Қазақстандағы азаматтық журналистика ардагері, белгілі журналист Бақытгүл Мәкімбай аурудан айыға алмай көз жұмды.
59 жасына қараған шағында "Дат" газеттер тобының журналисі әрі редакторы болған Бақытгүл Мәкімбай дүниеден озды. Бұл жөнінде басылымның бас оқырманы Ермұрат Бапи хабарлады.
"Қош бол, Бақан! Бақалөгім менің!... 23 жыл жаңылмай жүрген "ДАТ"-ың сенсіз жетім қалды!...", - деп жазды Бапи өзінің Facebook парақшасында.
Бақытгүл Мәкімбай 1962 жылы 15 қазанда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Кейінгі жиырма жылдан аса уақыт "Дат" газеттер жобасында (СолДАТ, Жұма Таймс, Тасжарған, Айна-Плюс, Бүгін-Сегодня, Общественная позиция сияқты) 12 түрлі басылымның жарық көруіне атсалысып, ұзақ жыл қызмет етті.
Журналистикадағы еңбегі үшін Сорос халықаралық қорының "Батылдық пен табандылық үшін" сыйлығының лауреаты атанды. 2018 жылы Қазақстан Журналистер одағы оған құрметті журналист атағын берді, алтын медаль иегері атанды. 2002 жылы СолДат редакциясына жасалған шабуыл кезінде соққыға да жығылды. Экс-президент Назарбаевтың беделіне нұқсан келтірді деген айыппен қылмыстық қудалауға да түскен. Азаматтық ұстаным мен кәсіби принциптеріне адалдығы үшін талай құқай көрді. Соған қарамастан бейтараптық-этика қағидасынан танбай елдегі саяси өмірді мейлінше бүкпесіз ашық көрсетуге тырысты.
Редакция ұжым атынан Бақытгүл Мәкімбайдың туған-туыстары мен әріптестеріне қайғырып көңіл айтады. Қазақстанның осы заманғы тарихы мен саяси-қоғамдық өмірінен шынайы ақпарат таратқан ардагер Бақытгүл апайдың ғазиз рухына тағзым етеді.