Осыдан тура бір жыл бұрын, 12 маусымда Қазақстанның екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаев басшылық қызметіне кірісті. Халық дауысының 70,96%-ын иеленгенмен, кезектен тыс президент сайлауы халықаралық ұйымдар тарапынан «әдеттегідей әділетсіз сайлау» деп бағаланды. Билік басындағы бір жылда Тоқаев «еститін мемлекет» концепциясын жүзеге асыра алды ма? 30 жылға жуық ел басқарып, саяси аренада ықпалын сақтап қалған экс-президент Назарбаевтан ішкі саясаттағы дербестігін қаншалықты дәлелдеді? Билік транзитінің ықтимал сценарийі мен Тоқаев басқаруындағы Қазақстанға шолу жасап көрелік.

«Қос билік» – қос инаугурация

Былтыр Қазақстан билігі Сенат басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына өтіп, 20 наурызда ресми түрде ант берілді. Үш ай ішінде жаңа президент екі мәрте инаугурация өткізді: сайлауға дейін және сайлаудан кейін. Ант беру кезінде «аса құрметті елбасы» деп сөз бастаған Тоқаев билік нышандарын (штандарт және төсбелгі) таққан жоқ, залдағы қатысушыларға жай ғана көрсетті. 12 маусымда өткен екінші инаугурация кезінде де осы жайт қайталанды. Бұған дейін 30 жылға жуық билік еткен Нұрсұлтан Назарбаев әрбір ант беру кезінде мемлекет басшысының төсбелгісін кеудесінен тастаған емес.

Қызметке кіріскен күні-ақ президент елдің саяси және экономикалық реформаларға мұқтаж екенін айтты. Сыртқы саясатта Тоқаев Назарбаев құрған бағытты жалғастыруға, Қытай және Ресеймен стратегиялық серіктестікті нығайтуға уәде берді. Әйткенмен, экс-президент Назарбаев «Нұр Отан» партиясының және Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің басшысы ретінде саяси сахнада басты рөлін сақтап келе жатқандықтан, «Қазақстанда қос билік феномені (Ақорда – Кітапхана) іс жүзінде орындалып келеді» деген пікірлер, қос биліктен туындайтын шиеленістер жазылып та, айтылып та жүр.

Президент инаугурациясы. 12.06.2019 жыл. Фото: informburo.kz

Астана атауын өзгерту

Тоқаевтың ең көп талқыланып, қатаң сынға ұшыраған шешімдерінің бірі – астана атауының Нұр-Сұлтан боп өзгеруі. «Нұрсұлтан Назарбаевтың елеулі еңбегін ескере отырып, Тұңғыш президенттің атын ұлықтап, мәңгі есте қалдыру қажет» – деген Тоқаев 20 наурызда ел астанасына экс-президенттің атын беру туралы Жарлыққа қол қойды.

Екінші басшының қала атауын өзгерту туралы ұсынысы Конституция бойынша республикалық референдумда қаралуы керек еді. Бірақ Тоқаев ұсынысты референдумға шығармай, парламент қарауына жіберу туралы шешім қабылдады. Мұны Конституциялық кеңес еш қарсылықсыз құптады, Парламент заңдастырды.

Тоқаевтың тосын шешімінен кейін тұтас қазақстандық көзқарас екіге бөлінген: мемлекеттік БАҚ қала атауының өзгеруін «тарихи шешімге» балап, бірнеше қалада Нұр-Сұлтан атауын қолдау мақсатында концерттер өтті. Ал ірі қалаларда президент шешіміне қарсы жүздеген адам наразылыққа шығып, ондаған адамды полиция күшпен ұстады. Митинг пен пикетке шыққандар «Нұр-Cұлтан – менің астанам емес» деп ұрандады. Елорда тұрғындары әлеуметтік желілерде #БіздіңастанамызАстана хэштегімен флэшмоб өткізді.

Орынсыз портреттер

2019 жылдың сәуірінде бірінші инаугурациядан кейін Ақтауда Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеленген билбордтар ілінді. Кейіннен «жағымпаздықты жаны сүймейтін» Тоқаев өзі бейнеленген сурет пен билборд ілудің орынсыз екенін айтты. Керісінше, «Тұңғыш президенттің елеулі еңбегін ескеріп, атын ұлықтап, мәңгі есте қалдыру қажет» деп шегеледі. Назарбаевтың барлық портреттері мемлекеттік мекемелерде қалатынын айтып, экс-президентке деген құрметінің шексіз екенін тағы бір мәрте аңғартқандай болды...

Президент бейнеленген билборд. Фото: almaty.tv

«Еститін мемлекет» және онлайн-шенеунік

Былтыр күзде мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын таныстырған. Бұл арқылы ол қоғаммен диалог құруға талпынысын көрсеткені рас. Дегенмен президенттің сөзі мен ісінің теңдігі туралы қоғам пікірі әр алуан.

Сондай-ақ ол аймақ әкімдерін азаматтардың сұраныстарына ден қоюға және халықпен кері байланыс орнату үшін әлеуметтік желілерде белсенді болуға шақырды. Бұйрықпен тең ұсыныстан кейін ғаламторда онлайн отыратын шенеуніктер саны артты.

Тоқаевтың өзі президенттік қызметке дейін де Twitter-ді белсенді пайдаланған. Әлеуметтік желіде ол тапсырмалар жариялап, қоғамда талқыланатын резонанстық мәселелер бойынша ара-тұра пікір білдіріп отырады.

Шерулер толқыны: Сайлауға дейін және кейін

Токаевтың президенттік өкілеттігінің бірінші жылында ел бойынша санкцияланбаған митингілер толқыны басталды. Жұрт Қытай экспансиясына, қытайлық зауыттар орнату және АЭС салуға наразылық білдірді. Бейбіт шеру кезінде азаматтық белсенділерді күшпен ұстамауды, көп балалы отбасыларға жәрдемақы мөлшерін арттыруды талап етті. Кейіннен президент митингілер туралы заңды реформалауға және бейбіт шерулерге қатысты ережелерді қайта қарауға уәде берді.

Бір жылдан кейін Тоқаев бейбіт шеру өткізу туралы Заңға қол қойды. Бұл жолы да заң жобасынан кілтипан табылып, азаматтық белсенділер заңның енгізілуіне қарсылық білдірді. Таяуда Amnesty International, Civil Rights Defenders, FIDH, Freedom Now, Human Rights Watch, International Partnership for Human Rights және Норвегиядағы Хельсинки комитеті секілді халықаралық құқық қорғау ұйымдары Тоқаевқа ашық хат жолдап, митинг туралы заңға қол қоймауға шақырды.

Ұлттық қоғамдық кеңес – «ақталмаған үміт»

Қасым-Жомарт Тоқаев қызметке кіріскеннен кейін ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы бастама көтерді. Бұл шешім санкцияланбаған митингілерге жауап ретінде қабылданса керек-ті. Кей сарапшылар қоғамдық кеңестегі бастамалар «сөз жүзінде қалды», «үміт ақталмады», «бұл – Тоқаевтың популизмі» десе, кейбірі жаңа органды билік пен қоғам арасындағы «алтын көпір» санайды.

Бір жыл ішінде ҰҚК-нің үш отырысы өткізілді. Бірінші жиында зейнет жасын қайта қарау және жер мәселесі талқыланды. Алғашқы отырыста Тоқаев: «Жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл менің президент ретіндегі ұстанымым», – деп сендірді.

Парламенттік оппозиция институты

Қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында президент парламенттік оппозиция туралы сөз қозғап, биыл 2 маусымда осы жөнінде заңға қол қойды. Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бабын ізгілендіріп, «Жала жабу» деп аталатын 130-бабын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстыратынын хабарлады.

Күні кеше Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда мақұлдады.

Қазақ әліпбиінің кезекті реформасы

Тоқаев бұрын бекітілген латын әліпбиін сынға алып, «Латын әліпбиінің ұсынылған үш нұсқасы жетілмеген. Мәселеге ғылыми көзқарас таныту керек. Қазақ тілін жаңғырту қажет», – деді. Қаңтарда «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында қазақ тілі әліпбиінің латын графикасындағы сегіз жаңа нұсқасы қарастырылды.

Пандемия кезіндегі Қазақстан

Әлемді жайлаған коронавирус Қазақстанды да айналып өткен жоқ: 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режимі енгізіліп, жер-жерде карантин талаптары күшейтілді. Президент бұйрығымен ТЖ режимі кезінде антипандемия траншына 6 трлн теңге бөлінді. Бірақ қаражат көлемі мен оның жұмсалуы күдік туғызып, оппозициялық топ өкілдері «6 трлн теңгенің ашық есебін беруді және жалпыхалықтық несие амнистиясын» талап етті.

Карантин кезінде бірнеше азаматтық белсенділердің ұсталып, бейбіт митингте коронавирус сылтауымен халыққа қарсы күш қолданылғаны жасырын емес. Соған қарамастан, карантин Қасым-Жомарт Тоқаевтың биліктегі беделін арттырып, екінші сатыдан біріншіге көтерді деген болжамдар да бар.

Азаматтық белсенді Есжан Күмісбектегінің кезекті шеруде ұсталған сәті. 7 шілде 2019 жыл. Алматы қаласы. Фото: QT

Сонымен...

Заң жүзінде Назарбаевтан кейінгі Қазақстанда халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына берілген несиелерді есептен шығару, мұғалімдер мен медбикелерге төленетін еңбекақыны екі есе арттыру, жыныстық зорлық-зомбылық (педофилия, есірткіні тарату, адам саудасы) жазасын қатайту, шағын бизнесті үш жылға салықтардан босату туралы шешім заңды күшіне енді. «Келесі президент болуы ықтимал» Дариға Назарбаева парламенттегі қызметінен босатылды. Мұның барлығы Тоқаев билігіне бағытталған сыни пікірлер мен теріс бағалауларға контрдәлел болғанмен, елдегі адам құқықтары, сөз бостандығы тақырыбы кезек күттірмейтін мәселе екені рас.

«Шекарасыз тілшілер» халықаралық үкіметтік ұйымы жариялаған рейтингте Қазақстан былтырға қарағанда небәрі бір орынға ғана алға жылжыған, 157-орында. Ұйымның елдерге арналған жекелеген тұжырымдамасында «билік интернет, жаңалықтар сайтын, әлеуметтік желі мен мессенджерлерді бақылауды күшейткені» жазылған.

(Биыл Украина президенті Владимир Зеленскийдің де билік басына келгеніне 1 жыл толды. Зеленский билігінің бір жылдық қорытындысы жайлы мына сілтемеден оқи аласыз).

"The Qazaq Times"