Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 27 жыл болды. Осы уақыт аралығында Ақорда маңайында анау айтқандай өзгерістер болмаса да, оған қарсы оппозициялық топтардың құрамы мен ұстанымында айтарлықтай өзгерістер болды. Осыған байланысты бүгін біз Тәуелсіз Қазақстанның 27 жылдық саяси өміріндегі оппозициялық партиялар мен олардың көшбасшыларына қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
Жалпы, Қазақстан оппозициясының «даму» немесе «құлдырау» тарихы тәуелсіздік алғанға дейін басталады. Себебі Тәуелсіздік алған жылдарға дейін ел аумағында Кеңестік жүйеге қарсы түрлі ұйымдар, газет-журналдар жұмыс істеді. Олардың саны 1986 жылы болған желтоқсан оқиғасынан кейін көбеймесе азайған жоқ. Бірақ бұл кезеңде ел аумағында "Коммунистік партияға қарсы келетін қандай да бір толыққанды оппозициялық партия немесе ұйым болды" - деп айту артықтау. Десе де 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған уақытта ел аумағында «партия» атауы бар 8 қоғамдық-саяси ұйым бар болды. Олардың бесеуі 1991 жылдың тамыз айында болған Мәскеу оқиғасынан кейін құрылса, қалған үшеуі оған дейін құрылған. Атап айтқанда Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда оппозициялық бағытта Сергей Дуванов пен Дос Көшімнің басқаруындағы Қазақстан социал-демократиялық партиясы, Хасен Қожахметовтың төрағалығындағы «Желтоқсан» ұлттық-демократиялық партиясы және Арон Атабектің басқаруындағы тәуелсіз «Алаш» ұлттық партиялары болды. Бұл үш партия Тәуелсіз Қазақстан оппозициясының тарихына ең алғашқы толыққанды саяси партиялар ретінде енді. Бірақ олар үлкен күшке ие болған жоқ. Әр қайсысы өз бетінше бытыраңқы түрде жұмыс істеді. Олармен қатар Қазақстан аумағында «Қазақстан халқының конгрессі», «Азат», «Единство» сияқты партиялар болды. Бірақ оларда шын мәніндегі үлкен саяси күшке айнала алмады.
Қазақ оппозициясының келесі толқыны саяси аренаға 1998 жылы келді. 1994-1997 жылдары премьер-министр қызметін атқарған Әкежан Қажыгелдиннің 1998 жылғы президент және 1999 жылғы парламент сайлауы қарсаңында құрған «Әділ сайлау үшін» қоғамдық комитеті кейіннен РНПК оппозициялық партиясына айналып, билікке шын мәнінде бәсекелес болды. РНПК елдегі оппозициялық күштердің басым көпшілігін өз маңайына топтастырды. Бірақ осының барлығына қарамастан Қажыгелдин 1998 жылғы президент сайлауына жіберілген жоқ. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, 2001 жылы сырттай 10 жылға сотталды. Осыдан кейін РНПК партиясы «Азамат» және Халық конгрессімен бірігіп Демократиялық партиялар бірлестігін құрды. Бірақ бұл бірлестік те ұзақ өмір сүрмеді. 2002 жылы РНПК бастаған Демократиялық партиялар бірлестігі «Қазақстан домократиялық таңдауы» құрамына кірді.
«Қазақстан демократиялық таңдауы» партиясының саяси аренаға келуі де қоғамда қызу талқыланды. Бірақ бұл партияның маңайына топтасқан адамдардың басым көпшілігі бұрын билік басында болған тұлғалар болды. Олар президенттен өзгесінің барлығын сынады. Алайда белгіленген шеңберден шықпады. Сырт көзге оппозиция өкілдері Ақорда ауласына қайтып оралу үшін «ұрандап» жүргендей көрінді. Бірақ жаңа да ескі оппозициялық партия құрамында Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әбілязов сияқты билікпен ашық айқасқа шыққандар да болды. Бірақ олардың бұл әрекетінен түк шықпады. Екеуі де түрмеге жабылды, кейіннен елден кетті. Осыдан кейін оппозицияның халық алдындағы беделі күрт төмендеді. Қалың бұқара оппозицияға сенбейтін хәлге жетті. Бір сөзбен айтқанда бүгінгі күні сайлау кезінде ғана халық алдына шығып бар екендіктерін білдіретін оппозиция өкілдері жоғарыда аталған партиялардың бір жұрнағы ғана.