Қаймана қазақты қынадай қырған қара таңдақ қасіреті - тарих шежіресінің қаралы беттерінен өшпек емес. Өйткені, қандықолдардың қасақана жасаған нәубеті қазақтың тең жартысын тұқырта шеңгелдеді. Сол сұмнан 4 миллионға жуық қандасымыз жер жастаныпты. Біздегі тарихшылардың дерегі осы. Ол санға 1937 жылы одақтың оспадар орындаушыларының орынсыз қару кезенуінен қаза тапқан арыстарды қосыңыз. Қабырға қаусатады, әрине.
Ақжем ашаршылықтан аман қалғандардың бірі - тірісінде талантты тәржімәші болған Әубәкір Нілібаев еді. Марқұм осыдан 4 жыл бұрын ауыр науқастан дүние салып, келместің кемесіне мінген. Әдебиет тарланы көпке таныс болғанымен, бала күнінде көрген қасіретін жолыққан жанға айта бермейтін. Журналистерге берген соңғы сұқбаттарының бірінде нәубет кезінде көрген қорлығын көзіне жаса ала боямасыз бандап беріп еді...
Ұжымдастыру кезінде үкімет жақтастары бай-бағландардың дүние-мүлкін түгел тәркілеп, көнбегендерін қойша қыра берген. Қазақ даласы қанға бөгіп жатқанда Әубәкір Нілібаев небәрі 5 жастағы бала екен. Жендеттер Қытай аспақ болған әкесін шекарада атып тастайды. Ал, көштен адасқан Әубәкірдің өзі алыс туысына еріп, жан сақтапты. Бірақ қыр асудағы қияметті күндерін қанша тырысқанымен сол күйі ұмыта алмапты.
Әубәкір Нілібаев бұқпантайлап бел аспақ болғанда талай жайтқа куә болғанын айтып кетіп еді. Әл-дәрмені құрып, кеңезесі кепкен күйі сүлдерін әрең сүйреп келе жатқанда шекара маңында соңғы малын сойып жатқандарға көзі түскен екен. Сөйтіп, солардан талғажауға татыр дәм сұрайды. Әбден ашыққан оларға мал сойып жатқандар қойдың безі мен шикі ішегін итке сүйек тастағандай лақтыра салыпты. Амал жоқ, жиіркенсе де шарасыз жеген соны.
Бұл көрініс - нәубет зардабын тартқандардың бір мысалы ғана. Малдың шикі еті тұрмақ, адамның өзін асап таутасға дейін барған сол зұлматтың біз білмейтін талай сыры бүгулі жатыр. Ел үкіметі олардың ешбірін жария қылғысы келмейді. Әйтпесе, қазақ даласындағы осы сұмды кезінде-ақ "геноцид" деп тануын талап етер еді.
Мысал келтіруге шебер елміз ғой. Ендеше, біле жүріңіз. Кеңес Одағы құрамында болған Украина билігі бабалары көрген ашаршылықты баяғыда-ақ «геноцид» деп тапқан. Тіпті, ондағы сот Сталиннен бастап, бұрынғы КСРО басшылары мен Украин Кеңестік Социалистік Республикасы жетекшілерін де осы алапат қылмысты жасаған қылмыскерлер деп үкім шығарған. Ал, біз жұмған ауызды әлі ашпадық. Құдды, құм толтырып алғандаймыз...
Зерттеушілер қазақ сол кезде қасіреттен аман қалғанда, кемінде 45-50 миллион болар еді дегенді айтады. Мәселен, түріктер сол кезде 10 миллион шамасында болса, қазақтар алты миллионнан асқан. Ал, түрік халқы арада ғасырға жуық уақыт өткенде жетпіс миллионға жетсе, қазақ он миллионнан әрең асты. Қасіреттің кесірі осы.