Бірнеше жыл заңбұзушылықтар ошағы болып келген Шымкент қаласындағы атышулы 125 мектептегі экс-директор мен маңайындағылар және мұғалімдердің арасындағы дау әлі шешілмеген. Қазақстандық триада – мұғалімдер мен бұрынғы директор арасындағы тартыс басқарма басшылығымен соттасу деңгейіне ауысты. Арызданушы ұжым істі жүргізуге жауапты құзырлы органдардың сылбырлығына көңілі толмайды. Ал Әсет Сатыбалдиев өзін басшылықтан босатқан білім басқармасымен соттасып жатыр. Мұғалімдер «берекесі қашқан ұжымдағы ахуал енді жақсарып келе жатқанда экс-директор бар ресурсын пайдаланып, орнына қайтып келе ме» деп алаңдаулы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкенттегі департаментінің аға тергеуші Нұрдәулет Сәрсенбек Қылмыстық кодекс бойынша тергеу жүріп жатқанын және елде қоғамдық резонанс тудырған істің қашан сотқа жолданарын білмейтінін хабарлады. Әсілі, тергеуші бұл істі осыдан жетпіс күн бұрын, 10 желтоқсан күні қолға алған.
«Заң бойынша екі ай мерзімде тергеп-тексеру жүреді. Алдағы уақытта дәлелдемелер жинау жүреді, тараптардың барлығы шақырылады. Аудит сияқты мекемелердің қорытындысы келген соң, іс ретінде енді тіркелді. Толықтай тексеріс жүрді», – деген тергеуші 18 желтоқсанда редакция тілшісіне.
Басшылықтың жиналысқа кеткенін айтқан департамент қызметкері редакция тілшісін қабылдауға жазылсын депті. Асхат Жұмағали бірнеше айдан бері ресми сұрау жолдап келе жатқан ақпарат құралына істің жариялауға жататын жай-жапсары мен тергеудің аяқталатын болжалды мерзімі туралы мәлімет бергісі жоқ.
Шымкент қалалық білім басқармасының бастығы Жанат Тәжиева редакцияға әділдік үшін бәріне дайын екенін айтты.
– Сатыбалдиев Білім басқармасын сотқа берді. Сот шешімін күтіңіз, болды. Мен де жеңілмеймін. Білім прцесін ұйымдастыра алмаған, өз дәрежесіне келтіре алмаған адамды білім ұйымдарына қайта жақындатудың керегі жоқ. Бірақ бұл кісіге қатысты прокуратура мен финпол тарапынан тексеріс жүріп жатыр. Тексеру қорытындысы әлі қолыма түскен жоқ. Өзінің қызмет орнын қалпына келтіруге жазыпты. Мен оған қарсылық білдіріп отырмын. Конкурс жарияланып, жаңа директор сайланып қойды, – дейді басқарма басшысы.
Ол сот экс-директордың қызметтен босатылуын негізсіз деп тапқан күннің өзінде басқарма «құзырлы органдар тарапынан бұрынғы директордың тарапынан заң бұзылғаны анықталса, орнынан босатуға құқылы» екенін мәлімдеді. Сонымен қоса, Тәжиева Сатыбалдиевке ешқандай қысым болмағанын, босату жөніндегі арызды денсаулық жағдайына байланысты өз еркімен жазғанын алға тартады.
Сот үкімі Сатыбалдиевтің пайдасына шешілсе, онда аппеляциялық шағым түсірмек. Басқарма бастығының айтуынша, қараша айында жолданған хаттар бойынша құзырлы мекемелерден әлі күнге дейін қорытынды жауап келмеген.
125 мектепте не болып еді?
Былтыр күзде Шымкент қаласындағы 125 жалпы орта мектебінде бірнеше жылға жалғасқан былықтың беті ашылып, әкімшілік пен ұжымның арасында дау туған еді. 3,5 жыл бұрын есігін ашқан оқу ордасында мұғалімдер «жемқорлық, қаржы-мүлік жымқыру және қызметін асыра пайдалана отырып заңбұзушылықтарға жол берген» алғашқы директор мен маңайындағы орынбасарларын айыптап шағым түсірген.
Арызданушы ұжымның редакцияға ұсынған дерек-дәйектері бойынша, үш жылдан бері мектепте қаржы жинау, ауызбастырық алу, кәсіподақтың біржақтығы (директорға тәуелділігі), газет-басылымдарға мәжбүрлі түрде жазғызу, от жағушыны жұмысқа орналастырудан бастап декреттен оралған қызметкерді жемқорлыққа итермелеу, каникулда ремонтқа, көрнекілік құралдарға, әкімшілікке салынған айыппұлды өтеуге және туған күн-мерекелерге жөнсіз ақша жинау сияқты түрлі заңсыздықтар орын алған.
Антикор жалпы арызды нақты жағдайлар бойынша толықтыруды сұрағанда әр маман тап болған заңбұзушылық туралы жекелей қосымша арыз түсірген. Арызға 194 маман қол қойған.
Мұғалімдер жылдар бойы заңсыздық ордасына айналған білім ошағындағы кемшіліктерді ашып айтты:
- Кабинет сұрай барған логопед Дина Аденова және педагог-дефектолог Гүлбану Спатаеваға директор Сатыбалдиев өз қалталарынан кең-дәлізде кабинет жасауды тапсырған. Сәйкесінше әр маман жеке қаражатынан 75 мың теңге шығындап, пластиктен кабинет жасатқан. Салдарынан еңбек жағдайы мен мекеменің техникалық жоспары бұзылған. Сатыбалдиевпен байланысы күшті делінетін ұйымдастырушы- педагог Жарқынай Көшікбаева туралы «директор тоқалы» деген қауесет бар. Көшікбаева декретке шыққан соң орнына келген маман қатардағы кабинетке ауыстырылған.
«Оған мектептің төрінен барлық жағдайы жасалған, директор орынбасарында жоқ жаңа кабинет берілді. Ол кабинетті жиһаздармен (жұмсақ диван, шкаф, компьютер, мұздатқыш т.б) қамтыды» дейді мұғалімдер.
- Химия-биология пәні мұғалімдері А.Нармұратова, Б.Қалтаева, Т.Қамбарова, З.Таңжарова сияқты мұғалімдердің толық сағат жүктемесіне қосымша жарты ставка зертханашылық жұмыс жазылған. Мұғалімдер «қағаз жүзіндегі» артық ақшаны қолма-қол педагог ұйымдастырушы Жарқынай Көшікбаеваның талап етуімен жинауға мәжбүр болған. Бұл «пайданы» қызметкер Т.Қамбарова директор орынбасары Салиха Майлыбайдың каспий картасына 27 мың теңге көлеміне аударған. Сондай-ақ, кейбір мұғалімдерге сағат жүктемесі жетіспей жатқанда дәл осы сала маманы артық жүктемемен жүрген.
- Мектеп директорының тапсырмасымен Салиха Майлыбай бастауыш сынып мұғалімдері Дүйсенова Жадыра, Абибуллаева Гульнар, Мақұлбекова Ғазизаларға 18 сағат жүктемеден артық сағат жазып, оларға ескертпестен сол артық ақшаны түбіртегінен есептеп қолма-қол алып отырған.
- Былтыр қыркүйек-қазан айларында кезекші сыныпқа орысша оқытатын бастауыштағы екі сыныптың жетекшісі Рано Ахмедова де-факто жетекшілік еткенімен, де-юре жалақысы өзге бастауыш сынып мұғалімі Эльмира Амангельдиеваға жазылып келген.
- 2020 жылғы 8 қазан күні NAR TB телеарнасы мектеп жайлы бейнефильм түсірген. Сатыбалдиевтің бұйрығымен «телеарнаға» кезекші сыныптардың 10 оқытушысы әрқайсы 6,5-7 мың теңгеден директор орынбасары Салиха Майлыбайға жинап беруге мәжбүр болған.
- 2017-2020 ж.ж. оқу жылдарында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болып Талғат Асанбековтің растауынша, кәсіподақ қаржысын ай сайын директор Әсет Сатыбалдиев және ұйымдастырушы педагог Ж.Көшікбаеваға әкеліп беріп отырған. Кәсіподақ ұйымын басқаруда «атым ғана болды, барлық есеп-қисапты директордың өзі жүргізіп отырды, тек ортада жүрген шабарман болдым» дейді ол арызданушы тарапқа берген түсінік хатында.
2017 жылы мектеп ашылғанда алғашқы пед-жиында Сатыбалдиев өз қалауымен Асанбаевті ұсынып, бірден төрағалықа «сайлап алған».» Мектеп ұжымы амал жоқтан келіскен». «Кәсіподақ содан бері директордың нұсқаулығымен жұмыс істеді, айтқанынан шыға алмады». Төраға үш жылғы жарнаның қайда жұмсалғаны жөнінде ұжымға бірде-бір мәрте есеп бермеген, мұғалімдер игіліген көрмеген.
- Карантин шарасы күшейген тұста, яғни былтырғы 29 шілдеде директор санитарлық талапты ескерместен бастауыш сынып мұғалімдерін «аула тазалап, шөп жұлуға» міндеттеген. Бұл бұйрықты бұрынғыша орынбасары Салиха Майлыбай іске асырып, мұғалімдерді шақыртқан. Дәл осыған ұқсас ұжымдық жиналыс 30 мамырда да өткен.
- Заңдағы «демография саясаты бізде керісінше іске асты» деген мұғалімдер декреттен оралған маман жұмысын жалғастыру үшін де ақша беруге мәжбүр болғанына шағынады. «Жолашарға» қалтасы көтермегендер химия пәнінің мұғалімі Әлия Нұрлыбайдың күйін кешіп, өз орнына келе алмайды деседі. Сондықтан бірнеше жыл бойы жұмысқа химик 5 мұғалім (Дина Қамысбаева, Нұржан Бижігітов, Дәнегүл Кәрімбаева, Айдана Тұрдиева, Мадина Қаракөсеева) қабылданса да, ол жұмысына орала алмай келеді. Ал «бастықтың тәбетін басқандар» бір жылда-ақ қызметіне қайтып келетін «норма» қалыптасқан. Бұған бастауыш сынып мұғалімі Айымбике Әлмерденованың жағдайы дәлел бола алады. Айымбикеден директор 11.11.2019 ж-02.11.2020 ж. аралығындағы декреттік демалысынан кейін қайта жұмысқа тұруы үшін 200 мың теңге сұраған. Мұғалім бұл қадамға шарасыздықтан барғанын айтып-ашынады. Сатыбалдиев ақшаны әдеттегідей Майлыбайға арқылы алған. Қарапайым маман осылайша оның «каспий шотына 140 мың, қолына 60 мың теңгені» бөліп берген. Тағы бір кейс – Сапаркүл Апрежова декреттен кейінгі қызметімен қайта қауышуға 150 мың теңге ауызбастырық беруге мәжбүр болған.
- Үйде отырып білім алатын оқушыларға байланысты сағат саны да «ашық бәске» түсуді қажетсінеді. Бұған қол жеткізу үшін де ақша беруге мәжбүр. Майлыбайдың денсаулық жағдайы себепті үйде отырған М.Мұсабектің анасы А.Жалғасбаеваға жасаған әрекеті дәлел бола алады.
- Негізгі жүктемеден тыс әр сағат 2-5 мың теңге аралығында саудаланған. Басты кассирші – директор, Көшікбаева, Майлыбай.
- Директор, басшылық туған күндері «салықтың сазы» әуелейді. Бұрын 500 теңгеден еді. 28 қазан күнгі директордың туған күніне әр мұғалім 1,5 мың, ал бірлестік меңгерушісі 5 мың теңгеден «салық» өткізген.
- Жазғы еңбек демалысына шығарда әр мұғалімге кабинетін ақтап-сырлау, жөндеу, оған керек материалдарды жеке қаржысына алу міндеті жүктеліп келген. Кабинетке 2 мың, спорт залға 5 мың теңге мөлшерінде ақша жинап, құрылыс заттарын сатып алатын. Жөндеу ісі де мұғалімдердің мойнына артылған. Дәліз бен фойе қабырғаларына ілінетін көрнекі стендтерге былтыр мамыр-маусым айларында бастауыш сынып мұғалімдерінің әрқайсынан 5 мың теңгеден жиналған.
- Кабинеті бар мұғалімдер мен жетекшілер шаруашылық меңгерушісіне керек-жараққа (шелек, еден сүрткіш, аптечка, антисептик, қағаз сүлгілер т.б.) деп 2 мың теңгеден өткізуге мәжбүр болған. Бұдан басқа терезеге жапқыш-перде (жалюзи) алуға күзде 5 мың теңге алым берген.
- Санитарлық эпидемиологиялық қызметтің салған айыппұлы да мұғалімдерден өндіріліп келген. 2019 жылы мамыр айында келген айыппұлға 3 мың теңгеден жинаған. Былықтың беті ашылуына түрткі болған күзгі айыппұл сомасы кезекші сынып мұғалімдеріне 3 мың, ал қашықтан сабақ беретін мұғалімдерге 2,5 мың теңге шамасында үлестірілген. Бір қызығы, жүз елуден артық мұғалімі бар ұжымға бұл жолы небәрі 37 мың теңге айыппұл кесілген, бірақ басшылық шашқан ақшаның жиыны ондаған есе көп.
Кезекші сынып санатында офлайн оқыған 1 сыныптың мұғалімдеріне бірінші жартыжылдықтың әр айына 15 мың теңгеден «салық салынды». Әкімшілік мұны «сыныптар жабылмауы үшін» деп түсіндірген.
- Мектеп педагогтері кәсіби білігін арттыру үшін, яғни «Жаңартылған білім мазмұны», «Өрлеу» сияқты бағдарламаларына қатысуға әр мұғалім жалақысынан 5-20 мың теңге аралығында «жолашар» беріп отырған. Бастауыш сынып мұғалімі Орынкүл Үйсінбаева мұны айғақтармен дәлелдей алады.
- Бастауыш сынып мұғалімі атану да «ақша тұрған». Мектеп алды дайындық тобында сабақ беріп жүрген Роза Камалова биылғы оқу жылына 1 сынып қабылдау үшін Салиха Майлыбайға 175 мың теңге беруге тиістелген. Лажсыз берген.
- Біліктілік пен санат көтеру үшін тест тапсырып, құжат өткізетін мұғалімдер (модератор-педагог, сарапшы-педагог, зерттеуші-педагог, шебер-педагог біліктілігі бойынша) жай ғана модетратор деген статусқа лайық бола тұра, қағаз жүзінде растауға ақша беруге мәжбүр болып келген. Оған дәлел ретінде бастауыш сынып мұғалімі Ақсәуле Қасымбекова және дефектолог Дина Аденова 2020 жылы маусым айында модераторлықтан өту үшін 50 мың теңгені қазақ тілі пәнінің мұғалімі Меруерт Тұрдалиева қолма-қол берген. Тұрдалиева оқу ісі жөніндегі орынбасар Жамал Имантаевадан қағазға оралған ақшаны директорға беруін өтінген. Ал Имантаева мұндай «сәлемдемелерді» директорға алып барып, беріп отырғанын растайды.
- Кейінгі 3 жылдағы кітапхана ісі бойынша кәсіподақ мүшелері тексеріс жүргізіп, мынадай жайттарды анықтаған. Басылымға жазылу мақсатында әр мұғалімнен 2017-2018 оқу жылының І жарты жылдығына күштеп 3,5 мың, ІІ жарты жылдығына 4 мың теңгеден жиналып отырған. Келесі оқу жылына 4-4,5 мың теңге өткізген. Ал 2019-2020 жылдың І жарты жылдығына 5 мың теңгеден жинаған. Алайда екі жүзден аса кадры бар ұжымнан қомақты қаражат жиналып отырғанымен, «Экспресс почта» ЖШС-дан мектептің 2019-2020 жылдың І және ІІ жартыжылдықтарына жазылған газет-журналдардың төлемақысына қарыздығы жөнінде директорға хат келген. Қарыз 562 мың теңге көлеміндегі берешек соманы кітапхана ісінің меңгерушісі Айжан Тілегеннің мойнына ілген. Директор қарыздан құтылудың амалы ретінде «мұғалімдерден артық ақша жинауға» кеңес берген.
- Келеңсіз жағдайлар қоғамға жарияланғаннан кейін былтырғы қараша айының 8-інен 9-ына қараған түні сағат 1.30-дан асарда директор Сатыбалдиевтің інісі әрі мектептің шаруашылық ісі жөніндегі орынбасарының меңгерушісі Руслан Әбдінәбиев жұмыс уақытынан тыс мектепке келген. Көліктен түсе салысымен барлық бақылау камераларын сөндіріп, директор кабинетінен екі сөмке қағаз алып кеткен. Осы оқиғаға куә болған күзетші Біржан Дадуов және Қанат Бижанов куәлік беріп, әлеуметтік желіде мәлімдеме де жасады.
- Мектеп мүліктері ашылған жылдан кейін біршама кеміген. Алғашында, мектеп қолданылысқа берілген 2017-2018 оқу жылы пректорлар, жұмсақ орындықтар жеткілікті және әр кабинетте су жылыту құрылғысы болған.
(Мұғалімдер бастапқы-негізгі арызға қоса жоғарыда аталған әр тармаққа сәйкес құзырлы мекмелерге арыз-түсініктеме өткізген. Дереккөз: ұжымдық арыз)
Ұжым 3 қараша басқармаға дереу тиянақты тексеріс жүргізуді сұрап арыз тапсырған.
Осы тұста алғаш Азаттық радиосы аймақтағы тілшісі Дилара Иса мұғалімдердің жанайқайын елеп-назар аударып, бірнеше хабар жариялады.
Содан кейін білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева бірден мұғалімдердің шағымы бойынша 10-12 қараша күндері жүргізілген арнайы комиссияның тексерісі кезінде «арыздағы фактілердің кейбірі расталғанын» мәлімдеді.
Комиссия құрамына басқарма аппаратынан 6, өзге мектептерден 3 мүше кірген, алайда арызданушы ұжымнан ешкім енбеген. Зерделеу жұмысының барысына көңілі толмаған арызданушы тарап тексеріс кезінде кемшіліктер жіберілгенін айтып шағынды. Бұл жөнінде басқарма «арызданушылар өтініштер мен талап-тілектер бермегендіктен комиссия мүшелігіне қосылмағанын» және талапкер тараптың қатысуымен «зерделеу жұмысы ашық өтті», «қалалық білім саласын сапамен қамтамасыз ету департаментімен бірге ұжымға ұдайы құқықтық кеңестер мен әдістемелік көмек көрсетіп жатыр» деді.
Зерделеу жұмысының қорытындысына сәйкес:
- мектеп әкімшілігі мен педагогтер арасында ашықтық пен жариялылық қалыптаспағаны;
- басшылыққа жүктелген лауазымдық міндеттер мен талаптар тиісті дәрежеде орындалмаған, сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап-жоймағаны;
- сағат жүктемелерін бөлу процесі ашық болмағаны, әлеуметтік педогог М.Әкімбаеваға артық 12 сағат берілгені анықталған.
Басқарма бастығының орынбасары Айгүл Текебаева ресми жауап хатында Әсет Сатыбалдиев «өз өтініші негізінде» басқарманың былтырғы 11 қарашадағы №762 бұйрығымен жұмыстан босатылғанын хабарлады. Бірақ бұған дейін редакция тілшісі тілдескен Тәжиева «шудан кейін орнынан босатқанын» және «сол үшін Сатыбалдиев өшігіп, адвокат жалдап, соттасқалы жүргенін» мәлімдеген. Басқарма басшылығы кездесу өткізіп, мұғалімдерді алаңдатқан бұрынғы директор Ә.Сатыбалдиев арызданушы тарапты моралдық шығын өндіру мақсатында сотқа береді деген қауесетке негіз жоқтығын, «соттасса тек басқармамен соттасуы мүмкін» екенін түсіндірген. Алайда арада бірер ай өтісімен экс-директордың басқарма басшылығын өзін негізсіз босатты деген талаппен сотқа бергені белгілі болды.
Аты Сатыбалдиевтің басты сыбайласы ретінде аталатын бастауыш сыныптар бойынша директорының орынбасары Салиха Майлыбай лауазымынан алынды. Бірақ қазір қаладағы басқа мектепке ауысты. Сондай-ақ, кәсіподақ төрағасы Т.Асанбаевтың орнына ұжымның сайлауымен Д.Түйтенова сайланды. Бұрынғы директор орынбасарлары Б.Бертан мен Қ.Сүлейменовке тәртіптік шара қолданылды.
Басқарма ұжымдық арызды дау шыққан бойда, ал комиссия қорытындысын қосымша 19 қараша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкенттегі департаментіне жолдаған. Департамент басшысының орынбасары Б.Ұзынжас редакцияның сұрау хатына 22 желтоқсанда берген жауабында «Сатыбалдиевке қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігімен №207900131000185 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркеліп, қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатқанын» баяндады.
Қараша айының соңына қарай мұғалімдердің арызы бойынша қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы тексеріс жүргізе бастаған.
Мұғалімдердің сабырын таусыған «соңғы ноқта» – Санитарлық эпидемиологиялық қызметтің салған айыппұлы. Мектеп басшылығы санитарлық норманы сақтамағаны үшін 37 мың теңге айыппұл төлеген. Бірақ мұғалімдерден 3 мың теңгеден, жалпы 630 мың теңге шамасында қаражат жинаған. Ұжымдық арызға тиісті органдар дереу әрекет етпегендіктен, күманданған ұжым өз бетінше зерттеу-херделеу жұмысын жүргізген.
«Өзіміз – зерттеуші, өзіміз – тергеуші, өзіміз – бақылау болып жүрміз. Әкім орынбасары Шыңғыс Мұқан көмек беретін болар деп кіргенбіз. Жылы шыраймен қабылдаған. Тәуелсіз комиссия құрып береміз деп уәде еткен еді. Бұл сөз жүзінде қалып қойды. Біз соны тостық. Тәуелсіз зерттеуді өзіміз жүргіздік. Антикор о баста ешқандай заңбұзушылық анықталмады деген жауап хат берді. Енді қайда барамыз?..» – деген Ләззат Әжібекова, Ділбар Түйтенова, Меруерт Қайырова, Рано Абдиханова арызданушы ұжымның пікірін жеткізіп.
4 қарашада түскен ұжымдық арызға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысының орынбасары Б.Ұзынжас арада апта өтпей жатып «заңнаманы бұзушылықтар анықталмады» деп жауап берген. Аймақтағы мекеменің күдікті жауабынан соң бұған наразы ұжымның мәселесі туралы желтоқсан айының басында редакция атынан орталық аппарат басшысы Алик Шпекбаевқа ресми сұрау жолдадық. Сұрақ – жергілікті департамент «Арызды қарау барысында сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеуге негіз болып табылатын мән-жайлар анықталмады» деген қорытындыға қалай келді?
Қоғамда резонанс тудырған мәселе жөніндегі министрлікке жолдаған редакцияның сұрау хатына вице-министр Шолпан Карин желтоқсан айында басқарма жауабының көшірмесін сәл ғана түрлендіріп қайта жолдады. Министрліктің жағдайды жіті назарға алмауынан болса керек, бірнеше құзырлы мекеме шаш етектен кемшілік анықтағанына қарамастан, басқармаға қарсы бұрынғы директордың бас көтеріп жатқаны.
«Заңмен дәлелденсін деп жұмыстан шығармасам да болар еді. Бірақ мен мұғалімдер жағындамын. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамас деп босатқан едім. Бұл шешіммен екінің бірі келісе бермейді. Аман тұрсаң, естірссің – олар (Сатыбалдиев тарапы) бұл үшін бізбен де соттасады», – деген еді 4 желтоқсандағы сұхбатында.
Тәжиева айтқандай, қазіргі таңда Сатыбалдиев басқармамен соттасып жатыр.
4 желтоқсан күні қала әкімі Мұрат Әйтенов редакция тілшісіне берген жауабында жауапты мекемелер тексеріп жатқанын мәлімдеген.
«Тергеу жүріп жатқанына қарамастан біз уақытша босаттық. Құзырлы органдар тексеріп-дәлелдеген соң сотқа жолданады», – деген әкім астанада өткен брифингте.
Мұғалімдердің бар талабы – «арыз шағымда аталған жайт-дәлелдемелер бойынша әділ тексеріс жүргізу және жылдар бойы заңсыздыққа жол берген басшылық өкілдерін заңды шешіммен жұмыстан босату». Олардың айтуынша, әр жағдай бойынша түбіртектер түгел сақтаулы, айғақ жетерлік. Дегенмен үш айдан бері редакция хабарласып, мән-жайды сұрастырған және мұғалімдер ұжымдық арыз түсірген мекемелер – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Білім министрлігі, Еңбек инспекциясы, Ішкі мемлекеттік аудит департаменті, Қаратау аудандық прокуратурасы мардымды жауап қатпай келеді. Антикор мен прокуратураның сылбырлығы көңілге көп күдік ұялатады дейді наразы тарап. Әйтпегенде, тап осы жағдай төңірегінде әкім, оның орынбасары, басқарма бастығы, құзырлы органдар басшылығы істің әділ әрі ашық жүруіне жария түрде уәде еткен.
Қазақстан, әсіресе қай саласы болмасын жемқорлық шырмауына іліккен күнгей аймақ пен үшінші мегаполис Шымкенттегі былыққа қатысы бар мемлекеттік мекемелердің символына айналған 125 мектептегі жағдайды редакция жіті назарда ұстайтын болады.
(!) Желтоқсан айынан бері редакция барлық тарапқа хабарласып, пікір сұрауға тырысты. Дегенмен экс-директор Әсет Сатыбалдиев пен сонда жұмыс істеген жақындары, орынбасары Салиха Майлыбай тұтқаны көтермеді. Алдағы уақытта қоңырауымызға жауап берген мамандардың мектеп ашылғалы куә болған заңбұзушылықтары жөнінде сұхбатын таратып жариялайтын боламыз.