Қазақтың рулық қауымдастығы трайболизм емес, оның қайдан шыққанын, мекенін анықтайтын төлқұжаты еді. Өйткені жерге ру бойынша қоныстанып, иелік жасап, дұшпаннан қорғады. Тұрақты армия болмаған жағдайда әр ру белгілі мөлшерде әскер шығарып, жабдықтап, жаттықтырып қазақтың қосынына қосатын. Руын білу бөлектену емес, тегін білу, аталасына үйленіп, қан араластырмай генофонының тазалығын сақтау. Басқа рудың адамдарын нағашы-жиен, құда-жекжат ретінде құрмет тұтып сыйласу. Әрине өмірде бірге туған ағайындарда да түсінбестік болатыны сияқты рулар арасында да кикілжің, қақтығыстар кездесіп қалатын. Руластыққа трайболистік сипат беруге тырысатындар кешегі отаршылдар мен қазіргі солақай саясатшылар. Ешқандай рудың өкілі емес бірақ қазақ болып кеткен басқа ұлт азаматтары «шала қазақтар» аталды. Қазіргі шала қазақтар ұлттық дәстүр мен ана тілін ұмытқан мәңгүрттер болса, бұрынғы шала қазақтар таза қазақтар. Олардың арасынан Мөңке би, Ғазез ақын сияқты белгілі қоғам, мәдениет қайраткерлері шықты. Егер көптеген тәжік, қазақ, қарақалпақ, т.б. ұлт өкілдері тарихи-саяси себеппен өзбек болып жазылса, қазақ болуға әлгіндей шектеулер бөгет жасап, демографияға әсер етті.