Ұзақ жылдық лидерлік қызметінен кету алдында Германияның канцлері Меркель ханым «Рейтерге» эксклюзипті сұхбат берді. Сұхбатында ол өзінің өкілетті кезеңінде жүзеге асырған Германияның Қытай саясаты туралы тоқталып, Қытаймен ынтымақтастықтың кейбір аспектілерінде бейғамдық болғанын мойындады. Дегенмен Ангела Меркель шиеленісті жағдайдан шығу үшін барлық тараптармен байланысты сақтаудың маңызды екенін атап өткен.

Германия канцлері қызметіндегі 16 жылда Меркель ханым Қытаймен байланысты сақтауды тұрақты жалғастырған саясаткер. Нәтижесінде Қытай Германияның ең ірі сауда серіктесіне айналды. Сұхбатында Ангела Меркель ханым: «Бәлкім, кейбір аспектілерде біздің бастапқы көзқарасымыз тым аңғал болған шығар, бұл күндері біз мұны мұқият қарастырдық және бұл дұрыс болды», – деді.

Меркель келесі канцлер сайлауынан бас тартты және келесі үкімет құрылысымен қызметінен кетеді. Ол кетер алдында Германия және өзге Еуропа елдерінің Қытаймен байланысты жалғастырып, өзара үйренуі керек деп білдірді. Сұхбатында ол: «Бізді толық ажырату қате шешім болар еді, бұл бізге зиян келтіруі мүмкін», – деген.

Өз тұсында Қытай Германияның ең ірі сауда серіктесі ретінде өзінің экономикалық қарқынды дамуы мен неміс экономикасының өсуіне де ықпал етті. Бірақ, бұның кері жағы да болды, сыншылар Германияның Қытайға тым тәуелділігі адам құқығы секілді кейбір маңызды ұстанымдарда Бейжіңге қарата батыл сынын шектеп отыр деп санайды.

The Qazaq Times