Президент Қордайдағы ұлтаралық қақтығыстың «жаңа» себебін мәлімдеді. Сондай-ақ жергілікті қызметкерлердің пара алу және шекара арқылы заңсыз сауда жасау мәселесін шешуді тапсырды.

Мемлекет басшысы Тоқаев Қордай ауданындағы Қаракемер ауылының тұрғындарымен кездесуінде «тәуелсіздіктің арқасында қазақ халқы шын мәніндегі мемлекет құраушы ұлтқа айналды» деді.

«Төл халқымыздың шынайы қасиеттері, болмысы қандай болуы керек? Бұл, ең алдымен, кеңшілік, жомарттық, жайсаңдық, жасампаздық деген сөз. Біз басқа ұлттарға, өзге елдерге өнеге, үлгі көрсетуіміз керек. Қазақ халқы бейқам, жалқау, еріншек, оның қолынан ешқандай жұмыс келмейді деген жағымсыз әңгімелерді доғару қажет. Бірақ осындай теріс пікірлерді тоқтату үшін өзіміздің еңбекқорлығымызды көрсетуіміз керек», – деді президент.

Сондай-ақ жиын барысында Тоқаев Қордайдағы тәртіпсіздікке екі қылмыстық топ арасындағы текетірес себеп болғанын айтты.

«Ауданда бір топ адам белсенді түрде контрабандамен айналысып жүрген. Бұл – белгілі нәрсе. Осы іске басқа топ та қатысқысы келген. Бір сөзбен айтсақ, заңсыз табыс көзі үшін екі қылмыстық топтың арасында текетірес пайда болған. Бұл текетірес салдарынан көп адам зардап шекті. 11 адам қаза тапты. Оны ашық айту керек. Енді құқық қорғау органдарының алдында тұрған мақсат – барлық қылмыскерлерді ұлтына қарамай, заңға сәйкес жазаға тарту. Онсыз елімізде тәртіп болмайды», – деді ол.

Ел басшысы тергеу жұмысы заңға сәйкес жүргізілетінін, заң алдында бәрі тең екенін айтып, Қордайдағы жергілікті қызметкерлердің пара алу және шекара арқылы заңсыз сауда жасау мәселелерін шешуді тапсырды. Бірақ президент Тоқаев әлгі белгісіз екі топтың нақты кімдер екенін және қандай контрабандамен айналысқанын ашып айтқан жоқ.

"The Qazaq Times"