Зор жалғыздық

 

Мен кейде Айда отырған секілденем,

тым жалғыз,

алыстан Жер көрінер…

….сүймеген, сағынбаған, өкінбеген,

ешқашан мұңайтпаған жердегілер.

 

Ешқашан жолға ұзақ қарамаған,

ешкімді күтпеген де, қоштаспаған.

Ешкім жоқ жүрегімді жаралаған,

себебі, ешкіммен де достаспағам.

 

Кешкісін теңізге де тас атпағам,

таңертең тауға шығып ойланбағам.

Ешкімді өмірімнен босатпағам,

себебі, ешкімге де байланбағам.

 

Ешқашан сүрмегендей кең өмірді,

уақыттан қалмағанмын, озбағанмын.

Ешкім жоқ тыңдайтұғын өлеңімді,

себебі, ешқашан да жазбағанмын.

 

Кітабын ештеңенің жиі ақтарам,

тыңдаймын ешқашанның таспасын да…

…Мен кейде Айда отырған сияқтанам,

тым жалғыз…

көлеңкем де жоқ қасымда!..

 

***

Бір ғажап жүз жыл да бір жаннан жалықпау,

Жалықпау – жұтудан демін;

Тамыздың түні де бойжетіп қалыпты-ау,

Ұялшаң ойыңдай сенің…

 

Ұялшақ ойлардың құпиясын ашар кім,

Кім көрер құпия меңін?..

Ойланып тұр, әне, он сегіз жасар түн,

Ойланған сәтіңдей сенің.

 

Он сегіз жасар түн, о, неткен балғын түн,

О, неткен ерке еді құрбың?!

Астында жаздағы ең соңғы жаңбырдың,

Қасында ең соңғы гүлдің,

 

Жүрдіңдер құстай боп айнала қалықтап,

Мен де үнсіз тамсанып тұрдым.

…Тамыздың түні де бойжетіп қалыпты-ау,

Он сегіз жасындай жырдың.

 

 

Түнгі бірде перзентханада адасу

 

Қай жерде жаны сақталатын халықтың,

Білдім мен,

Перзентханада адасып жүріп соны ұқтым.

Бұл түні сезіндім –

Адасу деген – жанымды іздеу өзімнің,

Өзгенің,

Халықтың,

Әлемнің,

Ол, бәлкім, жанын іздеу ме көркем өлеңнің?!

Адасып жүріп бұл түні перзентханада,

Бір жойқын дүмпу болғандай жүрек, санада,

Түсіндім, бүкіл өмірімнің ғажап шындығын,

Ешқашан енді адасқым келмейтіндігін.

Іздеумен Сүлеймен тағын да,

Бабылдың аспалы бағында,

Адасқым келмесін Олимптің төрінде,

Биліктің қараңғы дәліздерінде,

Эльдорадоның алтынмен апталған жолында,

Кимериядан құлаған керуеннің соңында,

Александрияның кітапханасында да жоғалған,

Қосөзен бойында уақытқа тоналған,

Адасқым келмейді!

Адасқым келеді

Перзентханада,

Бір жойқын дүмпу бар жүрек пен санада,

Әр есікті ашқанда –

Ашылған жолықтым шексіз бір аспанға,

Жолықтым болашақ рухымен,

Келген бір жандай боп ілкіден!

Адасқан жандай боп бір байтақ далада –

Адасып жүрдім мен перзентханада,

Бір кезде таптым да есігін баламның –

Қайтадан жаралдым!

Жаралдым –

Жұлдыздай жап-жарық,

Құдайға ғашық боп,

Әлемге таң қалып!

 

 

Алматыға барсам мені…

 

Алматыға барсам мені Ерлан Жүніс қарсы алады,

Көздерінен білінеді қажығаны, шаршағаны.

 

Бала сынды қалбалақтап, алып-ұшып мәз болады,

Қуанғаны – тіпті мені жылата да жаздағаны.

 

Мені күтіп тұрған сынды жылдар бойы

сол бір маңда,

Көшіп келген кезі ме екен Астана ма,

Жамбылдан ба?!

 

Алатаудан ауған бұлтпен қала ішінде бірге көшіп,

Шаштарына құс ұя сап, иығына гүлдер өсіп

 

Үлгеріпті!

Үлгеріпті шаттанып та, шерленіп те,

«Балқыбекке бармадық па,

Зейіпханды көрмедік пе?», –

 

(дейді маған, білмей ме екен олар

кетіп қалғандығын,

Білмей ме екен ақындарға жалған –

екі жалғандығын?!).

 

Мәйханаға ертіп барып, масайраған күйге енеді,

«Алматыда қалам дейд, маған – дейді –

үй береді».

 

Білмей ме екен талай жылды –

талай жырды кешкендігін,

Кешкендігін, өзінің де Жетісуға көшкендігін?!

 

Гегель мен Бэконды айтып,

«ой мәнісін тапшы» дейді,

Оқығаның – жаман емес,

жыр жазғаның – жақсы деймін.

 

Сұлуларды санап шығып, «ең сұлуын тапшы» дейді,

Сұлулар да – жаман емес,

сүйген жарың – жақсы деймін.

 

Ақындарды тізіп беріп, «ең ұлысын тапшы» дейді,

Ұлы ақындар – жаман емес,

жас ақындар – жақсы деймін.

 

Көздеріме тіктеп қарап, кейін күліп жібереді,

Сол күлкіден еске түсер Лермонтовтың бір өлеңі…

 

«Ей, данышпан Ерлан Жүніс, пәлі, ғашық

Ерлан Жүніс,

Қалған жұмыс – жаман емес, жақсы –

деймін – барған жұмыс».

 

Мен кетемін, ол қалады, беймәлім не аңсағаны,

әлденеге тамсанады, әлденеден томсарады…

 

Көздерінен білінеді қажығаны, шаршағаны,

Алматыға барсам мені Ерлан Жүніс

қарсы алады…

 

 

..шығар

 

Сонау бір тұста дала бар шығар,

Қала бар шығар сол маңда,

Қамыққан бір жан қараған шығар,

Қайтқан ізі жоқ жолдарға.

 

Қамыққан сол жан бір қалқа шығар,

Лалаға ұқсас сұлбасы.

Жалғыз бір жанға мұң да алқа шығар,

Сағыныш шығар сырғасы.

 

Жалғыздық сырын жаңа ұққан шығар,

Жадағай ойды жүгендеп.

Жүрегін, бəлкім, ауыртқан шығар,

Біз секілді бір жүгермек.

 

Əйнегін күнге ашпаған шығар,

Сырт қалған шығар топ шынар,

Сүйген бір əнін қоспаған шығар,

Биге де зауқы жоқ шығар.

 

Үйін де көптен жимаған шығар,

Сұп-суық шығар бөлмесі,

Гүлдерге су да құймаған шығар,

Сыйлаған бұрын Келмесі.

 

Мен білсем, солай,

кешіп көр соны,

бұл қыстың сыры - сол жанда.

...Əйтпесе, көктем кешікпеуші еді,

Əудемжер ғана қалғанда.

 

 

Боз

 

…Бір жарық мекен байқала ма алдан?

Болмаса, тоқта, мен түсем!

Духаналар мен мәйханалардан

Мұңымды ішем,

Дерт ішем!

Алдымнан менің жарқылдап, күліп,

Ақжайнақ қалқа қарсы алар!

Маэстро-дос

Саңқылдап тұрып:

«Шайыр келді!» деп жар салар!

Шайыр келді деп, шарабын құяр,

Қыздың ерніндей шарабын.

Даяшы қыздың жанарында ұяң,

Жалт ете қалар жанарым…

Жалт етер сәуле «өкінбе!» деген,

Үнсіздік – әулие,

сөз батар…

Маэстро-дос

«Жетімдер»

менен

«Өкіл әкені» боздатар!..

Қоздатар бәрін, боздайды дүние,

Бозүміт, бозой, бозарман,

Дәл мендей өлең жазбайды дүние,

Мен дүниедей жаза алман!

Жаза алғам,

жазғам,

жазықты болғам,

Жасына көздің жиі аққан…

Әлемнің мынау нәзіктігі – ардан,

Мықтылығы да – ұяттан!

…Ей, сұлу қыздар, оқыңдар өлең,

Іштегі аңсар текке өлер…

Қорықса егер ақындар неден,

Арулар соған тап келер!..

Жетті енді, өшір!

Жарықты да өшір!

Жүдедім,

Жаздым,

Қамықтым,

Сағынғам,

Сүйгем,

Жалықтым, кешір,

Бәрінен, досым, жалықтым!

Жүректің қанын қотарып іштім,

Көтеріп іштім көз жасын,

«Ең ұлы ақын» атанып іштім,

Сенбегенменен өз басым!

Ішпеймін енді!

Мәйханалардан,

Алып кет алыс жолдарға!

…Бір жарық мекен байқала ма алдан,

Бір жарық жүрек бар ма алда?!

 

 

Көз жасы

 

Кінәмшіл сезімдер кешірткен кезімнің

Бұлты ауып барады басымнан:

Мен биік тұруды үйрендім,

Өзімнің

Бір тамшы жасымнан.

Бала-аңсар сағымы ойнаған даланың төсінде,

Кезінде көктемгі жаңбырдың,

Алғашқы көз жасым тамғаны есімде –

Бір тамшы уыты тағдырдың.

О, сонда сезсемші,

өтемін

қаншалық азапты боларын төлеудің:

Әлемнің өзгеріп кетерін,

Өзгеріп кетерін өлеңнің!

Бұл дүние тым басқа болатын,

Жас ыршып түскенше жанардан,

Сол бір жас – қара түн,

ақ нұрдан жаралған,

Тырс етті…

Қара жер дір етті!..

Топырақ болмысы өзгерді:

Өзгертті ол гүлдерді, құстарды,

жүректі…

сөз де енді

білсемші келмесін қалпына бұрынғы,

Ауытқып кетерін ғасырдан!..

…Үйрендім мен солай биікте тұруды

Көзімнің бір тамшы жасынан.

Содан соң…

Таулар да жылаған,

Дала да жылаған,

Ешкім де болмады себебін сұраған,

Себебін білмеді бір адам.

Олар да өзгерген,

Өзгерген өлеңмен…

…Бір тамшы жас тамып кетпеуін көздерден,

күзетіп келем мен,

о, сол бір тұманды жылдардан!

Кешсем де басқа мұң,

Мен енді жоқтаман жылдарды ұрланған,

Мені енді жылата көрмеші, Аспаным!..

 

***

Наурыздың бірі ме, ертең?..

Тұрғаны-ай бір сезімнің алып қашып.

Көшеге шығайықшы күліп, еркем,

Көктемкөз ғашықтардай қол ұстасып!

 

Бала гүл көңіліндей,

Ақ жүзіңде алқызыл от алмасып,

Көктемнің ең алғашқы шеруінде,

Қайыңдармен жүрейік қатар басып!

 

Мойныңда күлгін шәлі,

Жасыл көйлек – жаңа ұран көрікке шын.

Күлкіңді сандуғаш пен бұлбұл салып,

Гүлдер нәзіктігіңе еліктесін.

 

Иыққа құстар қонып,

Бұйыққан дүние бізге елеңдесіп,

Сені көрген адамдар құштар болып:

«Ақынның жары, шіркін, өлең!» десін.

 

Сен сонда әнтек күліп,

Көзіңнің жорта қара шалғайынан,

Мен, болсам, жүректерді өртеп тұрып,

Сүйермін сол өлеңнің маңдайынан.

Көктемнің бірі ме, ертең,

Секілді қыстың соңғы кеші кірген?!

…Көресің, бір көктемді түбінде, еркем,

Мен сенің атап кетем есіміңмен!

 

***

Есіңе алдың ба есімімді ауық,

Сол бір жас жүрек атынан?!

…Өмірімнің кейде есігін жауып,

Терезесінен қарап отырам.

 

Терезе алдында телміреді ойлар,

Шешілмей қалған күрмеуі.

Кешегі күнді көрмеге қойғам,

Көңілдің түкпіріндегі.

 

Өкпені, назды, сағыныш, мұңды,

Қатырып қойдым мүсін қып.

Кешегі парлақ алып-ұшуды,

Алысқа қарай ұшырдық.

 

Кітап ішінде күндер өтуде,

Сенесің бе, олар – тірі шын!

Ал сенің өмірің кіммен өтуде,

Кімдер өтуде күні үшін?!

 

Көп мүсіндердің бірінің, бірақ

Бере алмай қойдым пішінін.

Ол сенің іңкәр жүрегің жылап,

Мұңданып тұрған мүсінің!

 

Мен үшін асқақ дастанда есімің,

Дастаннан, бәлкім, ұлылау.

Өмірімнің бір күн ашқанда есігін,

Сен күліп тұршы, күнім-ау!..

 

 

Қарадым

 

Бір інжу,

Іңкəрлік теңізі түбінде сақталған –

жүрегің,

Шəкірттей, пірінің алдында ақталған

жүрегім.

Пəкзада гүлдері бағында лаладай

келбетің,

Дүниеге ең алғаш таңданған баладай

келбетім.

Парасат аспаны жаратқан бір жұмбақ –

болмысың,

Ғашықтар адасқан ымыртта тұнжыр бақ

болмысым.

Гауһардай - сұлулық перісі қолында –

саусағың,

Иілген сəмбі тал секілді жолыңда

саусағым.

Сағыныш түндерін нұрлы еткен ай сынды

ерінің,

Сол жайлы шексіз бір ой сынды

ерінім.

Мəңгілік сиқырдың тарқамас дуасы –

жанарың,

Сен сүйген əлемнің ең үлкен күнəсі –

жанарым...

 

 

Кейде ойлаймын...

 

Кейде ойлаймын,

Шынымен мен өмірде бар шығармын,

Жапырақ,

Топырақ па,

тамшылардың,

Бәлкім, бірі шығармын, жо-жоқ, әлде,

Жай ғана кітаптағы жан шығармын.

Жабыққан, жан шығармын, жаңылысқан,

Үміттен,

армандардан,

сағыныштан,

Тұратын өне бойы өмірқұмар,

Мұратын әр ғасырға алып ұшқан.

Құдай-ау, бір шексіздік ой дегенің,

Жүргенім, қарағаным, сөйлегенім,

Шынға ұқсап кетеді, сеніп қалып,

Ғашық болғым келеді кейде менің.

Жоқ, әлде құс па екенмін, гүл ме екенмін,

Өзіме бір таныспын, бір бөтенмін.

Арудың түсіндегі бейне ме екем,

Жарымның ішіндегі мұң ба екенмін.

Мен осы бар шығармын бұл өмірде,

Сонау бір түкпірінде, түнегінде,

Арудың мөлт еттім бе жанарында,

Жарымның лүп еттім бе жүрегінде?

Қоғамның бар шығармын есебінде,

Кезегінде... не жыл, неше күнге...

Өмір сүргім келеді кейде менің,

Шынымен бар шығармын осы өмірде?!.

Мұңлықтар,

әулиелердің,

жолшылардың,

Арманын аппақ-аппақ аршып алғым,

Келеді,

ей, адамдар,

айтшы маған,

Мен осы бұл өмірде бар шығармын?!

Білмеймін, қайдан келгем, қайда болғам,

Салдым ба күнге сарай, айға қорған?!

...Мүмкін, ақын шығармын, кім біледі,

Дүние күрсінгенде пайда болған!?.

 

 

«Гүләнда» кітап дүкенінде

 

Алматы.

Қыркүйек.

Кеш.

Кітап дүкені.

«Қожайын, сағатқа қарама!»

Түсінем, оны үйі күтеді...

Ал менің шыққым жоқ далаға.

Қалада көңілдің боп жатыр қай тойы,

Гүлдердің иісі жоқ қалалық!...

Ол жақта даурыққан білгіштер айқайы,

Бұл жерде момақан даналық.

Тәккаппар даналық

Кітаптың ішінде

Жалыққан өзінен.

Мен де ертең дәл осы кітаби пішінде

Осында келемін...

Сезінем.

Қожайын,

Бәрібір келем ғой,

Түсін сен,

О, сонда қыздарға қымбатқа сатасың.

Бүгінгі жақсылығың үшін Сен

Аласың апамның батасын!

Кітаптар сөресі – сұлудың беліндей

Майысқақ,

Ауыр ғой шалдардың салмағы...

Қолдарым – ибалы келіндей

Ұсынған кесені батырмай бармағын,

Мөп-мөлдір аңсар мен ынтаны ұсына

Сипаймын кітапты:

әр сөздің демі

мен

сезінем лүпілін,

жүректің ұшына

шымырлап тұнуын дәуірдің еріген.

Балқиды дәуірлер ойларда ып-ыстық

Ішінде жалғыздың тұрған топ шетінде!

Даналық –

Үнсіздік, тыныштық,

Шыңғырар тек кітап бетінде!

Мұнда да шалдар көп пыстырған жатып іш

Менімен ойнайды:

«Осынша ақымақ, осынша нақұрыс –

Бұл бала біздерге қосылмай қоймайды!»

О, сосын қарайды кемсеңмен

ұғардай

тәккаппар ойлардан.

Ешкімді үңгірден суырып шыға алмай

өздері үңгірге айналған,

Шалдар-ай, сүйемін сендерді

Сезіммен ешкімді сүймеген.

Сендерден үйренсе-ау өлмеуді,

өлуді өзім-ақ үйренем!

Құрдастар көп емес, -

Көкем ой, шеше мұң,

Бәрінде тәңірдің демі бар!

Менде әлі тірі жүр

Мағжан мен Есенин,

Мені әлі білмейді

Борхес пен Элюар!

Ал, Һафез –

Нағашым жырындай,

Тонауға дайынмын қарамай.

Моуләви –

Құпиялы сұлудай,

Дымыңды құртады қарадай.

Асаулар,

бұлғақтар

кешегі

момақан кітапқа қалайша сыйып тұр?

Еседі самал жыр, аңыздар көшеді –

өшеді –

өшкені –

өмірден биік тұр!

Алматы.

Қыркүйек.

Кеш.

Кітап дүкені.

Сыртынан жабамын есігін.

Есіктің сыртында жалғыздық күтеді,

Мен оның жалғыз досымын!..

 

 

Сен білесің...

 

Сен бәрін де білесің, бәрін-бәрін,

Дауылдарын жүректің, жауындарын.

Қай көктемде құстардың кешіккенін,

Сонда менің жанымның ауырғанын.

Қай бір сөздің дертімді емдегенін,

Қай бір әуен бейуақ тербегенін,

Қай бір күзде гүлдердің ерте солып,

Ертесіне мен саған келмегенім.

Сен білесің сезімнің жаздағы әнін,

Жазмыш оты жүректе маздағанын,

Күйін кешіп бір сәтте бозбаланың,

Бір сәтте жанып кете жаздағаным.

Сен білесің тағдырдың шайқағанын,

(Шайқаламын таулардай, жай табамын),

Қай нөсердің астында көкке қарап,

Қандай сөзді ішімнен қайталадым,

Сен білесің,

Жаным не қалайтынын,

Саған мәлім – табарым қалай тыным,

Қай дұғаны таңертең оқитыным,

Қай кітапты кешкілік қарайтыным,

Сен білесің, ерке қыз, бәрін-бәрін,

Сенен өзге жүрекке шағынбадым,

Қай түндерде қандай түс көргенімді,

Сол түстердің қалайша жорылғанын,

Сен білесің,

жан білмес сырларымды,

өзім шеше алмайтын жұмбағымды,

Ешбір адам көрмеген белгілерді,

Еш жинаққа енбеген жырларымды,

Сен білесің,

бәрінің бір дерегін,

Сен білесің неліктен мұңлы өлеңім,

...Менің кінәм шығар-ау,

Бәрін біліп –

Маған керектігіңді білмегенің...

 

 

Ұзатылмаған қыз

 

Ұзатпады оны. Ұзамады үйден.

Үйі де әрі қашықтау.

...Бір жігіт болды-ау, сірә да сүйген,

Сол жігіт болды-ау жасықтау...

Қарай да қарай айна да ескірді,

Жек көрді, мүмкін, айнаны,

Айлы түндерде ол ойлады ешкімді,

Ешкім де оны ойлады...

Жылай да жылай жастық сарғайды,

Жастық та дұшпан - әр тайса.

...Жігіт пен қызда достық болмайды,

Болады, бәлкім, қартайса...

Тарай да тарай тарақ кетілді,

Кетілген шығар төзімі,

...Ұзақ сақталған шарап секілді,

Ұзатылмаған қыздың сезімі.

 

 

Ол қайтып келді...

 

Беймезгіл шақта ол қайтып келді,

Тағдырдан, әлде, жаңбырдан...

Жанының мұңын жолға айтып келді,

Жол қайтып келді абдырған.

«Қайтқан ойлардың кемел ме бәрі,

Ұшарда оны не қақты?!» -

Тәкаппар таулар төмен қарады,

Таза бұлақтар кері ақты.

Құс қайтып келді:

Омбы қарларға,

Көшкен сеңдерге «қош» десіп.

...Анау бір төрде домбыра қалды,

Анау бір жерде бос бесік...

Жабуы жүктің желпілдеп келді,

Селдіреп келді желегі,

Ботадай көзі мөлтілдеп келді –

Боздамаса екен дегені...

Махаббат әні – мұңдарда қалар,

Махаббат – мұндар, шерменде!

Қауесет ізі құмдарда қалар,

Көз жасы ізі – көлдерде.

Өтеуі жүрек – өкпелі болса,

Жасасын ұлы құштарлық!

...Көшкен бір жұртта көктемі қалса,

Қайтармаңдаршы құстарды!

 

 

Саған, саған

 

Саған, саған таңнан бұрын жетемін,

Тауда болсын, қырда болсын мекенің.

Терезеңді айқара ашып,

Жастыққа

Бір тал таудың гүлін қойып кетемін.

Саған, саған түннен бұрын барамын,

Сансыз шамы сөнгенінше қаланың.

Қымтай жауып ақ көрпеңді,

Жастыққа

Бір тал гүлін қойып кетем даланың.

Саған, саған бұрын жетем өзімнен,

Бұрын жетем сағыныштан, төзімнен.

Есімімді ести алмай аузыңнан,

Келбетімді көрмесем де көзіңнен.

Саған, саған бұрын жетем мұңдардан,

Бұрын жетем бұл қатыгез жылдардан.

Сәтсіздіктен, тағдырыңнан, сынғаннан,

Жалғызсырап, жыламсырап тұрғаннан.

Бұрын жетем үміттен де, арманнан,

Керексіз боп, лақтырылып қалғаннан.

Қартаюдан, жас өмірің солғаннан,

Сені ұға алмас жай кездейсоқ жандардан.

Бұрын жетем көз жасыңнан төгілген,

Сәттеріңнен шегінген де жеңілген.

Күннен, түннен, мұңнан, жастан қорғаушы

Періштеңе айналамын сенің мен.

Қатал уақыт қайраңдатсын, тежесін,

Қатал адам қара қолын кезесін.

Тым алыста жүргенімді білгенмен,

Тым жақында тұрғанымды сезесің.

Көрген түсте кездессек біз, өң деп біл,

Тар кезеңде жолықсақ біз, кең деп біл.

Қара аспанда бір ақ сәуле жалт етсе,

Саған, саған бұрын жеткен мен деп біл.

 

 

Кездесу

 

Не істей алар екенмін сен үшін мен?

Балдың, удың... құдай-ау, көбі ішілген.

Қараймын да жүзіңе, ойланамын,

Әлденені айтамын... тек ішімнен.

Іші-бауырым езіле, емірене,

Емірене қараймын, тебірене.

Саған ғана айтатын сырларым бар,

Саған енді айтпаймын соны неге?

Өңім тағы құбылып өрт кешкендей,

Көңіл тағы құбылып дерт көшкендей,

Сақтау үшін бір ұлы құпияны,

Үндемеуге екеуміз серттескендей,

Үндемейміз. Үнсіздік ұнағандай,

Үндемейміз, іште бір кінә бардай.

Маңдайыңның қараймын сызығына,

Хал-жайыңды солардан сұрағандай.

Жанымызды, жүректі тұмшаласып,

Қайда жүрдік жолықпай мұнша ғасыр?!

Маған қарап күрсініп қоясың тек,

Білем, білем, ішіңнен мұң шағасың,

Мұң шағасың, сеземін, мұңаясың,

Мұңайғаның әдемі, құдая, шын.

Мен сені аяп отырмын, сен мені аяп,

Аярлықсыз осылай кім аясын.

Кісі көңілі көктемге сенеді екен,

Сол сенімдер боп еді неге бөтен?

Бізді айырған бір кезгі жегі сөздер,

Үнсіздікте осылай өледі екен.

Үндемеші. Осылай наз айтылар.

Қайбір сұрақ көңілді қажай тұрар.

Үндемеймін. Іште сөз жанып-сөніп,

Бізге бүгін керегі өзі айтылар.

Өткен өмір – ұмтылған түстей ғана,

Енді бізге ешкім де түспейді ара.

...Өтіп кетер ме екенбіз бұл өмірден,

Күбірлесіп екеуміз іштей ғана…

 

 

Жазмыш

 

Жазам дедім, қалам берді Тәңірім,

Ашам дедім, ғалам берді Тәңірім,

Қара өлеңді маған берді Тәңірім,

Бар әлемді саған берді Тәңірім!

Қара гүлге өлең жаздым, ақ болды,

Қара мұңға өлең жаздым, бақ болды,

Қара түнге өлең жаздым, нұр болды,

Қара тасқа өлең жаздым, тақ болды!

Бұл дүниенің бас-басына жаздым мен,

Тағдырымның таспасына жаздым мен,

Таңғажайып дүниесінде тәңірдің,

Маңдайыңнан басқасына жаздым мен!

 

 

Шығыс дұғасы

 

Ей, мұсылман желдер,

Сендер,

Бір хабарын беріңдер оның,

Ей, мұсылман көлдер,

Көркем жүзін көріңдер оның,

Момын өзендер,

Су бетіндегі бейнесін сақтап,

Момын кезеңдер,

Жан дүниесіндегі аппақ,

Махаббатын қорып,

Махаббатын қорып,

Махаббатын қорып,

Ей, әлемдік Жүрек,

Ей, қастерлі Жарық,

Ей, киелі Түнек,

Ей, ғасырлық Мұңдар,

Ей, Іңкәрлік әппақ,

Ей, мұсылман Шыңдар,

Ей, мұсылман Соқпақ,

Жеткізіңдер Маған!

Жеткізіңдер бүгін,

Өпкізіңдер маған,

Маңдайының нұрын!

 

 

Түркі дұғасы

 

Мен – парасатсыз,

Бұл әлемде махаббат барына сендім,

Адамдардың арына сендім,

Әулиелердің жолына сендім,

Қалалардың жанына сендім,

Таң дұғасын Шығыстан создым,

Түн дұғасын Батыстан создым,

Киесін корғағым келді Сөздің,

Нұрын сақтағым келді Көздің,

Оңтүстіктен ой шұғыласын шаштым,

Солтүстіктен сезім шұғыласын шаштым,

Құрлықтарды аштым,

Теңіздерді бастым,

Жаратушының берген Жырымен,

Табиғаттың берген Сырымен,

Қара тасты да шайыр қылғым келді,

Кара ағашты да биім қылғым келді,

Аш жүректерді тойындырғым келді,

Жалаңаштарын киіндіргім келді,

Бәрінің қасынан табылдым,

Бәріне құрбан шалдым,

Қара жерді жастандым,

Көк аспанды жамылдым,

Өз жүрегім жалаңаш,

Өз жүрегім аш қалды,

Өзім... жалғыз қалдым!

...Ең ғажабы, бұл маған ұнайды!

 

 

Батыс дұғасы

 

Бұрын, бұрын бір сөзді білуші едім,

Іштей ғана қайталап жүруші едім,

Кейін соны ұмыттым... неге ұмыттым,

Не біліп кеп, өмірден не біліппін?!

Қалың-қалың томдардан таба алмадым,

Қиыр-қиыр жолдардан таба алмадым,

Таба алмадым мұражай, мұрағаттан,

Далалардан, өзеннен құлап аққан,

Мезгілдерден, маусымдар жаңбырынан,

Ақшамдағы шұғыла, таң нұрынан,

Дұғасынан молданың, шаманның да,

Таба алмадым, білмеймін, таба алдым ба,

Әйтеуір мен, жүректің бар арманын,

Іздегенін, тапқанын, жоғалғанын,

Сол бір сөзбен айтсам деп саған, жаным,

Көздеріңнен көзімді ала алмадым!

"The Qazaq Times"