Қазақстанда тағы мыңға таяу адамға коронавирус пен оған ұқсас пневмония диагнозы қойылды. Ауырғандардың жалпы есебі 1 млн 39 мыңға жеткен. Қараша айының бірінші жартысында 19,5 мың адам ауырып, 374 адам қайтыс болды.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 15 қараша коронавирус (КВИ+) жұққан 931 адам, ал 14-і коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 21 адам тіркелді. Сондай-ақ, жексенбіде 18 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Былтыр дәл осы уақытта ресми статистикада тәулігіне көп дегенде 700-ге дейін науқас және 7-8 өлім жағдайы тіркелетін, стационар мен амбулаториядағы сырқаттар саны 9 мыңға тарта еді. Қазір бұл көрсеткіш еселеп өсіп отыр, бүгінде елде 34 мың адам (КВИ+ бойынша 29 мың, КВИ- бойынша 5 мыңдай) ауырып жатыр.
#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар саны тағы көбейді. Олардың негізгі бөлігі немесе 14%-ы әдеттегідей СҚО (129), 13%-ы Павлодар (120) облысына және 12%-ы Алматы (114) қаласына тиесілі. Аурушаңдық Алматы облысы (72), Атырау (19), Шымкент (18), Түркістанда (16) біршама артса, Қостанай (79), астана (110), Қарағанды (105), Ақмола (67), ШҚО (42), Ақтөбе (14), Жамбыл (9), Қызылорда (7), БҚО (7), Маңғыстау (3) өңірлерінде біршама кеміген. Дүйсенбіде аурудан айыққан 1503 адам үйіне шығарылған. 14 қарашада жиыны 16 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы механикалық әдіспен есепке алынатындықтан, демалыс күндері медстатистика жүйесі толық қамтылмайды. Салдарынан кейстер қатары сенбі және жексенбі, мереке күндері әдеттегіден айтарлықтай аз тіркеледі. Қарашаның 14-і ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 21 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, бұл күні Маңғыстау (11), Шымкент (5), Алматы қаласы (2), Түркістанда (2) анықталған. Сонымен қоса, 38 адам айығып шыққан, тағы 2 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 34 мың науқастың 6,5 мыңы ауруханада, 27 мыңы амбулаторлық бақылауда. 505 науқастың жағдайы нашар, ондағы 128 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 88 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Түркістан, Маңғыстау, Алматы қаласы, Шымкент, БҚО, ШҚО, Алматы облысы, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан басқа астана, Атырау, Қостанай, Қарағанды және Ақмола облысы «сары аймаққа» өткен. Басқа екі аймақ (Павлодар, СҚО) әлі де «қызыл аймақта» тұр.
ДенМиннің QT редакциясына берген мәліметінше, індет тараған 2020-2021 жылдары ПТР тесті оң көрсеткен 1407 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық, үндістандық және нигериялық штамдары анықталған.
Биылғы жаз мезгілі қазақстандықтар үшін қаралы хабарға толы болды. Пандемия басталғалы 1,5 жылдың ішінде анықталған барлық аурушаңдық пен өлім жағдайының жартысы тек өткен жазда, төртінші толқында тіркелді. Жазғы үш айда бас-аяғы 420 мың адам ауырса, 6,6 мыңнан аса адам көз жұмды. Қыркүйек айының өзінде 99 мыңдай науқас есепке алынған және 2117 адам қайтыс болған. Ал қазан айында 57 мың ауру және 1078 өлім жағдайы тіркелген. Қараша айы басталғалы 19,5 мың сырқат тіркелді, дерт меңдеген 374 адам өмірден өткен.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 958 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 81 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 1 млн 39 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемияның бас-аяғы 21 айда жалпы вирус жұққандардан 21,2 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 12 450, КВИ- / U07.2 – 5099, ілеспе аурулардан – 3685) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 37-орынға орнықты.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 7,8 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 8,5 млн-нан асады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 22 қарашадан бастап вакцина алғанына жарты жыл өткендер үшін ревакциянация науқаны жүргізілетінін мәлімдеген.