Бүгін, 21 шілдеде қырғыздың Чолпан-Ата жерінде Орталық Азиядағы бес елдің мемлекет басшылары бас қосып жатыр. Аймақ елдері басшыларының оңаша кездесуіне көршілес елдер мен аймақтардың, тіпті әлем алпауттарының баса назар аударары сөзссіз. Оның бірқатар себептері бар, қазірге бұл жиынның әлемдегі геосаяси шиеленістердің қызып тұрған кезінде өтіп жатқанын айту да жеткілікті.
ОА елдері басшыларының консультативті кездесуі бірінші рет 2018 жылы Астанада өтіп еді. Сол кезекте өзбек басшысы Ш.Мирзиеев бұндай кездесуді үзіліссіз жыл сайын өткізіп тұруды ұсынған. 2020 жылы пандемия жағдайына байланысты өткізілмей қалғанын айтпағанда жыл сайын жалғасып келеді. Былтырғы қонақ қабылдау кезегі қырғыздарда еді, алайда елдегі экономикалық және пандемия жағдайына байланысты түркімендер қабылдап өткізді.
Не дегенмен, ОА елдері басшыларының үшінші рет оңаша жиналып жатқаны аймақтағы ішкі интеграцияның қарқынды дами түскенін көрсетеді. Сонау тоқсаныншы жылдардан бері Орталық Азиядағы бес елдің өзара ынтымақтастығы аймақ үшін, олардың ұлттық қауіпсіздігі мен мүддесі үшін пайдалы екенін белгілі болған. Бірақ, ОА елдерінің ортақ тіл табысуына кедергілер де аз болған жоқ, ең әуелі аймаққа ықпал етуші ең үлкен күш ретінде Мәскеу бес елдің ым-жымының бір болуын қалаған жоқ. Керек десек, Қытайдың өзі де аймақ елдерінің ауыз біршілігі өзінің өңірдегі стратегиялық мүдделеріне кедергі келтіреді деп санап келді. Кедергілер қатарында ОА елдеріндегі диктатурлық билік құрған жеке тұлғалар да болды.
Соңғы уақыттарда Орталық Азия жетекшілері өздерінде болып жатқан мәселелерді өзара талқылаудың маңызын айқын түсінгендей. Бұл жиын алдында да бес елде жекелеген күрделі саяси оқиғалар болып өтті. Қазақстанда «Қаңтар оқиғасы», Өзбекстанда Қарақалпақстан мәселесі, қырғыз-тәжік ортасындағы қайталанған шекара жанжалдары, Түркіменстандағы билік алмасу. Былай қарағанда осыншама ауқымды жағдайлардан кейінде аймақ елдері өзара пікір алмасудың реті келіп-ақ тұр.
Орталық Азия елдері арасындағы оңаша кеңесулер консультативтік деңгейде болғанымен, бұған дейін аймаққа салмақты ықпал етіп келе жатқан Ресейдің қатысуынсыз алғашқы өзара кеңесі, бұның өзі осы жиынның маңызын анықтайды. Аймақ елдері арасындағы көптеген мәселелерді шешуде Ресейдің ара ағайыншылығы үнемі ескеріліп келетін. Ал, Ресейдің қатысуынсыз өтетін жиын өңірдің ішкі ынтымақтастығын әлде қайда жылдам дамытуға мүмкіндік ашады.
Кезекті жиынның қорытындысы ашық ақпаратқа шыға қоймады. Дегенмен, алдын ала мәліметтерге сай Чолпан-Атадағы бас қосуда бірқатар маңызды құжаттар бекітіледі деген болжамдар бар. Бастысы бұндай жиында қандай қорытынды болмасын, Орталық Азия елдерінің өзара түсіністігі мен ынытмақтастығын тереңдете түсетіні анық. Кезекті бас қосуда қандай қорытынды болса да Ресей, Батыс, Қытай, Иран және АҚШ сынды елдер мен аймақтар баса назар аударады. Себебі, қазіргідей геосаяси шиеленстер кезеңінде Орталық Азияның қандай ұстанымда болатыны осы аталған елдер мен аймақтар үшін өзіндік маңызы бар.
Ресейге байланысты Орталық Азияның қарым-қатынасы мен ұстанымы АҚШ пен ЕО елдерін қалай да елеңдетеді. Үйтетіні, Ресей Украинаға қарулы шабуыл жасағанын ОА елдері ашық қолдамады, бірақ Мәскеумен байланысты сақтап тұрмауға шарасыз күйде. Енді бір жағынан Ресей өзінің агрессиялық әрекететріне қарай Батыстың жойқын санкцияларын тұс болды, соның өзінде Орталық Азия Ресеймен сауда-экономикалық серіктестігін жоғалтқан емес. Осының бәрі шындап келгенде аймақ елдерінің ұлттық және стратегиялық мүдделеріне үлкен қиындықтар жаратты. Тіпті, сыртқы саясатта белгілі деңгейдегі дағдарыс күйін қалыптастырды. Қалай деген күнде де ОА Ресеймен терең байланыстағы аймақ, әрі сыртқы елдер үшін Ресей-АО аймағы аса нәзік те сезімтал күйде саналады. Кезекті жиында дәл осы мәселе бес ел басшыларының жабық есік ішіндегі әңгімесінде болары анық. Ал, одан шыққан қорытынды кімге болса да маңызды болары сөзссіз.