Бүгін Парламент Қазақстанның ақпарат және коммуникация мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қабылдады. Осыған байланысты Парламентте қабылданған БАҚ туралы заңға енген өзгерістерге қысқаша тоқталсақ.

Желтосқан айының 21-і күні Парламент Сенаты ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың сөзімен айтқанда «барша қазақстандық БАҚ өкілдері қолдаған» заң жобасын екі оқылымда қабылдады. Жалпы БАҚ туралы заңға 280 толықтыру мен өзгерту енгізу ұсынылған. Аталмыш заң жобасын осыдан бір ай бұрын қараша айының 22-сі күні парламенттің төменгі палатасы Мәжілісте бір ауыздан мақұлдаған. Мақұлдаудан алдына жан салмайтын халық қалаулылары БАҚ туралы заңды да сүт пісірім уақытта қабылдап тастады. Су жаңа өзгертулер мен толықтырулар енгізілген заң жобасы демесең, сыртынан қарағанда бұрынғы БАҚ туралы заң. Бірақ өзгертулер мен толықтырулардан кейін қазақ журналистері заң бойынша, осыдан былай қандай да бір адамның жеке басына (оның отбасына, банк деректеріне, дүние-мүлкіне) қатысты мәліметтерді тек оның рұқсатымен ғана жариялай алады. Бір сөзбен айтқанда жемқорлық жайында жазғың немесе айтқың келсе, сол адамнан барып «сіздің қанша қаржы жымқырғандығыңыз жайында жазуға, айтуға бола ма?» деп рұқсат сұрайсың. Өте күлкілі әрине. Бірақ ұзақ күлкіден өліп кетуге де болатынын ескерген жөн. Егер де президент мәжіліс пен сенат мақұлдаған заңға қол қоятын болса, онда онсызда «өлім ауызында жатқан» қазақ журналистикасы мен сөз бостандығы бір жолата жасанды жолмен тыныс алу режиміне өтеді.

Алайда «сілекейленген сүйекке» үйір БАҚ өкілеріне аспаннан тас жауса да бәрібір. Неге дейсіздер ғой? Өйткені дәл осы заң қабылданудан бір күн бұрын барша БАҚ ұжымдарының редакторлары Астанада өткен Күлтөбенің басындағы кезекті жиынға жиналып, қазақ сайттарын дамыту жайында әңгіме қозғады. Оларға Парламентте қабылданып жатқан заң, оған енген өзгертулер мен толықтырулардың ешқандай қатысы жоқ. Себебі олар қазақ сайттарын дамытуы керек. Бұл ұлы істе БАҚ туралы заңмен бас қатыруға болмайды. Келесі тендердің, мемлекеттік жобалардың, сыйлықтардың, байқаулардың қамын қазірден бастап ойлай беру керек. Бірақ оларды да түсінуге болады. БАҚ туралы заңды қайтеді? Ата Заңы апта сайын болмаса да «күн көсемдер» қалаған уақытта ауыса салатын елде тұрып жатырмыз ғой қанша дегенмен. Жә, ұлы істермен ғана айналысып үйренген адамдарды жылы жауып қояйық. Одан да БАҚ туралы заңға бұдан өзге қандай өзгертулер мен толықтырулар енгендігі жайына әңгіме қозғайық.

Бұдан бөлек ескі емес «жаңалау» БАҚ туралы заң бойынша, осыдан былай кез келген мемлекеттік орган журналистің сауалына 7 күннің ішінде жауап беруге міндетті. Айта кететін бір жайт, ескі заң бойынша, журналистің сауалына мемлекеттік органдар 3 күн ішінде жауап беруі тиіс болған. Бірақ 3 күн уақыт қазақ атқамінерлеріне аз болып көрінді ме, жоқ әлде журналистерге бір апта дайындалып, толыққанды жауап берейік деді ме белгісіз. Әйтеуір жауап жазуға 7 күн жетеді деп қысқа қайырыпты. Бұның алдында кез келген журналистің сауалына 15 күннің ішінде жауап береміз деген еді. Бірақ бұл жолы ол ойларынан айнып, 7 күнге қысқартыпты. Бұл ақпарат және коммуникация министрлігінің кіммен ақылдасып шешкен шешімі екендігі бізге белгісіз. Бір белгілісі ақпарат және коммуникация министрлігі мемлекеттік органдар ешкімнің алдында жауап бергісі келмейтіндігін БАҚ туралы заңға енгізген осы бір өзгертулері мен толықтырулары арқылы анық аңғартты. Не де болса уақыт көрсетер. Президент бұл заң жобасына қол қоя ма, жоқ па барлығы соған байланысты.

“The Qazaq Times”