Редакция Қазақстанның он алтыншы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен жоспарланған көлемді сұхбаттың аңдатпа түрінде бір қайырымын назарларыңызға ұсынады. Ұзақ уақыт реформадан көз ашпаған отандық білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер – мектептегі жемқорлық (Шымкент қаласындағы 125-мектептің кейсі мысалында), мұғалімдердің құқығын қорғау, басы артық шаруаға араластыру және саяси науқандарға тарту, педагогтердің күреске ашықтығы, ҚазҰУ қалашығының ортайған даулы жері, Болашақ бағдарламасы түлектерінің міндетті мерзімін өтегеннен кейін шетел асуы, QazVac вакцинасының қауқары... жөнінде айтылады.

12 сәуір күнгі ОртКом-да өткен брифингте министр Асхат Аймағамбетов «Сізбен бөлек, жақсылап тұрып, емін-еркін сөйлесу керек деген тұжырымдамаға келіп отырмын. Егер сіздің уақытыңыз болса, жақсылап тұрып кездесіп, білім-ғылым саласындағы әртүрлі мәселелерді бірге талқыласақ, онда сіз де көп сұрақтарға дербес әрі толық жауап алатыныңызға сенімдімін. Сондықтан уақыт тапсаңыз, кездесіп әңгімелессек», – деп уәде берген еді.

QT: Өзіңізге белгілі қоғамда қызу талқыланған  Шымкент қаласында орналасқан 125-мектептегі «жемқорлық» мәселесі. Жарты жылдан бері редакция осы туралы зерттеп-жариялап келеді. Бүгінгі таңда істің жай-жапсары жайлы тағы қандай мәліметтер анықталды? Қай деңгейде қаралып жатыр?

Министр: Педагогтердің маңызды мәселесіне көңіл аударып, бір мектептің мысалында болсын қоғамдық деңгейде көтергендеріңіз өте дұрыс. Ақпарат құралдарының мәселені жарыққа шығаруы – педагог мәртебесін күшейтудің бір жолы. Бұл үшін тек алғыс айтамыз. 125-мектептегі мәселе былтыр қараша айында көтерілді. Дереу тексеріс жүргізілді, анықталған кемшіліктер бойынша мәлімдеме жасалды. Соған байланысты директор (ол кезде жұмыста болмады – министр) орынбасарына айыппұл салынды. Шымкент қалалық білім бөлімі министрлік тапсырмасы негізінде тиісті шара қолданып, директор мен орынбасарын қызметінен босатқанын хабарлады. Биыл да екінші тексеріс жүрді. Бұл жолы тек осы іс қана емес, білім сапасы, жұмыс тәртібі жағынан жан-жақты қарап, тереңінен талдадық. Сәйкесінше тағы да келеңсіз жағдайлар және кемшіліктерге жол беріліп келгені анықталды. Қазір қажетті шаралар қолға алынып жатыр. Біраз ақпаратты құқық қорғау органдарына жинап-буып өткіздік. Олар өз құзіреті шеңберінде қарап, бір шешімге келеді.

Маған түскен ақпарат бойынша, орнынан алынған директор өз жұмысына оралуға әрекеттеніп, басқарманы сотқа беріп жатыр. Енді сотқа жүгіну әр адамның дербес құқығы. Бірақ бір анығы, сот басқарманың лауазымынан босату туралы шешімін өзгеріссіз қалдырып, оның дұрыс екенін растаған. Ал алдыңғы директор апеляцияға берген көрінеді. Барлығы заң аясында жүреді. Біз өз тарапымыздан жасалатын барлық шешімді қабылдадық. Енді қазір соттың және құзіретті органдардың шешімін күту керек.

QT: Бұл бір ғана мектептегі жағдай. Республика бойынша ше?..

Министр: Осы тәрізді келеңсіз жағдай орын алған жағдайда тиісті шешім қабылданып жатыр. Мысалы, 2020 және 2021 жылдары бізге жолданған шағымдардың 100-ден астамы орынды деген тұжырымға келдік. Әр шағымға сәйкес қажетті шара қабылданды. Мәселелердің басым бөлігі ата-аналарға, мектеп және бөлім басшыларына байланысты болды. Заңның алдында бәрі бірдей. Егер мұғалімдердің құқығы шектелсе не бұзылса, онда әрине заңға сәйкес тиісті шара қабылдаймыз және қабылдап жатырмыз да. Бұйрық шеңберінен тыс түрлі есептерді сұрату, міндетіне кірмейтін бөгде жұмыстарға тарту, балағаттау т.б. сипатта құқықтары бұзылса, айыпталушы тиісті жауапқа тартылады. Қазір заңда белгіленген тетіктер бар.

Олай дейтінім… Бұған дейін, «Педагог мәртебесі туралы заң» қабылданбас бұрын осыған ұқсас мәселелер қалай қаралды? Келген шағым білім бөліміне келетін, ал бөлімнің мән-жайды жан-жақты қарауына құзіреті шектеулі еді. Сондықтан көп жайт шешім таппай жатты.

QT: Бірақ жүйеде бәрі мұнтаздай болғанымен, жергілікті деңгейде кейбір мәселелер елеусіз қалды. Өңірдегі мамандар мұғалімдерді «сабырға шақыру» деген уәжбен «басуға тырысқан», комиссияның зерделеу жұмысы шашау жүрген, кейбір құжаттар шығарылған деген де айтылды. іс жүзінде кем-кетігі көп, бірақ басшылардың сөзінде «жақсы есеп» болып көрінеді. Неге?

Министр: Нақты кейсті көріп отырмыз ғой. Шешім қабылданды, сотқа дейін жетті, құзырлы органдар қарауына алды, жұмыстан босатылды. Осы тұста тағы бір мәселе бар. Айтпасқа болмас. Кей әріптестер әлеуметтік желілерде мәселесін анонимді түрде айтады. Жауапты мамандарға дереу жағдайдың жай-жапсарын, қай мектепте болғанын анықтауды тапсырсам, ол кісі ақпарат бермей қояды. Батыс елдерінде, бізде болса да, барлық дүние заң аясында қаралады. Кез келген жағдай заңға сай қаралып-шешіледі. Сіз айтқан мысал тәрізді «мына мектепте осындай жағдай болды» деп нақты көрсетсе, онда жағдай түзеліп, тиісті шара қабылданатын еді.

QT: Мұңын шағатындар неліктен «жабық» деп ойлайсыз? Ашық қоғамда анонимді арызға мұқтаждық себебі не?

Министр: Енді… көш жүре түзеледі дейді ғой. Қазір мұғалімдерде нақты сенім пайда бола бастады. Жазып, ашылып айтатындар артты. Әйтпесе осыған дейін қаншама жыл білім саласында жүрдік.  Қазір тоқсанына бір рет белсенді, айтары бар мұғалімдерді жинап алып, 3-4 сағат әртүрлі мәселені қозғап, әңгімелесеміз. Бұрын осындай болды ма? Әрине, онда түрлі сұрақтар мен эмоционалды мәселелер көтеріледі. Мұндай кездесулер қажет, онсыз қалай болады?.. Сондықтан қазір тікелей қарым-қатынастамыз, шағымдарға шара қолданып жатыр. Ахуал бірте-бірте арнасына келе бастайтынына күмәнім жоқ. Бұл саяси, мәдени құндылықтарға, әбден үйреніскен паттерн жайттарға қатысты мәселе. Мұғалімдер де, біз де құқық қорғау  бағытында белсенділік танытып, шын мәнінде қолдап, сондай жақсы күнге жетер кез алыс емес дегім келеді.

QT: Құқығы бұзылған мұғалімдер әр мәселе бойынша ақпарат құралынан бұрын тиісті мекемелерге жүгінуі үшін қандай үндеу айтар едіңіз? Бұл құзырлы органдардың сенімнен шыққанын аңғартпай ма?

Министр: Әріптестерге айтарым, әр өңірде жауапты департамент пен білім бөлімі, директор бар. Мұғалім мәселені әуелі директорға айтуы керек. Егер директорға шағымы болса, онда білім бөліміне жүгінуі қажет. Мәселе бұл деңгейде шешілмейтінін білсе, департаментке барған жөн. Айталық, жергілікті  деңгейдегі мекемелерден тыс республикалық орталық ведомствоға, министрге шықса, демек бұл аймақтағы жауапты тұлғаларға сенімнің кем екенін көрсетеді. Әдетте осындай шағым келген кезде өңірлердегі басшыларға жұмыс сапасына көңіл толмайтынын айтып-ескертіп жатам. Сондықтан алғашында астанада, биылдан бастап әр аймақтан арнайы педагогикалық әдеп комиссияларын құрдық. Оған өңірдегі қоғам белсенділері мен сарапшы мамандар, депутаттар кіреді. Мәселелер осы кеңес шеңберінде шешім табуы қажет. Мәселені бір ғана министр шешпеуі керек, жүйе жұмыс істеуі керек. Ол дегеніміз әрбір қызметкер өз деңгейіндегі мәселені дұрыс шешіп отыруы қажет.

QT: 8 сәуірдегі брифингте біздің қойған сауалымызға әдетте биліктің «қолбаласына» айналатын «Мұғалімдерді саяси науқанға күштеп тарту – дұрыс емес» деп едіңіз. Өткен сайлауда ұйымдастыру ісіне неше мұғалім қатысты, алдағы Ұлттық санақта еңбекақы төлейтіндіктен еркінен тыс тарту жағы қалай шешілмек деп сұрап едік. Бұл қашан тыйылады? Соны қайталай сұрасақ...

Министр: Әр мұғалім – бір-бір тұлға. Егер осы сияқты бір жұмысты еркінен тыс жүктеп міндеттесе, онда үндемей отырмауы керек. Көндіге салмай келіспейтнін білдіріп, тиісті шағым жазсын. Осы уақытқа дейін бізге әртүрлі саяси науқандар бойынша келіп түскен бірде-бір шағым жоқ. Алдағы Ұлттық санаққа мұғалімдердің қандай қатысы бар? Егер педагог өзі талпынып, барам десе – өз еркі. Мұғалім сабағын жүргізіп, баламен жұмыс істеуі қажет.

Қоғам бір нәрсені түсінсе деймін. Мұғалімдердің мәртебесіне келер болсақ, қазіргі және заң қабылданғанға дейінгі жағдайдың арасы жер мен көктей. Әрине, бірер жылда бәрі өзгеріп, 100 пайыз жақсарып кетті деп айта алмаймыз. Әйтсе де бұрынғы және бүгінгі жағдай мүлдем басқа. Мұғалімдердің қазіргі санасы мен қабылданған шешімдер алдыңғыға қарағанда басқа деңгейде. Осы себепті мұғалімдердің мәртебесі, соның ішінде артық жұмысқа тартпау, жалақысын өсіру бойынша жақсы өзгеріс бар деп айта аламын. Мемлекет бұл жұмысты жалғастыра беруі керек. Науқан күйінде қалып қоймай, жүйелі түрде әбден қанымызға да, күнделікті өмірімізге сіңетіндей етіп жүргізу – өте маңызды. Сонда ғана мұғалім мамандығы мен педагог қадірі артып, құты молаяды деп ойлаймын.

QT: Демек биылғы Ұлттық санақта басшылықтан бейресми «бұйрық» болмайды ғой, солай ма?

Министр: Ешкім ешкімді бұйрық беріп, міндеттеп қатыстыра алмайды.

QT: Тағы бір өзекті тақырыпқа ойыссақ. Кейінгі 27 жылда «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алуға жолдама алған 14 мыңнан аса қазақстандықтың 7846-сы елге оралып, міндетті қызметтік борышын өтеп үлгерді. Олардың нешеуі елде қалды, шетелге уақытша және біржола көшіп кеткендер жайлы зерттеу жүргізесіздер ме? Қандайда бір есеп бар ма?

Министр: Зерттеудің бәрі бар, сіздерге бергізейін. Нақты талдау керек болса, оны сіздерге береміз. Қазір кейбіреулер «қаншамасы оқыды, оның барлығы кетіп қалды» деп айтады. Бұл – қате ақпарат. Осы уақыт аралығында өтеуге тиіс міндеттемесін өтемей-оралмай, сыртта қалып қойған 180-ге жуық адам болды. Бұл – өте аз пайыз. Өкінішке қарай, қайсыбір бағдарлама болса да, мұндай жағдай болып тұрады. Шын мәнінде, «Болашақ» бағдарламасы – Тәуелсіздіктің жаңа тарихындағы сәтті жоба. Жастарға «әлеуметтік лифт». Мұны қалталы, бай-манаптылардың балалары түсетін бағдарлама етіп көрсеткісі келетін қауесет те жоқ емес. Бұл – шындыққа қабыспайды. Тізімді қарасаңыздар, ата-аналарын көруге болады. Қаншама қарапайым азамат озық дәрежедегі оқу орындарынан білім алып келіп, қазір түрлі салады қызмет етіп жүр.

QT: Асхат мырза, наурыз айындағы жазбаңызда қоғамда үлкен дау туғызған мәселе – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тиесілі жер учаскесінің шамамен 0,8 гектарға азайғанын растап жаздыңыз. Ақпарат беттерінде бұл аумақты иеленген компанияның артында экс- президент Назарбаевтың күйеу баласы, елдегі ең бай адамдардың бірі Тимур Құлыбаев тұр деген дерек те тарады. Сіз сонда құзырлы органдар тексеріп жатыр деген едіңіз. Бұл жер қашан қайтарылады?

Министр: Бәрі заңға сәйкес болуы керек. Бұл мәселеге алдын ала пікір білдірмей-ақ қояйын. Кім, қалай, неге деген сияқты сұрақтарға тиісті тексеріс қорытындысынан кейін жауап береміз.

QT: Министрлікке қарасты отандық екпе жасауға жауапты Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты QazVac вацинасының зерттеуінің қорытындысы жөнінде неліктен әлі күнге дейін бірде-бір ғылыми халықаралық басылымға мақала жарияламады? Осы екпені алғаш салдырған алғашқылардың қатарында болдыңыз, өзіңізді қалай сезініп жүрсіз?

Министр: Өзімді жақсы сезінем. Анализдерімді жиі тексертіп тұрамын. Бұл ғалымдарымыздың зор жеңісі. Күні кеше ғана клиникалық сынақтың үшінші кезеңінің 50%-ынан өтті. Оны тиісті талдаудан өткізіп, халықаралық рецензиядан өтетін ғылыми басылымдарда жариялаудың алгоритмі бар, бұған уақыт керек.

Бізде қазір тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен үлкен іс-шара (Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты  XXIX сессиясы – QT)  өтетін еді. Бұл соңғы кездесуіміз емес. Сіздерге көп рақмет. Педагогтер, білім саласы туралы мәселе көтеретін болсаңыз, Алматыға арнайы келіп қуана-қауана сұхбат берем деп отырмын. Қалай болғанда да өткіземіз.

QT: Жақсы, келістік. Сұхбатыңызға рақмет.


Редакциядан: Брифингте берілген уәде тағы да уәдеге ұласты. «Ашықтық» пен «диалог» туралы жиі айтатын министрді «Еститін үкіметтің» бас менеджері ретінде көп ұзамай уақыт тауып, сөзін орындар деп үміттенеміз.

"The Qazaq Times"