское государство) деген жалған ұғым кіргізіп жүр. Бұл үлкен қателік, біздің тәуелсіз мемлекетіміздің қайта құрылғаны туралы Н. Назарбаевтың 2005 жылы 25 қазанда айтқан сөзі де бар: «бүгін салтанатты күн – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Суверенитеті туралы декларация қабылдануының 15 жылдығы қарсаңында, біз мынаны сеніммен айта аламыз: Қазақ мемлекеттігін қайта құруға байланысты тарихи миссия табысты аяқталды. (Мы с уверенностью заявляем, что историческая миссия по восстановлению казахской государственности успешно завершилась)».
Біраз саясаткерлер мен саясаттанушылар Н. Назарбаевты атақты тарихи тұлғалармен салыстырады. Ал кітаптың авторы Қ-Ж.Тоқаев Президентті
Мұстафа Кемальмен теңестіреді. «Поэтому возьму на себя смелость провести аналогию между Нурсултаном Назарбаевым и Кемалем Ататюрком» деп жазады. Шын мәнінде, басқа мемлекеттердің лидерлеріне қарағанда Назарбаев Ататүрікке ұқсайды. Екеуі де тәуелсіз ұлт мемлекетін қайта қалпына келтіріп, белгілі реформаторлар қатарына жатады. Қ-Ж. Тоқаев «Вся деятельность Н. Назарбаева, начиная с первых дней независимости страны и по сей день, направлена на укрепление казахской государственности», деп аяқтайды.
АВТОР: Бүгінгі күні сан алуан кітаптар жарық көріп жатқаны мәлім. Ал шын таланттардың мемлекеттің дамуы мен елінің өркендеуіне қажет ақыл-ой жауһарлары басылып шыққан кітаптар жарнамасыз да өз оқырманын табады. Кейіпкеріміздің оқулығы осындай кітаптардың қатарында екенін, Қ. Тоқаев алғы сөзінде көрсетеді. Дипломатия қызметіне болашақ кадрлар даярлау, білікті жас мамандарды жетілдіріп шығаруда ең қажетті дүние оқулық екені айтпаса да түсінікті. Әсіресе дипломатияның қыр-сырын ұғындырып, білім дарытуда қазақ тілді оқулық өте қажет болатын. Осы жайды сыртқы саясат жүгін арқалаған екі ғалым-дипломат та толық сезінді. Біреуі еңбектеніп оқулық жазса, келесісі қолдап, оның халықаралық қатынастар мамандарын даярлауда үлкен роль атқаратынын көрсетті. Бұл шын мәнінде басқа дипломаттарға үлгі боларлық іс, бүгінде аға буын өз тәлім-тәрбиесін жастарға беріп отыр. 2011 жылы Женеваға аттанар алдында Сенат төрағасы Қ. Тоқаев кейіпкерімізбен кабинетінде кездесіп, Қазақстан дипломатиясының бүгіні мен ертеңі туралы пікір алмасады. Әңгіме соңында фотограф оларды суретке тартады. (Сұретті беру)
Осы жерде халқының, мемлекеттің болашағын ойлаған тұлғалардың арасында Қ-Ж. Тоқаевты айтпау мүмкін емес.
С.Б. : 1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияда»: «Қазақ ССР Республикасы барлық шетелдегі қазақтарға қамқорлық және олардың өз тарихи отанына оралуына жағдай жасайды» деп жазылған. Алайда басында жақсы басталған осы іс соңғы жылдары бәсеңдеп кетті.
2004 жылы мен министр Қ. Тоқаевқа кіріп, сыртқы істер министрлігінде қазақ диаспорасы мәселесімен шұғылданатын арнайы бөлім құру керектігін айттым. Бұл әлемдік тәжірибе. Оған дәлел ретінде Ресей сыртқы істер министрінің бір орынбасарына шеттегі отандастармен және орыс диаспорасымен жұмыс істеу жүктелген. Оған қоса РФ СІМ-гі бюджетінде шетелде тұратын орыстарға қаржылай жәрдем беруге валюта бөлінген. Ресейден тыс жүрген орыстардың саны көп, бірақ олар салыстырмалы түрде айтқанда, бүкіл орыстардың 7–8%-ін құрайды. Ал қазақтардың 30%-ға жуығы елден тыс жерлерде өмір сүріп жатыр. Осы мәселеге мемлекеттік тұрғыда мән беріп, халқының болашағын ойлап Қ. Тоқаев СІМ-де шетелдегі қазақ диаспорасымен жұмыс істеу бөлімін ашты, көп жәрдем берді. Өкінішке орай, ол басқа қызметке кеткеннен кейін жаңа министр келіп, аталған бөлімді жауып тастады. Әлем қазақтарының мәселесін қарайтын мемлекеттік біріңғай орталық болмай қалды.
Сыртқы саясат бағытында шетелдегі қазақтар жайлы заңды тұрғыда бекітілген нормалар бар. Айталық, 2014 жылы 21 қаңтарда «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында» ҚР-ның сыртқы саясаты мақсаттарының бірі ретінде, шетелдерде ҚР-ның азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтарын, олардың отбасылық және іскерлік мүдделерін қорғау, шетелдердегі қазақ диаспорасына және қазақ тіліне қолдау көрсету туралы жазылған. Қазақстан өзге елдерде тұрып жатқан қандастарымызды қорғау, мәдениетін дамыту бағытында әрекет жасап келеді.
Міне дипломаттардың тәуелсіздікке, ел болашағына істеген ерен еңбектерінің бірер көрінісі.
Дипломат, қоғам қайраткері Сайлау Батырша-ұлының өмірі мен қызмет жолына арналған "Тәуелсіздік жолындағы дипломатия" кітабынан.
Автор: Мұрат Алмасбекұлы
“The Qazaq Times”