Қазақстан билігіне мобильді құрылғыларды тіркеудің қажеті қанша?

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Республика бойынша тіркеуден өтпеген ұялы телефондар мен планшеттер қызмет аясынан тыс қалады. Ақпарат және коммуникация министрлігінің жарлығына сәйкес, қазақстандықтар 1 қаңтарға дейін ұялы телефондарының IМEI-кодын ЖСН немесе БСН номеріне тіркеуі тиіс.

Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың сөзінше, бұл қазақстандықтардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан жұмыстар.

«IМEI-код мобильді құрылғының иесін анықтауға мүмкіндік бермейді. Себебі нарықта IМEI-коды бірдей мобильді құрылғылар көптеп кездеседі. Бұл мәселеден шығудың бір жолы IМEI-кодты құрылғы иесінің ЖСН нөмеріне немесе абоненттік нөміріне тіркеу. Егер IМEI-код тіркелетін болса, онда телефон ұрлаудың ешқандай қисыны болмайды» - деп мәлімдеді Абаев мырза.

Бірақ көптеген сарапшылар биліктің бұл бастамасының тиімді жұмыс ітеуі екіталай деп есептейді. Олардың сөзінше, ұялы телефондардың IМEI-кодын тіркеу 2014 жылы жасалған ұялы байланыс нөмірлерін тіркеуден өткізудің аяғын құшады.

«2014 жылғы нөмір тіркеу бастамасы ешқандай нәтиже бермеді. Шын мәнісінде ол уақытта ешкім нөмір тіркеген жоқ. Тексеру барысында бір адамның атына бірнеше нөмірдің тіркелгені анықталды. Өз басым террористер мен экстремистер ұялы телефондарының IМEI-кодын өз аттарына тіркеп, артынан іс-әрекеттерін телефон арқылы талқылайды дегенге сенбеймін» - дейді саясаттанушы Ислам Кураев.

Жалпы, ел арасында: «Билік мобильді құрылғыларды тіркеуге қою арқылы халықты бақылауда ұстамақ» - деген де пікір бар. Қоғам болғасын сан түрлі пікірдің болуы заңдылық. Бірақ биліктің соңғы уақыттағы «телефон нөмірін тіркеу», «төтенше жағдайларда ғаламторды бұғаттау»  деген сияқты бастамалары еріксіз жоғарыда айтылған ойға жетелейді.

"The Qazaq Times"