Білім саласын цифрландыру алдағы уақытта балаларға арналған барлық оқулықтар мен көрнекі құралдардың электронды формаға өтетінін көрсетеді. Алайда барлық электронды құралдар, ноутбуктер, интерактивті тақталар, планшеттер денсаулыққа, әсіресе балалар көзіне аса зиян. Бұл туралы бүгін ҚР парламент мәжілісінің депутаты Құралай Қарекен мәлімдеді.
"Адамға әсер ететін физикалық факторлармен жұмыс талаптарының санитарлы ережелері бойынша, балалардың онымен жұмыс істеуі жасына қарай екі сағаттан артық болмау керек. Ол гигиеналық түрде анықталған. Алайда оқушылардың күніне бес сабақтан көп оқитынын және олардың онсыз да гаджетке деген қолжетімдігін ескерсек, олардың электронды құрылғымен өткізетін уақыты әлдеқашан нормадан асып кеткен", - деді ол.
Депутаттың сөзінше, Microsoft басшысы Билл Гейтстің өзі балаларының 14 жасқа дейін смартфон пайдалануына тыйым салған.
"Әрине, мектептерде электронды құрылғылардың пайда болғаны жақсы. Бірақ ең бастысы, сол гаджеттің барлық түрлері, оқушыларды білімнен алшақтатпай, оған тарта білсе болғаны. Міне, осыған орай электронды құрылғылармен жұмыс істеу уақытын реттейтін гигиеналық нормаларды өзгерту жоспарланып отыр ма?", - деді Құралай Қаракен.
Ал денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой болса, электронды құрылғылар оқушалырдың жұмыс істеу қабілетіне және көзіне ауыр болатыны ғылыми дәлелденгенін атап өтті.
"Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде нақты зерттеу жүргізілген жоқ. Профилактика негізінде көзге жаттығу жасау тәсілдері бар. Біз міндетті түрде жұмыс тобын құрып, зерттеу жүргізетін боламыз", - деді вице-министр.
Алайда Цойдың бұл сөзіне Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева: "Негізі сіз білім министрлігін басып озуыңыз керек. Білім министрлігі енгізейін деп жатыр, ал сіздер оны енді ғана зерттемексіздер. Бәрі аяқталған соң ғана оның балалар денсаулығына қалай әсер еткенін көрсетпексіздер. Сіздер алдымен министрлікке қалай және не істеу керектігін айтуларыңыз керек. Ең бастысы - біз балаларға зиян келтірмеуіміз керек", - деп сыни пікір білдірді.
Айта кетейік, бұдан бұрын БҒМ басшысы электронды оқыту бағдарламасының толық қолжетімдігін қамтамасыз ететін цифрландыру концепциясы әзірленіп жатқанын мәлімдеген еді.