21 желтоқсан күні Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры Токиода «Ақтастағы Ахико» спектаклін жапон көрермендерінің назарына ұсынды.

«Ақтастағы Ахико» спектакліне дейін алдымен театр музейінен орын алған құнды жəдігерлеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды танытатын көрме ұйымдастырылды. Қойылым басында сөз алған театр директоры Ерлан Біләл тұңғыш рет Қазақ драма театрының Жапонияда өткен премьерасы Мемлекеттік бағдарламаның "Жаhандағы заманауи қазақстандық мәдениет" жобасы бойынша жүзеге асырылып отырғанын айтты.

«Ақтастағы Аxико» қойылымын тамашалауға Токио тұрғындарымен қатар Жапон парламенті лигасының төрағасы Такео Кавамура, Жапон мәдениет қорынан Йосуке Кукусабе сынды мемлекеттік қайраткерлер де бар. Тіпті қазақ театр өнерін тамашалауға Жапонияның көне қаласы Осукадан да бір топ корейлік көрермендер арнайы келген. Белгілі театр сыншысы Накамура Йошиxиро мен танымал актриса әрі xалықаралық достықты дамыту орталығының өкілі Юко Такигучи қойылымға жоғары баға берді.

Накамура Йошиxиро: «Менің ең бірінші байқағаным, драматург Жапонияны өте жақсы біледі екен және драма жазу барысында көп зерттеулер жасап, жүрегімен тебірене отырып жазған екен. Екіншіден, Ана рөлін сомдаған актриса – анаға ғана тән мейірімі мен жылуын шашу арқылы образды аса үлкен, қасиетті деңгейге көтерген. Осы күнге дейін мен алты мыңға жуық спектакль көрген екенмін, соның ішінде бұл драмадан алған әсерім ерекше. Түсінгенім -  адамдар ұлтқа, нәсілге бөлінгенмен, жүректегі мейірім біреу, және онда шекара жоқ. Маған бұл спектакльді көру үшін аударма қажет емес еді, бүкіл адамзат басына түскен мұндай проблеманы жүрекпен сезінесің», - деп айтты.

Жапония мәдениет қоры атынан баға берген Йосук Кукусабе Ахико рөлін сомдаған Дулыға Ақмолданы, Ана рөліндегі Данагүл Темірсұлтанованың шеберліктеріне тәнті болғанын жеткізді. Сонымен қатар бұл драманың бүкіл адамзат тарихындағы қара таңба – концлагерь тақырыбын қозғау арқылы қазақ немесе жапон ұлты деңгейінен шығып, адамзаттық ауқымды бағындырғанын мәлімдеді. «Бұл трагедия қайталанбас үшін осындай көркем дүниелер арқылы әрқайсымыздың есімізге сол бір сұрапыл күндерді салып отырған ләзім» деді ол.

Ал Халықаралық достықты дамыту орталығының өкілі және Жапониядағы танымал актриса Юко Такигучи болса, спектакль барысында көз жасын бір сәт те тыя алмағанын айтты. Ол театрымыздың актрисасы Данагүл Темірсұлтановаға үлкен құрметпен раxмет айтты. Ақтамақ ана образы оған ерекше әсер еткен екен.  «Ана ретінде сізге мұндай күрделі, трагедиялы образды сомдау қиын болған жоқ па?» деп сұрады ол. Данагүл Темірсұлтанова: «Ондай жағдайды ешбір ананың басына бермесін. Аналар ешқашан жыламасын, ондай қасіретті жылдар қайтып оралмасын. Менің мақсатым – көрермендерді осы ой-байламға жетелеу», - деп жауап берді. Қарлаг зерттеушісі, профессор Нұрлан Дулатбеков мырза «Ақайдың Қасені образы арқылы қазақ халқының ұлы рухын көрсетіп, әлемге танытуды мақсат еттік» - деп атап өтті.

Қойылым Токиода аншлагпен өтті. Келген көрермендердің көпшілігі сахнада болып жатқан оқиға тереңіне сүңгіп, көз жастарына ерік берумен болды. Жапондықтар аса ұстамды, кез келген нәрсені салқынқандылықпен қабылдайтын халық, эмоцияларын бұлай ашық шығаруы сирек кездесетінін айтқан Қазақстанның Жапониядағы елшілік қызметкерлері: «Бұл - сіздер үшін, сіздер ғана емес бүкіл қазақ халқы үшін жеңіс, біздің ортақ жеңісіміз» деді. Ал қойылым соңында залдан Ахико Тэцураның өзі шыққанда көрермен құрметінде шек болмады. Ол жапон-қазақ тілінде көрерменге раxмет айтты. Осылайша Аxико және оның өмірін ел жүрегіне жеткізген «Ақтастағы Аxико» қойылымы бүгінде екі ел арасындағы достықтың символына айналды.

Жалпы Қаздрамтеатр ұсынған «Ақтастағы Аxико» қойылымына жапондықтардың қызығушылығы зор. Оны бір ай бұрын жергілікті телеарна, газет, журналдарда жарияланып жатқан мақалалар куә.

Жапонияға сапар барысында Қазақ драма театры ұжымы Жапония мәдениет қорының Басқарма төрағасы Андо Хироясу мырзамен кездесіп, болашақта мәдениет, театр саласында өзара байланысты нығайту жөнінде уағдаласты. Сонымен қатар театр сыншылары, Жапонияның Но, Кабуке, Сузуки сынды драма театр өкілдерімен де кездесулер өтті. Саxалин әскери тұтқындары мен оның туыстарымен кездесулер өтті. Алда Жапонияның белді театр саңлақтарымен кездесіп, өзара тәжірибе алмасу, олардық шеберлік сыныптарына да қатысу жоспарланып отыр. Сонымен қатар желтоқсанның 25-інде «Ұлы Дала Елі» атты Ұлт руханиятын ұлықтайтын концерттік бағдарлама мен «Ақтастағы Аxико» спектаклін жапондықтардың назарына ұсынылып, театр музейінен әкелінген ұлттық жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылады.

 Айгерім Ағылтаева

“The Qazaq Times”