Белгілі Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов өмірінде үш рет бас құраған адам. Бұл туралы ұлы Бектұр Жүсіпбекұлы айтқан естеліктен білуге болады. 1996 жылы Б.Жүсіпбекұлы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласына келеді. Сол кездегі әл-Фараби ауданының әкімі Оразкүл Асанғазиева, Шымкенттегі №64 мектепте Бүктұр Аймауытовпен оқушылардың кездесуін өткізеді. Бектұр Аймауытовтың осы сапары жайлы жазушы Серік Жанәбілұлы 2008 жылы «Оңтүсік Қазақстан» газетінде «Бекзат мінезді Бектұр» атты естелік мақала жазған болатын.

Сол келісінде Бектұр ақсақал қатты толқыпты. Әуелі, «мен осы құрметке лайықпын ба» деп, өзінің туған ел, туған жер алдындағы парызын өтей алмағанына қапаланып алған. Бірақ, тағдыр толқыны, қызыл үкіметтің қуғыны үшін ол кінәлі ме. Қайта, асылдың сынығының аман қалып, әкесі, әкесімен арман-тілегі бір Алаш ардақтылары көре алмай кеткен тәуелсіз еліне келіп отырғаны бір ғанибет емес пе.

Біздің айтпағымыз, әкесі туралы жылы естеліктерімен бөліскен Бекеңнің мына сөзі. Енді, С.Жәнәбілұлы жазған мақаладан үзінді келтірейік. «Менің әкем орта бойлы, қою қара шашты, мұртты жігіт болатын. Ол кезде жасы қырықтан асқан, күлгенде жүзі нұрланып кететін, мөлдір жанарынан мейірім төгіліп тұратын сұлу жігіт еді. «Бақа көлге» шомылатын. Әкемді 1930 жылы Қызылорда қаласында тұтқындап, мәскеуге алып кетті. Мен Қазақстаннан қашып, жан сауғаладым. Әкемнің бір сұлу таныс келіншегі бар еді. Әкем ұсталған соң, Башққұртстанның Туимазин ауданына баруыма сол әдемі келіншек Фарида Кушимова көмектесті».

Міне, сол әдемі келіншек Бектұрға әкесін қатты сыйлайтынын айтып, оған Қазақстаннан тез қашып кетуді ескерткен. «Халық жауының баласы» ретінде қамаласың деп сақтандырған. Әкесінің дұшпандарының да көп екенін жасырмаған.

–  Менде нелері бар, – депті бала Бектұр.

Әкеңді «Алашорданың» мүшесі деп ұстатып отыр. Ол кісінің «Ақбілек» романынан артық кітап жоқ. Аналар әкеңнің талантын қызғанады. Өздері жаза алмайды, – депті Фарида.

«Фаридадан басқа ешкімім қалмады. Мен ешнәрсе түсінбедім. Сымбатты сұлу Фарида әкемді сағынып жылады. Өзі башқұрт қызы болатын. Екеуміз Башқұртстанға жолға шықтық. Фарида әкемнің кітаптарын, суреттерін өзімен бірге алып жүрді», – дейді Бектұр ақсақал.

Ол кісінің туған анасы Вера Волкова орыс қызы екен. Кейін Ж. Аймауытов одан ажырасып, Бағила атты қазақ қызына үйленеді. Онымен де дәм-тұзы жараспай, үшінші рет Евгения Кирилловнамен бас құрайды.

«Жаны қиналған уақытта әкем мені Фаридаға тапсырды. Әкеме шын жаны ашитын осы башқұрт қызы Фарида сияқты. Мен ол кезде жас едім», – дейді Б.Аймауытов. Бектұр ана тіліне шорқақ болғанымен, татаршаны, әсіресе, башқұрт тілін өз тіліндей еркін сөйлейді екен. Кейін, 1937 жылы «кері төңкерісшіл» ретінде он жылға сотталады. 1947 жылы 29 желтоқсанда түрмеден босайды. Бірақ, Қазақстанға қайтуға көңілі дауаламай, ақыры Татарстанның Агрыз қаласында тұрып қалады.

Алаш арысының ұрпағына қамқор болған, сол шын жаны ашыр башқұрт келіншек кім? Оның кейінгі тағдыры не болды? деген сұрақтар мазалайды. Ж.Аймауытовтың өмірінде қандай орын алған? деген қызығушылық та туындайды. Бұл әрине, зерттеушілердің еншісіндегі дүние. Бірақ, тұлпардың тұяғына тілекші болып, оны қорғап-қолпаштаған Фарида Кушимованың аруағына ризашылық білдіріп, лайықты бағасын беру де біздің парызымыз болса керек.

Бек АЙДАР

«The Qazaq Times»