Қазірге Қытайдағы қазақтардың жағдайы еліміздегі жұртшылыққа белгілі. Ондағы қандастарымызға көрсетіліп жатқан қысымды қайталап айтып жатпасақ та, көзқарақты қауым анық біліп отыр. Қазақстандық үкімет тарабынан, оның ішінде ҚР Сыртқы істер министрлігі жағынан жасалған азды-көпті жұмыстар мәселені түбегейлі шешіп кете алған жоқ. Жекелеген азаматтар құрсаудан құтылғанымен арғы беттегі ағайынның басым көбі тар қапаста күн кешуде. Соңғы кезде Қытай билігінің құрығы шекарасынан алқып шығып, егеменді еліміздің ішінде де оңды-солды сермеле бастады.
Қытайдың Шынжаң жерінде болып жатқан «экстремизм мен терроризмге қарсы күрестегі» асыра сілтеушілік атамекеніне білім алуға келіп жатқан қазақ жастарына қысым түсіріп, оларды еріксіз оқуынан айыруда. Каникулда үйіне қайтқан студенттерді Қытайдың жергілікті құзырлы орындары тергеуге алып, құжаттарын тартып алып, Қазақстандағы оқуын жалғастыруға жібермей жатқаны бұған дейін де баспасөзде айтылып келеді.
Бұндай қысымға ұшыраған студенттердің саны туралы да түрлі деректер айтылып жүр. Көбіне қырықтан астам студент жастың үйіне қайтқаннан кейін қудалауға ұшырағаны, қамалғаны айтылады. Шын мәнінде бұл қатардағы жастардың саны бұдан әлде қайда көп болуы мүмкін. Себебі, осы мәселені сұрастырып, бірнеше қаладағы ЖОО-да Дайындық факультеттерінде оқып жатқан студенттерді тауып хабарласқанымызда, әр қайсы өз факультетінен кемінде оннан астам студенттің қыстық каникулдан кейін келе алмай қалғанын айтты.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университетінің Дайындық факультетінде оқып жатқан Асылбек Ержанұлы қаңтар айында Шынжаңның Тарбағатай аймағында тұратын үйіне барғаннан кейін, қайтып келе алмаған. Оған хабарласқан группаластарының айтуынша, жергілікті құзырлы орындар оның паспортын себепсіз тартып алған және күшін жойған (қиып тастаған). Аталған оқу орнындағы бұған ұқсас он неше студенттің бар екенін айтады. Тіпті, Қазақстанның ЖОО-да оқып жатқан студенттерді де ата-анасына қысым түсіріп, Қытайға шақыртуда.
Бізді алаңдататыны, осы қатардағы ЖОО-лардың жеткілікті деңгейде қузаушылық етпеуі. Білім және ғылым министрлігі, Сыртқы істер министрлігі арқылы өз студентін сұрастыру мүмкіндігі, шарасыздық танытуы. Студенттерге жоқтаушы, сұраушы болғанды былай қойып, Қытайдан келген студент жастардың жеңілдігін қысқартып, тіпті жатақханасынан қуалап жатқан Атырау Мұнай және газ институтындағы жағдайды «Дат» басылымы жазған еді.
Ең бір алаңдататыны – қазір Қазақстандағы Қытай елшілігінің өкілдері облыс орталықтары мен ірі қалаларымыздағы Қытайдан келіп оқып жатқан қазақ студенттерін аралап, кездесу өткізуде. Бұндай кездесуге қатысушылардың айтуынша, Қытай елшілігінің өкілдері қазақ жастарына қытай тілін ұмытпауды, ол әлемдік тіл болатынын, «отанға қайтып, жоғары жалақыда қызмет етуі» керек екенін үгіттеген. Біздің биліктің селқостығы сонша, мұндай кездесулерде ҚР СІМ-нің бірде бір өкілі еріп жүрмеген. Қытай елшілігінің өкілдері мұндай кездесуді Алматыда және 9 сәуір күні Тараз қаласындағы мемлекеттік университетінде де жасаған. Ал, бүгін 16 сәуір Астана қаласында жасамақ.
Бір елдің шетелдегі елшілігі сол елде тұратын өз елінің азаматтарымен жұмыс жасауы қалыпты істей көрінгенімен, тура қазіргі жағдайда бұның сипаты тым бөлекше. Қытайға барып қайта алмай жатқан студенттердің мәселесін шешуге құлықсыз елшіліктің, атамекенінде жүрген қазақ жастарына «Қытай Халық Республикасына қарыздарсыңдар» деген мазмұнда сөз сөйлеп, қуғын-сүргін ортасына қайтаруға тырысуын қалай түсінсек болады? Оған біздің ҰҚК мен Сыртқы істер министрлігінің көз жұма қарағанын қалай түсінеміз?
Анығында, қазір елімізге Қытайдан келіп білім алып жатқан қазақ жастары сол елден келетін жастар көшінің соңғы легі болып қалуы бек мүмкін. Қытайдағы жағдайдың күннен күнге ушығуы, ондағы этникалық қазақтарға жасалып жатқан қуғын-сүргіннің үдей түсуі, ал қазақ билігінің оған жетерлік араша бола алмай отырған жағдайда солай демеске не шара! Оқи жүріп осы елдің азаматтығын алу үшін сандалған сансыз қазақ жастары, керекті-керексіз ала қағазын көтеріп, қажетті-қажетсіз қаншама есіктерді түгендеп жүр. Осы жастардың азаматтық алуына жеңілдік беріп, онсызда қамкөңіл қазақ баласына отанның ыстық құшағын ашсақ болмас па еді.
Арғы беттегі 2 миллионға жуық қазақтың тағдырына араша түсе алмасақ та, қырғидан қашып бүргенге паналаған торғайдай аз ғана қазақ жастарына атамекені, отаны ретінде пана болуға қашып құтылмас борышымыз бар еді. Әлде, дамыған отыз елдің қатарына талпынып жатқан елдің бұта-бүрген құрлы панасы жоқ па?! Қытайдан білім іздей келген жастардың басым көбі осы топырақтың бір гүлі болып егіліп, осы шаңырақтың бір уығы болып қадалып өз үлесін қосуға қалып жатыр. Сондықтан да, біз Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Білім және ғылым министрлігі және барлық қатысты органдардың бұл мәселеге көңіл бөлуін үміт етеміз.