Аурушаңдық пен өлім көрсеткіші үдеп, медицина саласы қатты сынға түсіп, төртінші толқынды өте ауыр жағдайда өткерген Алматы қаласында карантин шектеуі қазан айына дейін күшейіп тұрды. Күніне 600-700 науқас анықталып, 10-15 тұрғын қайтыс болып жатқан қыркүйек айының ортасында Әлия Назарбаева жеке кітабының тұсаукесерін дүркіреп атап өтті. Сол кезде әрекет еткен санитар-дәрігердің №28 қаулысы бойынша, бұқаралық-көпшілік жиын-той өткізуге қатаң тыйым салынған. Бұған дейін дәл осыған ұқсас бірқатар жиынның ұйымдастырушылары мен қатысушыларына карантин ережесін ескермегені үшін түрлі көлемде айыппұл салынып, әкімшілік жауапқа тартылған. Бірақ Қазақстанда аса ықпалды «билік әулетінің» мүшесі Әлия Назарбаеваның мерекелік кешіне заңды баға әлі де берілер емес. Назарбаеваның үш апта бұрынғы кешін бағалауға асықпаған Алматы билігінің енжарлығы азаматтар арасында алалаушылыққа жол беріп отыр деген пікір тудырады. Бекшин жиынның санитарлық талаптарға сай өткеніне сенімді, дегенмен...
7 қазанда ӨКҚ алаңында өткен брифингте QT тілшісінің қазақша жолдаған сұрағына Бекшин монитроинг топ тарапынан материал әлі жолданбағаны туралы орыс тілінде жауап берді. Бас санитар осыған дейін орынбасары Сәдуақас Байғабыловтың қоғам талабына сәйкес Назарбаеваның кешіне дер кезінде баға берілмеуін процедуралық-бюрократиямен байланыстырып, жауапкершілікті Алмалы ауданының әкімдігіне сілтеген уәжін тағы қайталады.
«Расымен де мұндай жиын болды. Біз шара қолдану үшін ақпарат жолдадық. Республикалық ведомствоаралық комиссия бекіткен ережеге сәйкес, айғақ материалдары ретінде фото-видеоға түсіріп, рапорт толтырылып, полициямен бірге ұсынылуы қажет. Әкімшілік шара қолдану үшін біз аудан әкімдігіне мониторинг топтың дәлелдемелерді тездетіп жолдау қажеттігі жөнінде сұраныс жібердік», – деді Бекшин.
Бас санитар-дәрігердің айтуынша, күздің басында қабылданған қаулы қолданылған уақытта 300-ден аса айыппұл салынды. Оның ішінде, «қоғамдық іс-шара ұйымдастырған 24 тұлғаға шара қолданылған». Олардың арасында Әлия Назарбаева жоқ, өйткені «Күш-қайрат мекені» кітабының басы ресми тұсаукесер, аяғы тойға айналған кешіне заңды баға берілмеді, оған керекті дәйек материал 3 аптадан бері белгісіз себеппен департамент қарауына келіп түспеген.
– Іс-шара барлық сақтық ережесін сақтай отырып, Ashyq қосымшасының «жасыл стасусындағы» қонақтардың қатысуымен өтті. Келушілердің бәрі вакцина салдырған я қолында жарамдылығы үш тәуліктен аспаған ПТР тестінің теріс қорытындысымен қатысқан. Жиын сақтық шараларын толығымен сақтап өткізілді, – деді сенімді түрде.
Бірақ Бекшин медициналық бетперде режимі сақталған-сақталмағаны туралы дәлелдемелер жинағы және түсіндірмелер әлі ведомствоға түспегенін атап өтті. Қонақтардың әлеуметтік желілерге жүктеген видео-стристеріне қарағанда, жиын барысында даяшыдан өзге маска тағып жүрген адам байқалмайды. Сондай-ақ, той форматында өткен кеште әлеуметтік арақашықтықтың да сақтала қоймағанын көруге болады. Көптеген мемлекеттер сияқты Қазақстанда да екпе салдырғандарға емін-еркін, бетпердесіз жүруге рұқсат етілмеген.
Orda.kz редакциясының журналисі Бағдат Асылбектің «Белгілі тұлғалардың қатысуымен өтетін бұқаралық іс-шараларға келгенде мониторингтік топ жұмысының баяулап, сылбыр сипатта нашарлауы немен байланысты?» деген сұрағына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров «алалау я бөле қарау қағидасы жоқ және талап барлық адамға бірдей» деп қысқа қайырды. Ол «дәлелдер жинағын қалыптастыруда біршама қиындық барын» растады.
Айлап «қызыл аймақта» тұрған Алматыда карантинге байланысты халық көп жиналатын шаралар өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, 16 қыркүйекте Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында «Күш-қайрат мекені» («Место силы» – орысша атауы) кітабының тұсаукесері өткен. Кешті ресейлік әртіс Максим Галкин жүргізген. Шақырылған қонақтар арасында қазақстандық кәсіпкерлер, әртістер мен танымал тұлғалар, кіл ығай мен сығай болған.
Бас санитар-дәрігер Жандарбек Бекшиннің 2 қыркүйектегі №28 қаулысына сәйкес, тап сол сәтте ресторандарға бір мезетте 50 адамға дейін ғана қабылдауға рұқсат етілген еді. Мұндай жағдайда карантинді елемей көп қонақ күткісі келетін «той иесіне» 50 шақты орынмен шектелетін рестораннан гөрі сыйымдылығы әлдеқайда үлкен театр залының 30%-ын жалға алу тиімдірек екені белгілі.
Тамыз айының басында еврей қауымдастығының өкілдері Rixos қонақ үйінде салтанатты жиын өткізген. Алғашында бар жауапкершілікті мониторинг топқа артқан департамент (СЭС – бұрынғы орысша атауы) қоғам сыны көбейген соң карантин шарасын бұзды деген айыппен Орталық Синагога ұйымдастырушыларына, қонақ үйдің бас директоры мен менеджерлеріне айыппұл салған. Сол тәрізді қоғам наразылығы мен журналистердің толассыз сауалынан кейін ғана билік танымал блогерлер, шоу-бизнес жұлдыздары қатысқан Royal Tulip қонақ үйіндегі ауқымды шараға реакция білдіруге мәжбүр болды. Жиынға келген 30 адамның 13-іне шектеу шарасын сақтамады деген айыппен айппұл салынған.
Эпидахуалға жауапты құзырлы мекемелердің «жұмыс істеу қарқынындағы айырмашылық» карантин шараларының сақталуын бақылауда азаматтар арасында алалаушылық тудыруы мүмкін деген күмәнді ойға еріксіз жетелейді.