Жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы мен жұмыс тәртібін бекітті. Осыдан кейін әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде аталмыш бастама қызу талқыланып, түрлі пікірлер айтылуда. Бүгін біз аталмыш мәселеге байланысты танымал адвокат Абзал Құспан, азаматтық белсенді Белла Орынбет және журналист Мәди Манатбектің пікірін білдік.
Абзал Құспан: «Жалпы, ұлттық кеңеске қатысты айтарым, мен өз басым бұл Ұлттық кеңестің құрамына кірмесем де, кеңестің идеясын қолдаймын. Не себепті қолдаймын? Біріншіден, мына мемлекетте демократиялық өзгерістер болуы қажет. Мемлекетшіл адам ретінде мен үшін демократиялық өзгерістер жоғары жақтан бола ма, төмен жақтан бола ма маңызды емес. Әйтеуір түпкілікті нәтиже болса болды. Сондықтан үмітім бар. Нәтиже беруі мүмкін деп өзім ойлаймын. Өйткені осындай үлкен дүниемен құрылды. Бұған дейінгі құрылғандардан бір өзгешелігі бар. Бұл президент жанында тұрақты түрде жұмыс істейтін комиссия. Кеңес құру артықтық етпейді. Мемлекет басшысының өзінің жанында кеңесшілер ұстағанында ешқандай сөкеттік жоқ... Енді құрамына байланысты. Бұл жерде әттеген-айлар да бар және өзім жеке сенім білдіретін мықты азаматтар да бар. Қазір біз оппозициялық бағыттағы азаматтардың пікірін тыңдасақ, олар мысал үшін Мұхтар Тайжанды, Ерлан Сайровты билікке тым жақын болғандықтан сынайды. Ұлттық мүдде жолында билікпен бірлесіп жұмыс істей ме, билікке қарсы күресіп жасай ма, әйтеуір ұлттық мақсатта нақты іс жасайтын адамдардың барлығы мен үшін сыйлауға тұрарлық азаматтар. Осы тұрғыдан алып қарағанда Мұхтар Тайжан, Ерлан Сайров, Жәнібек Қожық, Айгүл Орынбек бұлар іс-әрекеттің адамдары. Сондықтан мен осы азаматтарға сенім артамын. Жалпы, негізгі құрамның жас буын өкілдері болғаны құптарлық дүние деп есептеймін. Бірақ Жамбыл Ахметбеков сияқты коммунистің, Бекболат Тілеухан сияқты нақты бір діни ағым өкілдерінің енуі дау тудыратын мәселе...»
Белла Орынбет: «Адал деген адамдардан мына жерде (Ұлттық сенім кеңесінде – ред) үш-төрт адам ғана. Оның ішінде адвокат Айгүл Омарова, режиссер Ермек Тұрсынов, Бақытжан Бұқарбай кішкене адекватты болуы мүмкін. Енді 20-40 адамның ішінде бұл тым аздық етеді ғой. Біріншіден, олар форумға келмей де қалуы мүмкін. Екіншіден, ол жерде шешім көпшілік дауыспен қабылданады. Оның үстіне шешуші дауыс төрағаның өзінде. Олар қоғамның арасында проблема бар екенін біліп отыр. Тіпті президенттің өзін лигитимді санамайтын адамдар көп қазір. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жанына қазір бүкіл медиа саласының адамдары келген. Елді өзгертетін емес, елдің өзгергенін көрсететін бір көріністі алып келетін адамдар. Бұл сол адамдардың ұсынысы бойынша Қосановтан кейінгі спектакльдің тағы бір жалғасы шығар. Халықтың ызасы, наразылығы барлығы бір Қосановқа кеткен еді. Енді Қосанов қана емес, одан да көп адамдарды шығарайын деп тұр. Бір жағынан дискридитация жасайын деген ғой. Міне мынау биліктің сойылын соғатын сендердің ел ішіндегі белсенді адамдарыңның кеңесі. Сондықтан бізден басқа ешкім жоқ дегенді келтіріп тұрған шығар. Бұл кеңеске кірген адамдардың кішкене қателігі болды. Бұл билікпен ондай платформада диалог жасамауы керек еді. Егер олар өзгеріс жасауды қаласа, оны кеңессіз ақ жасауға болатын еді. Кеңестің өзі жылына үш ақ рет жиналады. Ол ережесінде жазылған. Сосын функциясын қараңыз, ол жерде кеңестің үш функциясы бар дейді. Бірінші, ол біздің бағдарламаларға, заңнамаларға анализ жасап соларды саралау. Екінші, халықтың проблемасын билікке жеткізу. Енді оның ішіндегі мүшелерін көріп тұрсыздар, олар халықтың проблемасын қаншалықты біледі? Олар соңғы рет несие қашан төледі? Қоғамдық көлікпен соңғы рет қашан жүрді? Қарапайым тілмен айтқанда олар халықтың қалай тұратынын, не жейтінін білмейді. Үшіншіден, ол халықпен диалог орнату. Былай қарап тұрсаңыз, бұл тура сол парламенттің функциясы ғой. Халықтың мұң-мұқтажын жоғары жаққа жеткізу, заңнамаларды талдау дәл сол парламент депутаттарының функциясы. Онда бізге не керегі бар қоғамдық кеңес пен парламентті асырап. Біреуін босатсын онда. Принціпсіз адамдар оның ішінде. Парламентте жүргенде Бекболат ағанының өзін қарасаңыз, тура бір екі апта бұрын айтып жүрген «қайбір өркениетті елде митингке шығады жұрттар» деп. Бір аптадан кейін сол митингіге өзі шықты. Иә, халық пен билік арасында диалог қажет. Бірақ ол диалогқа өздері шығуы керек. Көп балалы аналар шыққанда оларды кабинеттерге сүйремей қажетін беруі керек болатын. Біліп отыр ғой оларда. Мүмкін бере алмай отыр. Біздің аналар ақпанда шықты. Ақпаннан бері бір проблемасын шешті ме? Сол баяғы 21 мың теңге. Оның өзін ырың-жырың қылып, жемқорлықтың тағы бір көзіне айналдырып отыр».
Мәди Манатбек: «Кеңес енді құрылды. Құрамындағы адамдардың тізімді енді көрдік. Әрине сенетін адамдар бар. Бірақ олар тым аз. Дауыстық басымдыққа ие бола алмайтынын көріп отырмыз. Бірақ кеңес енді құрылғандықтан оның аяқ алысын көрейік. Өйткені бәрібір жақсылықтың нышаны, ізгіліктің белгісі. Әріқарайғысын кейін таразылай береміз».