Мәдениеті мықты мемлекетті бағындыру қиын. Себебі, адамзат тарихының өзі өркениеттер тарихымен тең. Өркениет сонау шумерлер мен мысырлықтардың, классикалық және мезоамерикандықтардың қалыптасуынан бастап, бүгінгі христиан және ислам, қытайлықтар (син) мен индустықтардың кезеңін қамтиды. Демек, ғаламда адам баласы дүниеге келген күннен бері өркениет ұғымы ажыраған жоқ. Белгілі жазушы Самюэль Хантингтонның «Өркениеттер қақтығысы» атты гео-саяси трактаты қоғамда резонанс тудырды. Тарихпен сабақтасып келген атауды Макс Вебер, Эмиль Дюркгейм, Питирим Сорокин, Кребер, Филипп Бэгби сынды жазушылар зерттеген болатын.

Мәдениеттер қақтығысы бірнеше ғасырға созылып келеді. Әлі де өз күшін жойған емес. Мәселен, Түркия басшылары ғаламдық деңгейге шығу үшін ертеден қалыптасқан өркениетін құрбан етті. Кемализмнің «алты жебесі»: халық қолдауына кеңінен ие болу, республикалық құрылымға көшу, ұлтты бір арнаға тоғыстыру, атеизм, экономика жағдайында мемлекеттік бақылауды нығайту тәрізді тағы да басқа реформаларды жүзеге асырды. Өз кезінде кемел саясат ұстануға бел буғанмен, дамыған батыстық үлгіге бағынды. Ұлы Петрдің үлгісіне еліктеген ол ертеден келе жатқан дәстүрлі бас киім тақияны киіп жүруге тыйым салып, шляпаны бастан тастамау жөнінде қарар шығарды. Әлбетте, халық наразы болғанмен, түптің түбінде жарлық өз күшіне енді. Есесіне, экономикалық жағынан шетелдік үлгіде дамып, 1952 жылы НАТО-ға мүше болды. Бірақ, мемлекеттің ата дәстүрі жойылуға сәл қалған еді...

Өркениет ұғымын алғаш ХVІІІ ғасырда француздық философтар «тағылық» сөзіне қарама-қайшы ұғым деген болатын. Әлбетте, өркениеттің тағылықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Варварлық кезең он тоғызыншы ғасырдың қоғамтануында қалыптасып, эстетикалық үлгіні жоюға тырысты. Әсіре қатыгездік, мәдениетсіздікпен өмір сүрген елдердің өркениеті дамымайды. Аристотель, Сократ өмір сүрген антиктік мәдениет варварлықтың әсерінен құлдырап, формализм азайған болатын. Өркениеті мықты дамыған елдер жалқаулық, еліктеушілік және надандықтың салдарынан тағылыққа бейімделеді. Энгельс, Моргандардың кезеңі түсініксіз тілде сөйлейтін, қатігез қоғамға айналып, көзі ашық жазушы, музыканттардың ықпалымен мәдениетін қалпына келтірді. Демек, өркениет – тағылық емес! Өркениет – адамзаттың таңбалы тарихы, ән мен сәннің үйлесім табуы. Өз дәуірінде Шпенглер: «Өркениет – бір нәрсенің аяқталуы, ол белгілі бір қалыптасудан соң ғана келеді», - дейді. Бұл тұрғыда ғалымның сөзіне қарсылық білдірген жөн. Себебі, Хантингтон жазғандай, «өркениет бірнеше ұлтты қамтиды» және ерекше рухани орта осы қасиетке түбегейлі ие бола алады. Мәселен, Италияның оңтүстігіндегі дворяндардың мәдениеті тап сол Италияның солтүстігіндегі ауыл-аймақтардың мәдениетімен тұтас та, өзгеше де бола алады. Демек, ол тұрғындардың ойына, қалауына байланысты. Адамдардың өздерін өздері теңестірудің де біршама деңгейі бар: сол Италиядағы Рим тұрғыны өзін белгілі бір дәрежеде римдікпін, католикпін, итальяндықпын, христианмын, еуропалықпын немесе батыс тұрғынмын деп сезіне алады. Алысқа бармай-ақ, өз елімізді мысалға алсақ. Қазақстандық азамат та өзін қалауынша Орта Азиялықпын, Шығыс қазақстандықпын, мұсылманмын, тәуелсіз тұлғамын, оппозиционермін, жеке тұлғамын деп түсіне алады. Яғни өркениеттің қалыптасуы адамзат баласының ой-өрісіне, өзіндік пайым-түсінігіне тікелей байланысты.

Тарихтың жалпы барысында өркениеттер тірі жанды еліктеуге, жеке басын идентификациялық теңестірудің ең жоғарғы деңгейімен қамтамасыз етуге итермелейді. Еліктеудің өзі өркениет, ал бұл мәдениеттер қақтығысын туғызады. Хантингтонның еңбегінен ұққанымыздай, өркениет – мәдениеттің жоғары сатысы. Бұған біз аталған ұғым бір емес, бірнеше ұлтты бір арнаға тоғыстыратын ерекше рухани орта дер едік. Мәдениеті әлсіз мемлекет өркениетін жоғалтады, өзгеге «жем» болады. Бір топ жастан «сіз өз тіліңіздегі әндерді тыңдайсыз ба?» немесе «отандық киноларды қарайсыз ба?» деп сұрасаңыз, топтың ширегінің жартысы ғана бас изер еді. Себебі, заман жаңарған сайын, жастар санасы да шетелдік өнімге құштар. Ал бұл – ойланатын жағдай. Тағылық кезеңге сылдыр ақпарат, өзгеге еліктеу және мәнсіз сөз арқылы жету жеңіл. Ал тағылықтан сақтайтын бірден-бірі «дәрумен» – ертеден қалыптасқан өркениет.

"The Qazaq Times"