Өзге елдерде өзбек, қытай, неміс, орыс деген секілді ха­лықтың атымен аталатын ауылдар бар ма?..

Ал бізде бар екен.

Таяуда Алматыдан Жамбыл облысына барар жолда аты абажадай тақтайға жазылып тұрған «Қазақ» ауылы кәдімгідей көңілімізді аударды.
Кез келген атау, әрине, ел жа­дында қалса деген ниетпен қойылады. Астанада 2007 жылға дейін «Қазақ көшесі» деген көше болғаны да бәрі­міздің есімізде. Ол сонау бодан жылдарымыздағы ертеңге деген елең-алаңның бір белгісіндей болған. Ал Жамбыл облысындағы Қазақ ауылы Қырғызстанмен шекаралас ауданда орналасқан екен. Соған қарап, ел басына күн туған аласапыран заманда ылғи қазақ бір жерге қоныстанып, елді мекен сол халықтың атымен аталып кеткен деген болжам жасауға болады.

Хош. Жетпіс жыл отар болған Қазақстан үшін Қазақ деген сөздің көше атауы болып берілуі де, тұтас ауылдың Қазақ аталуы да аздап іштегі мұңды қозғап қоятыны болмаса, қисыны бар нәрсе. Тарих үшін.

Ал, сіз қазақ деген сөзді ата­тегім деп құжатына жаздырып алғандарды көріп пе едіңіз? Түркістан шаһарындағы Қ.А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінде білім алған Мұхамед Қазақ деген азаматты мен көргем. Мұхаммед Қазақ Иорданияда туған. Қазір Түркияда тұрады. «Сіздердегі қалыптасқан дәстүрге салсам, менің тегім Мұхамед Салихұлы Ораз болар еді, – дейді Мұхамед. – Бірақ, мен Иорданияда туғам ғой. Ол жақта мыңдаған қазақ отбасы бар. Аталарымыз ертеректе тағдырдың айдауымен сол елді паналап барып, қалып қойған. Бірақ, келе-келе ұрпағымыз жергілікті халыққа сіңісіп, шыққан тегін ұмытып кете ме деп қауіптеніпті. Сөйтіп, үлкен кісілер балаларын құжатқа «Қазақ» деген ататекпен жаздыруға көшкен».

Mehmet Kazak. Фото: фейсбук парақшасынан алынды.

Мұхамедтің айтуынша, Иорданияда мұндай текпен жүргендер көптеп кездеседі екен. Қазақ сөзін құжатына жаздырғандар Түркияда, Иранда, Түркіменстанда, тағы басқа елдерде де бар. Иорданиялық қазақ бауырымыз айтқандай, мұндай ататек барлық Қазаққа өзінің шыққан тегін, ұлтын, түп-тамырын, қысқасы, өзінің кім екенін ұмытып қалмасын деген оймен қойылған екен.

Мұхамед Қазақпен әңгіме­лескенімізде, ол алдағы уақытта да өз ұрпағын Қазақ деп жаздыра беретінін айтып жатыр.

Біздің түсінгеніміз, шетте туған шерменде қазақ баласы үшін бұл – үлкен мұрат.

Ал біз үшін ше?..

«Қазақ» сөзі Қазақстанда жойылып кетеді деген қауіп бар ма?

Қиырдағы қазақтар «Қазақ» сөзін қастерлеп, сойым деп, құжатына жаздырса да, жарасады. Ал Қазақстанда Қазақ ауылы болғаны ойға оғаштау емес пе?..

Жас ұрпақтың еңсесін тіктер жаңа атауды тарихымыздың алтын дәуірлерінен іздесек қайырлырақ болар ма еді? Қалай ойлайсыз?

Нәзира Байырбек

«The Qazaq Times»