Оңтүстік Шыңжаңда бір ауданнан 10 мыңнан астам адам түрмеге қамалған. Бұл туралы кеше, 16 мамырда Associated Press агенттігі шетелдердегі ұйғыр белсенділері жария еткен ШҰАР полициясының деректер қорындағы мәліметтерге сілтеме жасай отырып хабарлады.
Хабарда 267 мың халқы бар Көнешаһар ауданында 10 мыңнан астам адам «терроризмге қатысы бар» деген айыппен түрмеге қамалғаны туралы айтылады. Associated Press Көнешаһар халық санымен есептегенде әр 25 адамның біреуі түрмеге қамалғанын, бұл әлемде ең жоғары көрсеткіш саналатынын айтқан.
ШҰАР полициясының деректеріне қарағанад, Көнешаһар ауданындағы қамауға алынғандардың бір ғана ортақ ерекшелігі – ұсталғандардың бәрі ұйғырлар. Олар әр салада жұмыс істеген ер-әйелдерден, жастар мен қарттардан құралған, басым көпшілігі 2017 жылы қамауға алынған, жаза мерзімдері де әр түрлі – 2 жылдан 25 жылға дейін.
Associated Press агенттігі бұндай деректерді шетелдегі ұйғыр белсенділерінен топтастыра отырып салыстырғанын, алайда алғашқы дереккөзді Шыңжаңдағы тәуелсіз зерттеуші Бин Жиын анонимді дереккөзден алғаны туралы айтады. Бұл анонимді дереккөз өзінің ханзу (қытай) ұлты екенін айтады және ҚКП-ның Шыңжаңдағы саясатына қарсы екенін білдірген. Жария болған бұл дерекқордағы мәліметтерде бір назар аударарлығы, ондағы тізімдер адам өлтіру, тонаушылық, ұрлық, т.б. қатарлы «кәдімгі» қылмыстық айыптарды қамтымаған, көбіне-көп «терроризм» және «экстремизм» айыптары немесе дәстүрлі түрде саяси диссиденттерге қарсы қолданылатын «жанжал шығару, алауыздық тудыру» дейтін «қалтадан қосылатын айыптар» кездеседі.
Мәліметтерге сай, бір ғана Көнешаһар ауданындағы түрмеге қамау көрсеткіші АҚШ-тағымен салыстырғанда 10 есе, ал Қытайдың 2013 жылы көрсеткен ресми мәліметтерімен салыстырғанда 30 есеге көп. Шыңжаңдағы жаппай түрмеге қамау жүйесін ұзақ уақыт зерттеген ғалым Даррен Байлер бұл тұтқындаулар мен үкімдердің көпшілігі мәжбүрлі және соттан тыс шығарылған болуы мүмкін дейді. Ұсталғандардың көбінің айыбы шетелде туыстарының болуы немесе ұялы телефонына кейбір қосалқы бағдарламаларды немесе деректерін жүктеп алғаны болуы мүмкін екенін айтады.
2016 жылдың соңынан бастап ҚКП билігі Шыңжаңдағы «сепаратизм», «терроризм» және «экстремизм» деген үш күшке қарсы «қатты соққы» әрекеттерін бастады. 2018 жылғы Қытай соттарының деректерінде Шыңжаң соттары үкім шығарған адамдардың саны 2014 жылы шамамен 21 мың адамнан 133 мыңға көбейген.
Әмина Адайхан