Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыздағы жолдауында Қазақстанда үш бірдей жаңа облыс құруды ұсынды. Қазіргі Орталық Қазақстан облысын екіге бөле отырып, орталығы Жезқазған қаласы болатын Ұлытау облысын; Шығыс Қазақстан облысын екіге бөле отырып, орталығы Семей қаласы болған Абай облысын және қазіргі Алматы облысын екіге бөле отырып орталығы Талдықорған облысы болатын Жетісу мен Қапшағайды орталық еткен Алматы облысын құру туралы ұсыныс тастады. Президент халыққа жолдауында айтылған ұсыныс былайғы уақытта, былайғы жұрттың аузынан айтылатын көбедей көп және ескерусіз ұсыныстардың бірі болып қалмайтыны анық. Демек, алдағы уақытта еліміздегі әкімшілік аймақтар саны үшеуге көбейеді және оларды құру жұмыстары қазірден басталып та кетті.
Президент жолдауынан кейін бұл тақырып қоғамда қызу талқыланды. Әйтсе де көпшілік аудиториядағы талқы «жаңа облыстардың басшыларына кімді қою» дегенге көбірек сайды да, президент ұсынысының дұрыс-бұрыстығына, қаншалықты пысықталған шешім екендігіне қатысты талқы жетерлік деңгейде болмады. Айталық, Абай, Ұлытау және Жетісу мен Алматы облыстарын құру ұсынысы нақты қандай қажеттіліктен немесе қандай стратегиялық мүдденің негізінде жасалды? Бұл қазіргі Қазақстанның даму мүддесі тұрғысынан соншалықты кезек күттірмейтін мәселе ме? Жаңа әкімшілік аймақтарды құруға тура келетіндей бұған дейінші әкімшілік бөліністердің нақты қандай кем-кетігі болды?
Жаңа облыстарды құру қажеттілігі бойынша президенттің уәждері жеткіліксіз
Жоғарыдағы сұрақтар бойынша Ақорда әлі де толық мәлімет беріп, түсіндіру жұмыстарын жасаған жоқ. Сондықтан да болар, қоғамда Тоқаевтың аталмыш ұсынысы нақты стратегиялық мүддені қанағаттандыру емес, елдегі қазіргі жағдайға байланысты әлеуметтік пікірді басқа арнаға бұруға бағытталған деген көзқарастар жиі айтылып жүр.
Жаңа облыстарды құру қажеттілігі жөнінде президент Тоқаевтың өз жолдауында айтқан уәждеріне назар аударып көрелік. Президент Абай облысын құру жөніндегі сөзінде: «Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз", – дейді. Бұдан ұққанымыздай, Абай облысын құруға өңір халқының тілегі, тозған инфрақұрылымды қамтыған өңірдегі шешілмеген түйткілдер және ұлылар дүниеге келген өлкені қайта жаңғырту мақсаты түрткі болған. Ал, Ұлытау облысын құру жөніндегі сөзінде: «Бұл аймақта дербес облыс құру экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек», – дейді.
Аталған екі облыс бойынша да президенттің өңір тұрғындарының қалауы мен рухани мәніне баса мән бергенін көруге болады. Ал, инфрақұрылымды дамыту, туристік әлеуетінен, өндірістік қуаты мен логистикалық мүмкіндігінен ұтымды пайдалану мәселелері дербес облыс құрусыз-ақ, бұрынғы әкімшілік бөлінісінде тұрып та жоғары деңгейдегі менеджменттік басқару, бюджетті бөлу мен игеруді жүйелі қадағалау арқылы да жүзеге асыруға болады. Әрине, Ұлытау, Семей өңірін дербес облысқа айналдырудың, халық саны тығыз және агломерация бойынша түйтілі терең Алматы облысын бөлудің ұзақ мерзімдік даму стратегиясы тұрғысынан қажеттілік екені түсінікті. Солай да, Алматы облысын бөлу бойынша ескерілмеген бірқатар мәселелердің бар екенін айта кету керек.
Алматы және Жетісу облыстарын бөлуде ескеретін мәселелер
Қазіргі Алматы облысын Алматы және Жетісу облыстарына бөлу бойынша президент: «Алматы облысының орталығына бару үшін халықтың босқа сабылуына тура келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын», – дейді халыққа жолдауында. Президент жолдауындағы «осы және басқада жайттар» қатарында халық санының тығыздық салыстырмасы, географиялық факторлардың да бар екені даусыз. Дегенмен, облыстарды бөлуде өңірдің демографиялық жағдайы да ескерілуі тиіс. Алматы облысын бөлу бойынша ескеруге тиіс факторларды төмендегіше көрсетуге болады.
Демография мәселесі
Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сай, қазіргі таңда Алматы облысындағы халық саны 2 миллионнан асады (2 млн 77 мың шамасында, 2021ж). Нақты шама бұдан көп екені сөзссіз. Облыс бойынша Еңбекшіқазақ (300 мың), Іле (210 мың), Қарасай (270мың) және Талғар (209 мың) төрт ауданның халық саны жалпы өңір тұрғындарының жартысына тең. Облыстарға бөлу кезінде әкімшілік аймақтардың демографиялық тепе-теңдігіне мән берудің аса маңыздылығы байқалады. Бұл болашақта бөлінген облыстардың өңірлік дамуына тікелей қатысты фактор саналады.
Облыс орталығы және географиялық орналасу мәселесі
Облыс орталығына бару үшін тұрғындардың босқа сабылуы дегенді президенттің өзі де айтқан екен, демек облыс орталықтары өзіне қарасты аудандардың географиялық орналасу ерекшеліктерін ескере отырып белгіленуі керек. Бұл тұрғыда Қапшағайдың облыс орталығы болуы тиімді деп айту қиын. Қапшағай Алматы мен Талдықорған ортасында орналасқандықтан әкімшілік бөліністе қиындықтар тудырады. Бұрынғы облыс орталығына алыс болған кейбір аудандар үшін Қапшағай да бұл мәселені шешіп бере алмайды. Қапшағай өзінің ойн-сауық орталығы және курерттық аймақ мүмкіндіктерінен пайдалана отырып дербес даму мүмкіндіктері мол қала. Ал, облыс орталығы ету арқылы дамытуға мүдделі бірқатар моноқалалар бар. Бұл қатарда Қапшағай қаласына Қонаев есімі берілуінің өзін де тағы бір мәрте пысықтауды қажет етеді.
Шекаралық аймақ мәселесі
Алматы облысы Қытайдың Шыңжаң аймағымен шекараласып жатқандығын және екі ел ортасындағы сауда-экономикалық қатынастарының қарқынын ескере отырып облысты бөлуде көңіл бөлетін тағы бірмұнша мәселелер бар. Айталық, мемлекет шын мәнінде ұзақ мерзімдік стратегиялық мүддені ескеретін болса, Алматы облысының орталығын Қапшағайдан көрі Алматы қаласы мен Қорғас шекара өткелінің ортасына қарай белгілегені оң. Бұл Қытай қарқынды дамтып келе жатқан Қорғас шекаралық қаласының аймаққа жасайтын экономикалық ықпалына қарсы тиімді қорғаныс жасау үшін маңызды.
Дәл бұл мәселе туралы Қытайдың Орталық Азиядағы экономикалық мүдделері мен ұзақ мерзімдік стратегиясы туралы зерттеп жүрген жас зерттеуші, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аймақтану кафедрасының докторанты Қанат Қахардың пікірін сұраған едік. Ол бұл жайында: «Қытай өзінің жаһандық ірі жобасы “Жібек жолы экономикалық белдеуін” яғни “Бір белдеу, бір жол” жобасын жүзеге асыру үшін Орта Азияға экономикалық ықпалын тереңдетуге тырысады. Ол үшін Орталық және Оңтүстік Азияға кіретін қақпа ретінде оңтүстікте Қашқар мен солтүстікте Қорғас қаласын бар күшпен дамытып жатыр. Егер осы қарқынды сақтайтын болса алдағы он жылда Қорғас қаласының халық саны қазіргіден бірнеше есе көбейіп, Орта Азиядағы ірі қалалардың қатарына қосылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде Алматы, Бішкек, тіпті Тәшкент секілді қалалардың экономикалық белсенділігіне өз әсерін жасайды. Айталық, осы қалалардағы кейбір бизнес түрлері Қорғасқа қарай ағылып, соған ілесе қаржы да солай ойысуы мүмкін», – деген пікірін айтады.
Осы тұрғыдан келгенде Қорғас пен Алматыны тұтастырған халықаралық маңызы бар сауда жолының бойындағы біршама экономикалық белсенділікке ие өңірді облыс орталығы етудің маңызы айқындала түседі. Оңірдің әкімшілік-саяси стаусын жоғарылату арқылы өзіміздің экономикалық қауіпсіздігімізбен ұзақ мерзімдік ұлттық стратегиялық мүддемізді қамтамасыз етуге де зор көмегін көре аламыз. Бұл қатарда сұранып тұрған 300 мыңнан астам халық саны бар Еңбекшіқазақ ауданы екені айтпаса да түсінікті. Соның өзінде қазіргі аудан орталығы Есік (халық саны 33 мың адам шамасында) қаласынан көрі сауда дәлізінің бойында жатқан, белсенді экономикалық тынысқа ие Шелекті таңдауға болады.
Өзге де түйткілдер
Облыстарды бөлу кезінде Алматы облысында үнемі сезімтал тақырып болып келген Ұйғыр ауданы мәселесін де түбегейлі шешуде маңызды. Облыс көлемінде мемлекетті құраушы ұлттың үлесі 50 пайызға жетпейтін бірден бір ауданда болашақ ұлтаралық жанжалдардың алдын алу үшін аудан атын өзгертуден көрі көршілес Панфилов, Кеген немесе Еңбекшіқазақ аудандарымен біріктіруді қаперге алса құба-құп.
Қазіргі таңда еліміздің ішкі-сыртқы аса маңызды проблемаларға дөп келіп отырғаны белгілі. Билік тарабы осындай кезеңде жаңа әкімшілік аймақтарды құру міндетін өзіне жүктеген екен, онда осы және өзге де ұзақ мерзімдік ұлттық мүддеге саятын, экономикалық дамуға сеп беріп, елдің әлеуметтік жағдайна серпіліс беретін мәселелерді қаперіне алуға тиіс.
Алтынай Мұрат
Алматы облысы, Текелі қаласы