Соңғы он жылдықтағы жаһандық гео-саяси болмыстың картинасынан біз халықаралық қатынастардың күрделі жаңа кезеңге аяқ басқанын аңғардық. Бұдан он жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда бүгінгі әлемнің геосаяси бет-бейнесі әлде қайда күрделі қайшылықтарға, әлеуметтік-экономикалқы дағдарыстарға толы. Таяу бірнеше жыл ішінде тұтас әлем күрделі жаһандық жағдайларды бастан өткерді. Геосаяси қайшылықтардан тыс Covid-19 вирусының жаһандық пандемиясын, соның салдарынан болған экономикалық белсенділіктің әлсіреуі, жаһандық жеткізу тармақтарының бүлінуі қатарлы. Ал, қазір Ресей-Украина соғысына байланысты әлемде азық-түлік қауіпсіздігінің жаңа проблемалары туындап отыр.
Демек, бұл үрдістер әлем елдері үшін қақтығыстар мен қайшылықтардың, дағдарыстардың дәстүрлі емес қалыптағы жаңа сынақтары пайда боғанын айқындай түседі. Тиісінше, әлем елдері халықаралық қатынастардың осы бір сын-қатерлерін шешу жолдарын іздеуіне тура келді. Бұның қатарында жаңа деңгейге көтерілген және бұрынғыдан әлде қайда ауқымды бола түскен миграция мәселесі де бар. Атап айтар болсақ, ББҰ Босқыдар ісі жөніндегі Жоғары Комиссиясының дерегіне сай, Ресей Украинаға ауқымды әскери күшпен кірген 24 ақпаннан тартып, мамыр айының бас шеніне дейін елден шыққан украиналық босқындар саны 5,7 миллион адамнан асқан. Босқындардың басым көбі Еуропа елдеріне қарай ағылған болса, аз бөлігі Қазақстанды қамтыған ТМД елдеріне кірген.
Украина мен Сирия жағдайына сылыстырғанда украиналық босқындар санының қысқа мерзімде өсуі әлем елдерінің назарын аудартпай қоймайды. Біз украиналық азаматтардың ғана емес, соңғы бірнеше айда батыстық салмақты санкциялардың нәтижесінде жұмыс орындарының қысқаруы, шетелдік компаниялардың елден кетуі және экономиканың құлдырауына ілесе Ресейде эмигранттар санының көбейе түскеніне куә болып отырмыз. Бұдан тыс Украинадағы соғыстың сыртқы әсерлерінен азық-түлік импорты қысқарған Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен де миграцияның жаңа толқындары пайда болуы мүмкін деген болжамдар бар.
Қазақстан тұрғысынан қарағанда, еліміздегі миграция үрдісінің өзіндік ерекшеліктері бар. Біз шетелдердегі қандастардың тарихи отанына оралуы сынды ұзақ мерзімдік көші-қон бағдарламасын жүзеге асырып келе жатқан ел ретінде, сондай-ақ, осыған дейін Орта Азияның өзге елдерінен және белгілі деңгейде Оңтүстік Азиядан, Орта-Шығыстан Ресейге және Шығыс Еуропаға бағытталған миграция ағынының транзиттік елі ретінде де саналамыз. Ал, қазіргідей жаңа жағдайда Қазақстанның көші-қон саясаты мен оны заңды жүзеге асыру бойынша дайындалған құқықтық нормативтік құжаттарды жаңартудың да кезек күттірмейтін міндетіне тап келеміз. Себебі, Орталық Азиядағы ең ірі ел ретінде біз аталған өңірдегі өзге елдермен салыстырғанда миграция ағынының жоғары жиілігіне тұс келіп отырамыз.
Көші-қон фактілері құқықтық негіздері жағынан заңды және заңсыз болып бөлінетінін белгілі. Заңды көші-қон үрдістері белгілі дейгеңде мемлекеттің бақылау мүмкіндігінің аясында болатындықтан, оның қоғамға келтіретін зиян-зардаптары салыстырмалы түрде төмен болады. Ал, халықаралық миграцияның ішінде заңсыз иммиграция көптеген елдің бас қатыратын проблемасы саналады. Себебі, көптеген жағдайда заңсыз иммиграцияға криминалды іс-әрекеттер, көлеңкелі бизнес жүйесі ілесе жүреді. Келтірілген бірқатар атаулы проблемаларға қосымша, Қазақстандағы заңсыз иммиграцияға қарсы күрес бойынша өзге де көптеген мәселелердің бар екені даусыз. Заңсыз көші-қонға қарсы күрес Қазақстан үшін мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бір бөлігі саналады.
Дегенмен біз қазір еліміздегі заңсыз көші-қонға қарсы күресте тап болып отырған мәселелердің бірі ретінде толық әрі дәйекті статистикалық мәліметтердің, болжамды нақты көрсеткіштердің болмай отыруын анық айта аламыз. Өкінішке орай елімізде миграция мен заңсыз иммиграция, халықаралық көші-қон мәселелері жөнінде қажетті ғылыми зерттеулер, ғылыми тәжірибелер өте аз жүргізіуде. Бұның өзі Қазақстанның миграция және заңсыз миграцияны реттеуде кешенді әрі өзіне тән бірегей статегия түзе алмай отыруының басты себебі. Ғылыми-практикалық тәжірибелердің өзіндік нұсқаларының болмауынан Қазақстан аталмыш мәселелерді шешуде көбіне көп Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымының ұсыныстарына ден қоюға мәжбүр. Бұлардан бөлек, жаңа жаһандық жағдай мен миграцияның ықтимал жаңа толқынына қарсы шараларда Орталық Азия елдерінің өзара ынтымақтасқан іс-қимылдары өңірдегі миграцияның, әсіресе заңсыз иммиграцияны реттеуге зор көмегін тигізеді.
Әрине, айтып отырған жаңа сын-қатерлер еліміз тұрғысынан түбегейлі қауіпті құбылыс ретінде қарастырылмауы керек. Кез-келген күрделі сын-қатерлердің ала келетін зиянды салдарына қоса мемлекет пен қоғам өкілдеріне беретін жаңа мүмкіндіктері де қатар жүреді. Басқарушы құрылым мен азаматтардың бәсекеге қабілеттілігі жоғары жағдайда барлық күрделі жағдайлар жаратқан мерзімдік мүмкіндіктер дамуға жаңа инерциялық күш беріп отыратын жағдайлар да болады. Еліміз біршама мол табиғи ресурстарына ие бола отырып, ресурстардың игеруде кенжелеген елдердің қатарына жатады. Осы тұтса, әдетте қауіпті болып көрінетін иммиграцияның (заңды негіздегі) өзіндік оң ықпалдарынан пайдалануға болады. Айталық, Қазақстанның Еңбек көші-қонын реттеудегі мемлекеттік саясаты стратегиялық тұрғыдан мемлекет басымдық берген салаларға, айталық нанотехнология, биотехнология, ақпараттық жүйелер, көлік және коммуникациялар, басқа да индустриялық-иновациялық қызмет салаларына жоғары білікті шетелдік мамандарды тартуды көздейді. Яғни, біз заңсыз иммиграцияға қарсы күресе отырып, заңды жолмен жүзеге асырылған еңбек мигранттарының миграциялық үрдісіне де қатысушысы саналамыз.
Қазақстан Республикасы жаһандық интеграцияның қатысушысы және халықаралық қауымдастықтың мүшесі бола отырып, миграция, заңсы иммиграцияның жаһандық процестерінен, проблемаларынан шет қала алмайды. Еліміз үшін алғанда ішкі және сыртқы көші-қон бағыттарында өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Біз ішке бағытталған иммиграция толқынына қоса, сыртқа бағытталған созылмалы эмиграцияның да ағынына дөп келген мемлекетпіз. Бұл қазақстандықтардың бәсекеге деген қабылеттілігінің төмендеуіне әсер ететін фактордың бірі қатарында мойындалуы, сол тұрғыда зерттеліп, сол тұрғыда кешенді шаралар қабылдануы тиіс тақырып.
Алтынай Мұрат
Алматы облысы, Текелі қаласы.
The Qazaq Times