Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қысқа уақытта латын әліпбиіне аударылған Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабы жайында пікір білдірді.

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде қызу талқыланған Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жылдар мен ойлар» атты кітабының латын әрпінде жарық көруін ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы журналистерге түсіндірді. Ол онда: «Бұл ресми емес шығарылым. Ғалымдар үш секундта кириллицадан латынға аударуға болатын бағдарлама ойлап тапқан. Соның көмегімен біз кітапты қысқа уақыт аралығында аударып шықтық. Ал оны басып шығаруға келетін болсақ, ол аса бір қиындық туғызатын шаруа емес. Себебі кез келген баспаханаға барсаңыз екі-үш сағат ішінде сізге кітапты дайындап береді. Бірақ бұның барлығы сынақ түрінде жүргізілген жұмыстар» - деген.

Естеріңізге салайық, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жылдар мен ойлар» кітабын қазан айының 27-сі күні латын әліпбиіне көшу туралы заңға қол қойылғаннан кейін үш күннен соң кириллицадан латынға аударған болатын.

“The Qazaq Times”