Елордадағы «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасы аясында өтіп жатқан шаралар кеше Есіл ауданында жүргізілді.

Алматы көшесінде орналасқан нысандарды қарау бойынша көптеген заң бұзушылықтар анықталды. Олардың кейбірі жарнама тақтайшаларын, көрнекі ақпаратты көшеге рұқсатсыз қойған және тіл заңын өрескел бұзған. Қазақ тіліндегі нұсқасын қате аударғандары да кезікті.

Қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мамандары мен Есіл ауданы әкімдігінің қызметкерлері нысан иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оларға үш жұмыс күні ішінде қателікті түзеп, жарнама мен көрнекі ақпараттарды заң талаптарына сай орналастыруды ескертті. Біраз нысан иелері сол мезетте-ақ жарнамаларды алып тастады.

Бұл реткі шара Есіл ауданында да тіл заңын сақтамау жағдайы көп екеніне көз жеткізді. Бір ғана Алматы көшесінің өзінде заң талаптарын орындамаған нысандар назарға алынып, жұмыс тобы тарапынан ескерту жасалды. Белгіленген уақыт өткен соң мамандар осы ескертпе бойынша, нысандарды қайта қарап шығатын болады.

Айта кетер бір жайт, тек орыс тілінде жарнама берген нысан иелері оның қазақша нұсқасын Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бекітуінен өткізуі керек. Басқарма қызметкерлері оны қарап, дұрыстауға көмек көрсетеді. Кәсіпкер ол үшін аудармашы жалдап, ақы төлеуінің қажеті жоқ. Бұл да қала әкімдігінің азаматтар үшін жасаған тиімділігі.

Еске сала кетсек, бас қалада «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасының екінші кезеңі басталғанын хабарлаған едік. Қазір ауқымды жоба қаланың барлық төрт ауданында жүргізіліп жатыр.

"The Qazaq Times"