Әлем бойынша коронавирустың қауіпті «Дельта» штамы 98 елде анықталып, антирекорд орнады. Алғаш рет Үндістанда тіркелген «дельта» қазір доминант нұсқаға айналған. Ол вирустың бастапқы вариантына қарағанда едәуір жұқпалы және оның өлім қаупі жоғарырақ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мемлекеттердегі экономикалық ахуалды оңалту үшін, әрі пандемияны жеңу үшін вакцинация науқанын мықтап қолға алу керек дейді. ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус: «Біз COVID-19 пандемиясының ең қауіпті кезеңінде тұрмыз. «Дельта» штамы өте тез тарап барады. Тіркелген жаңа науқастардың басым бөлігі вирустың осы түріне шалдыққандар. Дертті түбегейлі жеңу үшін әр мемлекетте келер жылға дейін халықтың 70%-ы екпе алуы керек», – дейді.
Германияда алдағы айларда вакциналау қарқыны үдетіледі. Мұнда ересек азаматтардың үштен екі бөлігі ковидке қарсы екпе салдырған. Бұл – үкімет жоспарлаған көрсеткіштен де артық.
Қазірдің өзінде ауру жұқтырудың тең жартысы қауіпті мутацияның үлесіне тиіп тұр. Мәліметтер бойынша, Германияда ауруды жұқтыру саны алдымен азайып, кейін тәуілігіне 27 мыңға дейін жеткен.
Германияның денсаулық сақтау министрі Йенс Шпан: «Көп ұзамай, болжам бойынша, Германияда «Дельта» штамы өршиді. Осы айдың соңында 70-80%-ға жетуі мүмкін. Дельта вирустың өзге түріне қарағанда тез жұғатын штамм екені белгілі. Біз халық алдындағы уәдемізді орындап, еліміздің әр тұрғынына жаздың аяғына дейін екпе салдыруға мүмкіндік береміз», – деді.
Португалияда «Дельта» штамының тым тез таралуына байланысты елдің бірқатар аймағында коменданттық сағат енгізілді. Енді тұрғындар түнгі 11-ден таңғы 5-ке дейін көшеге шыға алмайды. Ал кафе-мейрамханалар жұмыс уақытын қысқартады. Тәртіптің сақталуын полицейлер қадағалайды.
АҚШ-тың Окленд қаласында зообақ хайуанаттарына вакцина салына бастады. Жануарларға «Зоэтис» компаниясы әзірлеген эксперименталды препарат егіліп жатыр. Аталған вакцинаны Американың ауыл шаруашылығы министрлігі және штат ветеринарлары мақұлдаған. Осы уақытқа дейін оның 11 мыңнан астам дозасы өндірілген.
Аустралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында коронавирус жұқтыру бойынша тәуліктік рекорд тіркелді. Індеттің алдын алу мақсатында штат астанасы Сиднейде екі апталық локдаун жарияланды. Себебі өңірде «Дельта» штамын жұқтыру дерегі арта бастаған.
Бүгінге дейін Аустралия халқының тек 8%-ы ғана вакцина салдырған. Қазір жергілікті тұрғындар қауіпті инфекцияға қарсы екпе салдыру үшін вакциналау орталықтарына ағылып жатыр.
Ресейдегі ахуал да мәз емес. Елде бір тәулікте 24 мыңнан астам адам инфекцияға шалдығып, 697-сі көз жұмды. Антирекорд бірнеше күн қатарынан тіркелді. Науқастардың көбі Мәскеу мен Санкт-Петербургте анықталған. Енді Мәскеуде жаңа талап бойынша респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандардың барлығы ПТР тест нәтижесі шықпайынша оқшауланады. Елде екпе егу науқаны да қарқын алды. Аптап ыстыққа қарамастан халық жаппай вакцина қабылдау үшін ұзын-сонар кезекте тұр.
«Дельта» штамы өршіп тұрған Үндістанда соңғы екі айдың ішінде 200 мың адам коронавирустан қайтыс болды. Осылайша, ауру құрбандарының жалпы саны 400 мыңға жетті. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша соңғы бір күннің ішінде 853 адам көз жұмып, 46 мыңы инфекция жұқтырған. Жергілікті билік қыркүйекте індеттің жаңа толқыны басталады деген болжам жасады.
Қазақстанда маусымның ортасынан бері індеттің тарауы қайта күшейді. Ел билігі мұны «дельта» вариантының таралуымен түсіндіреді.
Қазақстанның эпидемиялық картасында «қызыл аймақта» санаулы апта бұрын тек астана ғана болса, қазір тізімге Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстары да енген.