«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті. Кандидаттар бекітіліп, 10 қаңтарда болатын Парламенттік сайлауға қызу дайындық басталған. Съезде азаматтық қоғамның талқысына түскен екі жаңалық бар. Бірі – Праймеризге қатыспаса да, тізімге енген Дариға Назарбаева. Ал екіншісі – 30 жылға жуық тапжылмай билік еткен экс-президент Назарбаевтың Қазақстандағы сайлаулардың әділетті өтетініне күмән келтіретін Американы сынға алып, демократия тақырыбына тоқталуы.
Қазақстанның демократия жолында екенін баса айтқан бірінші президент АҚШ-та өткен сайлауға жеке тоқталды. Бұған дейін ширек ғасыр билік еткен Беларусь президенті Александр Лукашенко да Америкадағы президент сайлауын сынға алған. Осы ретте «демократия посткеңестік елдердің басшыларына ортақ түсінік пе?» деген риторикалық сауалдың туындауы заңды.
Тәуелсіздік алған уақыттан бері билік еткен Назарбаев: «Біз үшін демократия – жолдың соңы емес, басы. Біз сол жаққа бара жатырмыз. Қазір АҚШ-та сайлауға ЕҚЫҰ өкілдерін мүлде қатыстырмады, демократтар республикашылдардың бақылаушыларын жолатпады, т.с.с. Ірі мемлекетті сынау үшін айтқаным емес, бірақ бізді сынап жүріп, неге өз жерінде осындай тәртіпсіздіктер болды? Екіжақты стандарт та бар. Бір ай бойы Беларусьті «төмпештеді», дәл сол кезде осындай жағдай Болгарияда да болды, бірақ, неге екені белгісіз, ол жайлы естіген жоқпыз», – дейді.
Тұңғыш президент 2018 жылы сәуірде де демократия туралы мәлімдеме жасаған. Мәлімдемесінде ол: «Әркім өз тағдырына өзі жауапты. Мен тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап елдің жүгін арқалап келе жатқан адаммын. Қанша рет батыстан келіп, «біздегі сияқты демократия қылыңдар» деп айтады. Демократия жолына бір күнде емес, көп жылдан кейін түскен батыс елдерінің бізге жөн сілтейтін реті жоқ. Біз қазақпыз, біз америкалық, неміс, ағылшын емеспіз. Біздің өзіміздің тарихымыз, тіліміз, дініміз, дәстүріміз бар. Біз бүкіл әлем секілді демократия жолымен келе жатқан халықпыз», – деген.
«Нұр Отанның» бүгінгі съезінде Парламенттік сайлаудың күрделі кезеңге тап келгенін айтқан Назарбаев: «Басқа партиялар да бар, әлі де болар. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ, қоғам солай, уақыт солай. Алайда, сол партиялардың бәрі нақты ұсыныс жасап, елге жақсылық жасаса екен дейміз. Тек қана сынап, көшеге шығып, айғайлап, одан не шығады? Қанша айғайласа да, көшеге шықса да, түбінде, жаңағы көп балалы аналар, жағдайы жоқ кісілер кімге келеді? Үкіметке келеді. Бәрін шешетін мемлекет, үкімет», – дейді.
Сонымен қатар, экс-президент «аз уақыт ішінде мемлекет құрғанын» да айтып қалды. «Іс жүзіне келер болсақ, оның артында қаншама атқарған іс, жұмыс, қаншама қиыншылық пен тартыс жатыр. Тек Ресеймен 7 500 шақырым шекараның әр шақырымын шегендеу, әр ауыл төңірегінен өту өте қиын. Мысалы, Өзбекстанмен шекараны шегендеген кезде бір үйдің бір бөлмесі Қазақстанда, бір бөлмесі Өзбекстанда қала жаздаған да жағдай болды. Соның бәрін шешуге тура келді. Шекарамыз 14 мың шақырым болса, соның бәрін тұңғыш рет шегендеп қол қойып, БҰҰ-ға тапсырдық. Шекарасы жоқ ел мемлекет емес. Шекарасыз ел болмайды», – деді ол.
Жиында екінші президент Қасым-Жомарт Тоқаев та мәлімдеме жасап, алда келе жатқан сайлау науқанының әділ өтетініне сөз берді. Бұл жөнінде Тоқаев: «Мен Мемлекет басшысы ретінде мұны жіті қадағалаймын. Осыған орай Орталық сайлау комиссиясына және Бас прокуратураға нақты тапсырма бердім. Барша сайлаушыларды азаматтық белсенділік танытып, сайлауға қатысуға шақырамын. Еліміздің игілігі және мемлекетіміздің мүддесі жолында табысқа бірге жете берейік. Отанымыз мәңгі жасасын! Халқымыз әрқашанда аман болсын!», – деді.
...Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңген. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларын ғана емес, Парламент сайлауларын да халықаралық стандартқа сәйкес өтті деп таныған емес.
Н.Назарбаев былтыр 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялаған. Ол мәлімдемесінде сайлау өткенше сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтты. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, қызметіне кірісті. Ал сенат спикері болып Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева тағайындалды. Назарбаев президенттіктен кетсе де, «Ұлт көшбасшысы – елбасы» мәртебесін сақтап қалды. Сонымен қатар елдің ішкі, сыртқы саясатына ықпал ететін конституциялық орган Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, парламенттегі басым орынға ие «Нұр Отан» партиясының төрағасы болып қалды.
Қазақстанның және шетелдің құқық қорғаушылары елде азаматтардың саяси құқықтары көп шектелетінін, партиялық жүйесі демократия ережелеріне сай емесін айтып жиі сынайды. Саяси оппозиция өкілдері парламентте бірде-бір шынайы оппозициялық саяси күш жоқ деп санайды және шынайы оппозициялық партиялардың ресми тіркеуден өте алмай отырғанын айтады.
Съезд өтті, сонымен...
Партиялық тізім 126 кандидаттан тұрады. Олардың ішінде 77 кандидат партияішілік праймериз қорытындысы, ал 49 адам орталық партиялық квота бойынша анықталды. Кандидаттардың жалпы тізімінде Парламент Мәжілісінің қызметтегі депутаттары 20%-тен аспайды, мемлекеттік басқару саласының өкілдері – 13%;
білім және денсаулық сақтау саласы – 12%;
үкіметтік емес ұйымдар – 9%;
өнеркәсіп – 8% болды.
Сондай-ақ, экономистер – 28%, заңгерлер – 20%, кәсіпкерлер – 17%. Ал 21 үміткердің ғылыми дәрежесі бар, оның ішінде 10-ы – ғылым докторы, 11-і – ғылым кандидаты.
Тізімнің үштен бірі – әйелдер. Кандидаттардың орташа жасы бұрынғы партиялық тізімдермен салыстырғанда 4 жылға төмендеп, 48 жас болды. Кандидаттардың қатарында Дариға Назарбаева, Үкімет басшысы Асқар Мамин, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқармасының төрағасы Ахметжан Есім, мәжілістің қазіргі спикері Нұрлан Нығматуллин бар.
Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі болуға партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің кандидатурасы ұсынылды.