Алатау мен Қаратау қауышқан жерде Түлкібас деген табиғаты керемет аудан жатыр. Талас Алатауының флорасы мен фаунасын қорғайтын Ақсу-Жабағылы табиғи қорығы мен Боралдай тауларын сақтаған Сайрам-Өгем ұлттық паркі бар Түлкібастан - Арыс өзені бастау алады. Тау бұлақтарынан шығатын Құлан, Балықты, Көкбұлақ және Машат деген өзендерімен қоса көптеген арықтар осы Арыс өзеніне құяды. Таулардың арасы болғандықтан қырлар мен төбелері көп жерден кезінде Ұлы Жібек жолындағы керуендер тоқтамай өтпейтін болған. Табиғатының сұлулығын мақтан тұтатын тұрғындары Қазақстанымыздың Швейцариясында тұрамыз дейтіні бар.

Бірақ осындай сулы да нулы жерде мал жайылымының жетіспеушілігі сырт көзге түсініксіздеу көрінері сөзсіз. Кезінде жайылым жерлердің  бей-берекет таратылғандығы қазіргі таңда ауыл халқының ең өзекті мәселесіне айналғанын білеміз. Бұл мәселе Түлкібастықтарды айналып өте қоймады әрине. Көктем шыққалы жайылым мәселесін шеше алмаған кейбір ауылдарда мал осы күнге дейін қора айналасында арқандалып тұр.

Ауыл тұрғындарының барлығында дерлік мал бар. Кемінде бір сиырды асырау бір үйдің сүт-айранын шығарады. Ауданымызда жылқы мен қой саны да артуда. Көптеген жанұялар өз табысын мал ұстап, сол малдың өнімінен табады. Былтырғы құрғақшылықта мал азығы, атап айтқанда шөптің бағасының 4-5 есеге шарықтап кетуі біраз шаруаны титықтатып тастады. Шөп бағасының өсуі – ортақ жайылымдырдың қысқаруына үлкен бір себеп болды. Жерлерін ауылдың «ортақ» жайылымына қосқан шаруалар биыл сол жерлерінен шөп орып алуды көздеп, халыққа мал жаюға рұқсат бермей отыр.

Ең өкініштісі және әділетсіздігі сол, кезінде «қолы жетіп», жер алып қалған кейбір шаруа қожалықтарының малы жоқ. Ал малы бар халықтың жайылымы жоқ. Жайылым жер мәселесін шешу бағытында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауында «Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды» делінген еді. Бірақ қазіргі таңда жайылым жерлердің мәселесінің шешіліп жатқаны шамалы.

Түлкібас ауданы әкімдігі наурыз айында «2022 жылы меморандум арқылы мал жаюға 23000 гектар жайылымдық жер телімі жоспарланып, мамандардың ортақ жұмысының нәтижесінде 17890 гектар жайылымдық жер телімдерімен мемарандум түзілді» деп жариялады әлеуметтік парақшасында. Ия, кейбір шаруалар өз жайылымдық жерлерін ортақ қолданысқа беруге келісімін беруде. Дегенмен, ол мәселені шеше қоймады. Себебі аталған жерлердің біразына ауылдың малы егіс алқаптарынан өте алмауына байланысты жете алмаса, біразы тастақ қырлардың басында орналасқан, кейбірі тіптен мал жаюға қолайсыз жерлер.

Шаруаға не істемек керек? Малды қайда жаямыз? Осылай жалғаса берсе не болады? Ауыл халқы үдере қалаға көшеміз бе? Ет пен сүтті басқа елдерден аламыз ба болашақта? Кең байтақ елімізде жайылым жоқ па? Халықта сұрақ көп.

Биыл жаңадан жасақталған Түлкібас ауданының Қоғамдық кеңесі мүшелігіне өткен 17 азаматтың арасында нағыз ел жанашырлары мен белсенді азаматтар бар. Сәуір айында қаралатын ең басты мәселенің бірі жайылым мәселесі. Қазіргі таңда қоғамдық кеңес мүшелері ауылдарды аралап, халықпен аталған жайылым мәселесін талқылауда. Аудан халқына пайдасы тиетін ұсыныстар мен шешім жолдарын тауып қоғамдық кеңес мүшелері жергілікті басқару органдарына жеткізеді деген үміт бар

Түркістан облысы

Егенбердиев Рустем Бейбітұлы