Жемқорлық дауынан кейін әкімі істі болған Баянауыл ауданында миллиард теңгеге мемориалдық кешен салынбақшы. Мемлекеттік сатып алулар порталында Баянауыл ауданы экономикасының нақты секторы бөлімі жарялаған тендердің қорытындысы жарияланды.
Мемлекеттік сатып алулар порталына Баянауыл ауданы экономикасының нақты секторы бөлімі мамырдың 24-і күні Олжабай мен Жасыбай батырларға арналған мемориалдық кешен салуға байланысты тендер жариялаған. Тендерге құжаттарды қабылдау маусымның 8-і күні аяқталған. Бірақ осы уақытқа дейін порталға тендердің соңғы қорытындысы туралы ақпарат ілінбеген. Жарияланған мәлімет бойынша, конкурсқа «Вершина» ЖШС, «ГИДРОПРОМ» ЖШС, «Астана-Көктем С» ЖШС, «КазЕвроСтрой» ЖШС, «Корпорация АҚ ордасы» ЖШС және «АСТ Технология» ЖШС компаниялары қатысқан. Аталған алты компанияның ішінен тендерді екібастұздық «Вершина» ЖШС компаниясы жеңіп алған. Тендердің қорытындысына байланысты «Астана-Көктем С» және «Корпорация АҚ орда» ЖШС шағым түсірген. Бірақ олардың шағымын Қаржы министрлігінің ішкі аудит комитетінің Павлодар облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті қанағаттандырмаған.
«Вершина» ЖШС мемлекеттік сатып алулар порталына 2016 жылдың қаңтар айында тіркелген. Uchet.kz сервисіндегі деректерге қарағанда, компанияны Исмаилов Жандарбек Ауданбайұлы басқарады. Кәсіпорын 2009 жылдан бері құрлысы саласында жұмыс істейді. 2010-2021 жылдар аралығында 1 661 326 869 теңге салық төлеген. Исмаилов Жандарбек Ауданбайұлының атында бұдан бөлек «Аль-Мактуб», «Олесан» және «Павлодар антисептик зауты» ЖШС компаниялары бар.
Порталда іліген хабарландыруда ескерткіш орнатуға бөлінетін жоспарланған сомма 793 717 460 теңге делінген. Бірақ лоттың техникалық ерекшеліктері бөлімінде жұмыстың сметалық құны 949 733 767 миллион теңге деп көрсетілген. Лоттың келісімшарттар бөлімінде ешқандай құжат жарияланбаған.
Бұған дейін Олжабай мен Жасыбай батырларға миллиард теңгеге мемориалды кешен салуға Баянауыл халқы қарсы шыққан. Олар бұл қаржыға су мен кәріз құбырын жөндеген тиімді екендігін айтқан.
Баянауыл ауданының тұрғыны Орал Сартаев бір миллиардқа жуық қаржыны ескерткішке жұмсағанша, оған аудандағы әлеуметтік мәселелерді шешкен дұрыс деп есептейді. Ол осындай мәселелердің бірі ретінде Баянауылдың кәріз құбырын айтады.
«Қазір Баянауылға бірінші кезекте кәріз жүйесі қажет. Біздің жер топырақты емес, тасты болып келеді. Сол себепті кәріз су көлге барып жатыр. Біз бұны экологиялық зерттеу кезінде дәлелдегенбіз. Егер бұл жалғаса беретін болса, онда 15-20 жылда көлге түсу мүмкін болмайды», - дейді Сартаев.
Бұған дейін аудан әкімі Қанат Кәрімов БАҚ өкілдеріне мемориалдық кешенге бөлінген қаржы анау айтқандай қымбат емес екендігін және бөлінген қаржының жартысына жуығы демеушілердің ақшасы екендігін айтқан.
«Жобаның жалпы құны 934 миллион теңге. 600-ге жуық ағаш отырғызу керек. Бұдан бөлек, 2,5 мың шаршыметр гүл аумағы мен тратуар бар. 100-ге жуық жарықтандыру құрылғысы, балалар мен жасөспірімдерге арналған алаң және екі ескерткіш болады. Сол себепті «бұл өте қымбат» дейтіндердің пікірімен келісе алмаймын», - деген Кәрімов.
Жалпы, Қазақстанда ескерткіш, мемориалдық кешен салуға келгенде шенділер «қаржыны демеушілер берді» деген уәжді жиі айтады. Жақында Астана күні қарсаңында Түркістан мен елордада экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш ашылғанда да атқамінерлер дәл осы «демеушілер қаржысы» жөнінде айтқан.
Павлодар облысы Баянауыл ауданының шенеуніктері миллиардтарға ескерткіш қоюмен ғана емес, әуежай мен су құбыры қаржысын жымқырумен де жалпақ жұртқа танымал. 2021 жылдың қаңтар айында Баянауыл ауданының экс-әкімі Оразгелді Қайыргелдинов ұшып-қонуға жарамсыз әуежай сатып алғаны үшін 3,5 жылға сотталған. Ауданның қазіргі әкімі Қанат Кәрімовтің сөзінше, әуежай үлкен ұшақтар мен туристерді қабылдау үшін жанындағы тауды бұзу қажет.
Бұдан бөлек, былтыр желтоқсанда ҚР Қаржы министрлігінің қаржы мониторингі комитетінің телеграм арнасында дәл осы Баянауыл ауданына қатысты ақпарат жарияланған. Онда 2017-2019 жылдары Баянауыл су құбырларының құрылысына бөлінген 1,2 миллиард теңге бюджет қаржысының жымқырылғаны жөнінде айтылған. Сол уақыттан бері аталмыш оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Әзірге оның немен аяқталатыны белгісіз.
Бұл контент АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен "MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы" аясында дайындалды. The Qazaq Times порталы ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.