Кеше Ұлттық экономика министрлігі Қазақстанның халық санына қатысты статистикалық мәліметті жариялады. Мәлімет бойынша қазақстандықтардың саны 20,2 мың адамға көбейген. Алайда елден кеткендер саны да аз емес. Республикадан жарты жылдықта 15063 адам кетіп, олардың үлесі 6 пайызға артқан. Ал нан тауып жеу үшін басқа елге барып, "еңбек мигранты" атанып жүргені қаншама?
Ал Ішкі істер министрлігінің маусым айындағы мәліметі бойынша Қазақстаннан кеткен азаматтар көбіне Ресейге, Германия, Польша, Қырғызстан сынды елдерге қоныс аударған. Яғни бұдан елден кеткісі келген азаматтар санының және шетелдегі қазақстандық еңбек мигранттарының көбейгенін көруге болады.
Қазақстандықтар Ресейге жақсы жалақы үшін барады
Жоғарыда көріп отырғанымыздай отандастарымыздың көпшілігі Ресейге кетіп жатыр. Мұны тек қазақстандық статистикадан ғана емес, Ресейдің этносаяси және өңірлік зерттеу орталығының жүргізген сауалнамасынан да аңғаруға болады. Бұл жөнінде ресейлік «КоммерсантЪ» басылымы жазып отыр.
Орталық Жоғарғы экономика мектебі ұлттық зерттеу институты үшін 2017 жылдың ақпан-наурыз айында ТМД елдері мен Грузиядағы еңбек мигранттары арасында әлеуметтік сауалнама өткізген. Нәтижесі Ресейде жұмыс істеп жатқан мигранттардың 70 пайызының заңды қызмет етіп отырғанын көрсеткен.
Жоғарғы экономика мектебі демография институтының қызметкерлері Никита Мкртчяна мен Юлия Флоринскийдің сөзінше, еңбек мигранттары 2017 жылы Ресейдің еңбек нарығында заңдасуды нақты қолға ала бастаған. Олардың айтуынша, мигранттар Ресейдің 2015 жылы енгізілген миграциялық ережелеріне және жаңа экономиккалық жағдайларына біршама үйреніскен. Дегенмен жұмыс берушілер тарапы еңбек мигранттарын рәсімдеуге асықпайтын секілді. Себебі шетелдік жұмысшылармен жасалған келісім-шарттардың саны 2016 жылға қарағанда азайып кеткен.
Бұдан бөлек Ресейге барған мигранттардың көбі бәрі заңды болғанын қалайды. Жоғарғы экономика мектебі демография институтының директоры Михаил Денисенконың сөзінше, мигранттардың мұндай әрекет танытуы әркімнің жоғары жалақы алғысы келетінімен байланысты. Дегенмен Михаил Денисенко заңды және заңсыз жұмыс істеп жатқан мигранттардың табысының арасында аса айырмашылық жоқ екенін айтады. Ал үлкен айырмашылықтар мигранттардың жұмыс істейтін саласына және олардың жұмыс істеу мерзімінің ұзақтығына байланысты болады екен.
Мысалы Ресейде жұмыс істеп жатқан қазақстандық заңды еңбек мигрантының жалақысы айына 31,6 мың рубль (шамамен 175 мың теңге), ал заңсыз мигранттың еңбекақысы 27,3 мың рубльді (шамамен 151 мың теңге) құрайды. Ең жоғарғы жалақыны Беларусьтің заңды еңбек мигранттары алады, олардың жалақысы айына 41,1 мың рубльді құрайды. Төменгі жалақы Өзбекстанның заңсыз мигранттарына тиесілі - 27,2 мың рубль.
Жалпы сауалнама нәтижесі бойынша, шетелдік жұмысшылардың жұмыс уақыты аптасына орташа есеппен 59 сағатты құрайды екен. Ал Ресей азаматтарының жұмыс уақыты бір аптада 39,6 сағат.
Бұдан бөлек, Ресейдің Сыртқы істер министрлігі де статистика бойынша елдегі еңбек мигранттар санының мезгілдік өсімі артқанын айтады. Мысалы осы жылдың жазында елге "жалданып жұмыс істеу үшін" 4,2 млн мигрант келген және бұл өткен жылға қарағанда 300 мыңға көп болып отыр. Демографтардың айтуынша, бұл Ресейдің мигранттар үшін тартымды бола бастағанын көрсетеді.
Ресейде қалғысы келетіндер көп
Сондай-ақ, Жоғарғы экономика мектебінің зерттеуі бойынша мигранттар соңғы кезде жағымсыз қарым-қатынасты көп байқамайтын болған. Мигранттардың көпшілігі (54% - 2017 жыл, 53,4% - 2011 жыл) жергілікті тұрғындар сырттан келгендерді өз қатарларына қоса бермейтінін айтады, алайда мигранттар (81,8% - 2017, 72,1% - 2001)олардың қатынасын "жақсыға" бағалайды.
Михаил Денисенконың мәліметінше, сауалнамаға қатысқан респонденттердің арасында Ресей азаматы болғысы келетіндердің 20%-дан астамы азаматтықты ала тұра өзінің туған елінде өмір сүргісі келетіндерін айтқан. Оның сөзінше, ресейліктер үшін Ресейдің азғантай көрінетін зейнетақысы, бала туғанда берілетін жәрдемақысы сынды "бонустар" бұрынғы КСРО-ға мүше болған елдер үшін айтарлықтай көп болуы мүмкін.
Ал сауалнама бойынша қазақстандық еңбек мигранттарының 65,5%-ы өмір бойына Ресейде қалуды жоспарлайды екен. Ал 3,9%-ы Ресейде біраз тұрып, басқа елге көшуге ниетті.
Міне, осылайша жақында бірер ай бұрын ғана халық саны 18 млн болды деген Қазақстан халық үшін дұрыс еңбек нарығын қалыптастыра алмай отыр. Өзінде бар еңбек күшін өзгелердің пайдалануына жол ашқандай. Әрине, мұндай жағдай кез келген дамушы және дамыған мемлекеттерде баршылық. Алайда аз ғана халықтың басқа елді паналауға мәжбүр болуы егемендігімізге сын.