Astana LRT операторы «City Transportation Systems» ЖШС компаниясы жалпы құны 1 миллиард долларлық облигация шығаруға және сатуға тендер жариялады. Оны АҚ «Halyk Global Markets» компаниясы жеңіп алды.
Мемлекеттік сатып алулар порталында жарияланған мәлімет бойынша, тамыздың 3-і күні Astana LRT операторы «City Transportation Systems» ЖШС «Halyk Global Markets» АҚ компаниясымен құнды қағаздар нарығына облигация шығаруға байланысты 537,3 миллион теңгеге келісімшартқа отырған. Келісім тікелей бір көзден сатып алу арқылы жүзеге асырылған. Келісімге сәйкес, «Halyk Global Markets» АҚ компаниясы 2021 жылдың соңына дейін Қаржы министрлігінің кепілдігімен жалпы құны 1 млрд теңге болатын облигацияны құнды қағаз нарығына шығаруы тиіс.
"HALYK GLOBAL MARKETS" КІМГЕ ТИЕСІЛІ?
«Halyk Global Markets» АҚ «Халық Банк Қазақстан» АҚ-ның еншілес компаниясы. Ал өз кезегінде «Халық Банк» экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевқа тиесілі. Брокерлік қызмет түрлерімен айналысатын «Halyk Global Markets» АҚ 1997 жылы тіркелген.
"ДЕНТОС ҚАЗАҚСТАН" ЖШС 198 МИЛЛИОННЫҢ ТЕНДЕРІН НЕ ҮШІН АЛДЫ?
2 тамызда «City Transportation Systems» ЖШС «Дентос Қазақстан» ЖШС компаниясымен 198 миллион теңгелік келісімшартқа отырған. Келісімшарт бойынша, «Дентос Қазақстан» келісімге қол қойылған уақыттан бастап 13 апта ішінде «City Transportation Systems» ЖШС компаниясына облигацияларды Лондон немесе Ирландия қор биржасына және Халықаралық Астана қаржы орталығына шығаруда құқықтық кеңес беруі қажет. Бұл мемлекеттік сатып алу да тікелей бір көзден сатып алу арқылы өткен. Uchet.kz сервисіндегі деректерге қарағанда, «Дентос Қазақстан» ЖШС 1994 жылы тіркелген. Адвокаттық қызмет түрлерін ұсынады. Бір қызығы uchet.kz-те компания мемлекеттік сатып алуларға қатыспайды деп көрсетілген.
«City Transportation Systems» ЖШС Astana LRT-ны аяқтау үшін даулы нысанға 1 млрд доллар инвестиция тарту үшін келісімшарт жасап қана қоймай, құрылыстың қайта жандануының құрметіне БАҚ өкілдерін шақырып, қой сойып, құрбандық шалып, имамға дұға тілеткен. Бірақ ел арасында «жемқорлық символы» атанып кеткен даулы нысанға инвестиция тарту мәселесі осымен шешіле ме?
Ашық дереккөздерде жарияланған мәліметке сәйкес, мемлекет LRT құрылысына 252 млрд теңге қаржы жұмсаған. 2019 жылы LRT шығыны - 78 млрд, борышкерлер алдындағы қарызы - 185 млрд теңге болған. 2020 жылы бұл көрсеткіш бірнеше миллионға өсіп, шығындар – 105 млрд, борышкерлер қарызы – 206 млрд теңгеге жеткен. 2020 жылы бюджетті пайдалануды бақылау бойынша есеп комитеті үкімет пен елорда әкімдігін Astana LRT құрылысын аяқтау қаншалықты тиімді екендігін егжей-тегжейлі қарауға кеңес берген. Ведомства құрылыс жалғасқан жағдайда оның шығыны көп болатынын және алдағы уақытта нысан пайдалануға берілген күннің өзінде өз-өзін ақтамайтынын ескерткен.
Даулы нысанға инвесторлар осының барлығына қарамастан қаржы сала ма, жоқ па белгісіз. Бірақ дәл қазіргі жағдайда инвестор тартудың бірден бір жолы құнды қағаздар бойынша жоғары пайыздық мөлшерлеме ұсыну. Алдағы уақытта пайыздық мөлшерлеме қанша екенін және даулы нысанға қаржы салуға кімдердің келіскенін білетін боламыз. «The Qazaq Times» редакциясы бұл мәселені алдағы уақытта да назарда ұстайтын болады.
Astana LRT төңірегінде жемқорлық дауына қатысты сот процесі 2021 жылдың 28 мамырында аяқталған. 5,8 млрд теңге қаржы жымқырды деп айыпталған 7 айыпталушының жетеуі де кінәлі деп танылып, 7 жылдан 10 жылға дейін сотталған.
Контент АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен "MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы" аясында дайындалды. (Ұжымның аты) ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.