Кеше, 8 ақпан күні Қытайдың орталық телекешенінің әмбебап арнасында, «Қытайды әсерлендірген 10 ірі тұлға»-ны марапаттап, сыйлық табыстау сәті көрсетілді. Олардың қатарында Шыңжаңдағы Құмыл қалалық халық соты мекемесінің зейнеткері Әбілелім Әбілез деген ұйғыр азамат бар екен.
Иә дейміз-ау, миллиард қытайдың ішінен бүкіл мемлекетті әсерлендірген 10 ірі тұлғаның қатарына қосылу үлкен мерей. Бір қарасаң – атағынан ат үркетін марапат. Әрине, жамандыққа жорығың келмейді, әлгі сот саласының азаматын шынымен сол орынға лайық деп танығың келеді. Бірақ... Бірақ, астарына үңіле түссең, оның аржағынан қытайдың жымысқы ішкі есебі көзге шалынады.
Қытайды білесіздер, соңғы жылдары Бейжің билігі Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесін мекендеген ұйғырларды қатаң бақылауда ұстап отыр. Күн сайын басып жатқан қытай тасқынына қарсы күресіп, дербестігі мен еркіндігіне ұмтылған ұйғыр ұлтының өкілдерін аяусыз басып-жаншумен келеді. Талай рет этникалық, ұлтаралық қанды қырғын туылды. Ұйғыр «жанкештілері» сан мәрте өлімге басын бәй тігіп, жарылстар ұйымдастырды, қытай өкілдеріне шабуыл жасады, айта берсең көп...
Осыған байланысты, қазір Қытайдың негізгі бас ауруларының бірі – Шыңжаң, ондағы ұйғырлар мәселесі. Аймақтағы тұрақтылықты сақтау, ондағы аз ұлттардың, әсіресе ұйғыр халқының жүзін жылтып, көңілін жұмсарту. Міне, оның бір тәсілі – Әбілелім Әбілез сияқты адамдарды миллиард қытайдың арасынан дара ашыққан ірі марапат иесі, таңдаулы адам етіп көрсету. Әбілелімді сүйкімді қыла түсетін тағы бір тұсы – оның сот саласының адамы екені. Өзі сотта істеген, заңның орындалуына бір кісідей үлес қосқан адам осындай жоғары деңгейде танылып жатса, онда қытайдың ұйғырға қаратқан заңы әділетті, ісі дұрыс болмақ. Себебі, ұйғырдың өзінен шыққан заң саласының жауапты азаматы мемлекет тарапынан мадақталып жатыр. Бұл барша ұйғырға көз қылатын марапат болумен бірге, халықаралық тарапқа да «Қытай ұйғырды заңсыз, себепсіз қысып отырған жоқ, керісінше төбесіне көтеріп жатыр» деген ойды аңдату.
Хош, бүкіл қытайды «әсерлендірген» Әбілелім туралы әңгімені осымен тоқтата тұралық. Осы марапат, дабыралы сыйлық ұйғырға ғана емес, Шыңжаңдағы қазақтың да басын айналдырып жатыр. Мынаған қараңыздар, былтырығы жылы осыдан сәл басқашалау марапат болды. Яғни, қаңтардың 17 күні Қытай астанасы Бейжіңде елді елеңдетіп, дүбірі жер жарған үлкен бір салтанатты шара өтті. «Байтақ алаптың ұландары – 2015 жылғы мемлекеттік 10 үздік диқанды бағалау сыйлық табыстау салты» деп аталатын салтанатты жиынды Қытай орталық телевизиясының 7 арнасы ұйымдастырып, көрсетті. Барша жұрттың, «миллиондаған көрерменнің назары бүкіл ел бойынша, 55 ұлттың арасынан сараланып шыққан, миллиардтың ішінен маңдайы жарқырап, сахна төрінде тұрған 10 үздік еңбек еріне» ауды. Солардың қатарында Шыңжаңдағы Ерентаудың қойнауына қоныс тепкен Құтыби ауданы, Торғайты қалашығы, Торғайты ауылынан келген қазақ Бақытқан Қазезұлы да бар еді.
Ойпырау, деп ойлайсың ғой, Шыңжаңның бір қуысында, торғайдың ұясындай Торғайты деген ауылдағы қазақты қытай қайтып тауып ала қойды? Оны неге еңбек ері етіп, аспандатып, жарнамалап жатыр. Әрине, ағамыздың еңбек еткенін, елге көмектескенін жоққа шығаруға болмас. Бірақ, ондай адам жалғыз емес қой, шыңжаңдағы қазақ арасында мыңдап болмаса да, жүздеп саналады, әр өңірде бар. Тағы да астарына үңіліп көріңіз. «Әбілезім марапаттан» шыққан иіс бұнда да бұрқырап тұр. Неге?
Өйткені, «еңбек ері» атанып жатқан қандасымыздың ең басты артықшылығы – 2012 жылы жергілікті үкімет орнының қолдауымен 56 малшының басын қосып, Шыңжаңда тұңғыш рет жайылым мал-шаруашылық коперативін құрғаны екен. Ал, онда тұрған не бар? Өйткені, малшы қауым (малшы қауым әрине қазақтар-ред.) қолдағы малының санын арттыруға, жайылымды дұрыс пайдалануға аса мән бермей, байырғы сүрдекпен жүріп келе жатыр екен. Бұл олардың жаңаша жолмен ауқаттануына, әрі күн сайын тұяқ кесті болып бара жатқан мал өрісін қалыпқа келтіруге себі тимейтін жол екен. Енді не істеу керек? Осы Бақаң секілді бар малшыны отырықтандырып, малды бір орыннан, қорада, қолда бағатын болу керек. Сонда ғана «өркенді, осызаманғы» жолға түседі қазақ. Ал, жерді қайтеді? Жер қалпына келуі келер-ау, бірақ қазақтың қолына қайтып келмейді екен. Ол қалай? Ол оңай, «Батысты ашу» деген науқан басталғалы қытайлар Шыңжаңға, әсіресе қазақ мекендеп, атамзаманнан мал бағып келе жатқан қоныстарына – көрікті жайлау, құйқалы қыстау, көлемді көктеу, күзеулеріне көздері қызарып келе жатыр. Алдын азын-аулақ ақша беріп, үкімет орындары, жеке қытай кәсіпкерлері алып та жатыр. Алайда, қазақтың дені әлі өз жеріне иелік етуде. Енді ол жерлерді жалғасты қолға түсіру үшін осындай малды қораға қамап баққан адамдарды үлгі етіп, атақ-даңқын асырып, басқалардың көзіне көлденең тарту. Сонда, әлгі жеріне тістей жабысып отырған қазақ «бұл да жөн» екен деп, ежелгі көпшенді мал бағу дәстүрінен жеріп, буыны босай қалады. Олардың буынымен бірге жері де босайды, сол бос жерге біраз жылда қара қытай топырлап тола қалады. Міне, қытайдың көздеп отырғаны осы...
Қорытындылай айтсақ, қытай қазақ пен ұйғырды бекер мақтамайды, бұл мақтамен бауыздау емес, «мақтаумен бауыздау». Сөйтіп, ұйғырды басып, жаншып ұстайды, ал қазақтың жерін алады, жері жоқ қазақ – қытайға тәуелді. Сондықтан, «еңбек ері, әсерлендіруші» деген атақтан қашқан дұрыс. Ондай марапаттан айырлсаңдар айырыла беріңдер, ең бастысы жеріңнен, тілің мен діліңнен айырылма. Басқасының бәрі өтірік, өткінші...
Ақтамберді АСПАН
«The Qazaq Times»