Дэвид Гарретті классикалық музыканы жаны сүйетін әлемдік тыңдаушылардың көбі жоғары бағалайды. Жоғары бағаға ие болу айтуға ғана оңай. Анығында талғампаз тыңдарманның көңілінен шығу бүгін қалап, ертең орындала салатын арман емес еді. Ол осы даңққа бөлену үшін өзінің балалығын құрбан етті. Балалықты ғана тәрк етсе бір сәрі ғой, ол мұрты тебіндеген бозбала шағында да құрдастары құрлы қыздарға қырындай алмады. Мәскеу журналистеріне берген сұхбатында: «скрипканың қыпша белін құшақтап жүріп өткізіп алған жастығымның орнын енді толтырғым келеді» деп, әзіл-шыны аралас жауап қайырған. Даңқ демекші, соншалықты алты құрлықтың ықыласына бөленердей ол не бітіріп еді? Ол ең алдымен кәрі құрлықтың фольклорлық құндылықтарына тәу етуді ұмытпады. Сөйтті де, классика мен фольклорды, джаз бен рокты синтездеп бір арнаға тоғыстыра білді. Оның скрипкасынан осы төрт арнаның бір-бірімен еркін тоғысып, бірін-бірі еш жатырқамай төгіліп түсіп жатқанын байқар едіңіз. Оның тұла бойы тұнып тұрған музыка. Себебі, оның анасы – Дав Гаррет прима балерина. Байқадыңыз ба, даңқты скрипкашы анасының тегін таңдаған. Анығында Дэвид өнерде лақап атпен жүр. Оның шын аты – Давид Кристиан Бонгартц. Анасының тегі тілге жеңіл, айтуға ыңғайлы болғандықтан, өнерпаз әлемді Гарретт атымен мойындатқысы келсе керек. Дэвид скрипканы қолына алғаш рет төрт жасында ұстап көрген. Онда да, әкесі ол музыкалық аспапты Дэвидке емес, одан үлкен ұлына арнап сатып алыпты. «Егер ағама скрипка емес, басқа аспап сатып алғанда мен сол «бөгде» аспаптың жетегінде кетер едім», – дейді скрипкашы тағы бір сұхбатында балалық шағын еске ала отырып. Дэвид Гаррет 1980 жылдың 4 қыркүйегінде Германияның Ахен қаласында дүниеге келген. Ол он бір жасында Германия президентінің қолынан өзінің тұңғыш Страдивари скрипкасын сыйға алған.
Скрипкашының қолынан бүгінде үш ғасырлық тарихы бар скрипкалар күй төгеді. Ондайда АҚШ ақашсымен сөз сабақтай қалсаңыз, қарт аспатың 5 миллиондықтармен санасатынын бағамдайсыз. Он үш жасында ол екі СD дискісін шығарып үлгерген болатын. Он жеті жасында Лондондағы музыка колледжіне түсіп, оны аяқтай алмай шығып кетеді. Ерте жастан-ақ тыңдаушысын табындыра білген талант төрт қабырғаға қамалып отырып сабақ оқуды қабылдай алмайды. Осылайша, ол музыкалық білімін Нью-Йорктен жалғастырмаққа шешім қабылдайды. Скрипкашыны бұл күнде біз неміс-американ өнерпазы деп танитындығымыз сондықтан. Ол Америкада білім толықтырды, өзінің модельдік қырын ашты. Оның скрипкада ойнау ерекшелігі Гиннес рекордтар кітабына енген. Рекорд енгізу үшін ол аралардың ызыңы мен ұшуын аспап тіліне салып берген. Дэвид Гарретпен мені Никколо Паганиини таныстырды. Италияның ұлы скрипкашысының өмірі миф пен мистикаға толы. Дэвид дәл сол «жынға жанын сатқан» Паганинидің рөлін сомдайды. Рөлін сомдап қана қоймайды, сол фильмге продюсерлік етеді. Өз заманында Наполеон Бонапарттың әкпесі Полина өнеріне һәм өзіне ғашық болған Никколо Паганини скрипка ұстаған өнерпаздар арасында төңкеріс жасап еді ғой. Оның бір ғана ішекпен сызылта, сыздата төгілтетін сазын ойнауды скрипкадан алшақ жүрген актерге сеніп тапсыру мүмкін емес еді. Сондықтан оның рөлін скрипкашы ғана сомдауы керек болатын. Дэвид Гарреттің журналистерге берген сұхбаттарын жіті қадағалауға кірісіп кеттім. Ол бір сөзінде: «Тыңдаушылар менің музыкадан ләззат алып тұрған шағымның куәгерлері ғана. Мен скрипка құшағына, скрипка менің құшағыма енгенде уақыт пен кеңістікті, ондағы таныс та, бейтаныс денелерді ұмытамын. Мен және муызка. Қалған көзқарастар мен пікірлерге елеңдеп көрген емеспін. Мен музыканы сүйдім», – дейді. Бір қарасаң бұл пікірде айтарлықтай жаңалық жоқ.
Балапан да баптаумен өседі. Ол өзі айналысып жүрген өнерін шексіз сүйеді. Сондықтан даңқ биігіндегі дақпырттарға құлақ аспайды. Есесіне ол теңіз толқындарындағы майда тамшылардың соқтығысын, желдің еш кедергіге ұшырамай еркін соғуын, бал араларының тым әлсіз қанаты қалайша кеңістіктегі кедергіні бұза-жарып қағатынын мұқият тыңайды. Тыңдайды да оны скрипка тілімен айтып береді.
Айнұр ТӨЛЕУ
«The Qazaq Times»