Соңғы уақытта Орталық Азиядағы, жалпы әлемдегі діни ахуал ушығып тұрғаны белгілі. Осыған байланысты бүгін біз Қазақстан мен Қырғызстандағы діни фанатизм мен өзге ағымдарға қарсы қандай жұмыстар істеліп жатқанын және қай елде сәләфизм ағымы көбірек тарала бастағанын салыстырып көруді жөн санадық.
Қазіргі таңда жастардың жаппай дінге бет бұруы Орталық Азия елдерінің барлығында дерлік бір қарқынмен алға жылжып келеді. Оның ішінде Қазақстан жастары да көршілес Өзбекстан, Қырғызстан жастарынан қалыс қалып отырған жоқ. Дінге келу, аллаға құлшылық ету дұрыс ақ. Бірақ дінге енді ғана келген, оң-солын енді танып жатқан жастар сәләфизм, уахабизм сынды жат ағымдардың жетегінде кетіп жатқаны алаңдататын жайт. Ресми мәліметтерге сүйенетін болсақ, қазіргі таңда Қазақстан аумағында 15 мыңнан астам сәләфизм ағымының мүшелері бар. Мұның ресми статистика екенін ескеретін болсақ, онда олардың саны ел аумағында әлдеқайда көп екенін түсінуге болады.
Сонау 1998 жылдан бері Орталық Азияда тамыр жая бастаған сәләфизм ағымының Қазақстан және Қырғызстан елдеріндегі өкілдерін сол уақыттан бері Сауд Арабиясы, Кувейт және Катар мемлекеттері қаржыландырып келген. Бұған дәлел - 1998 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында ашылған «Әлеуметтік реформалар қоғамы» қоры. Бұл қорды ашылған сәттен бастап Кувейт елі қаржыландырған. Небәрі бір жыл ішінде (1999 жылы) жоғарыда аталған қор ел аумағында Қазақ-кувейт университетін ашуға лицензия алып, «Мерси» атты қыздар пансионатын ашқан. Кувейт қаржысына салынған білім ордаларына Иордания, Мысыр, Тунис және Мароккодан оқытушылар келіп, сабақ берген. Қазақ-кувейт университетінің оқу-құралдары негізінен Сауд Арабиясында шығарылған сәләфилік іліммен қамтылған кітаптармен жабдықталған. Бірақ 2004 жылы білім және ғылым министрлігінің тексеруі барысында қордың мемлекеттің конституциялық негізіне қарсы шығуға байланысты идеяларды насихаттағаны анықталып, қорға заң жүзінде Қазақстан аумағында жұмыс істеуге тыйым салынған. Дәл осы жылы қордың қаржыландыруымен жұмыс істеп келген Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық академиясы мен «Мерси» қыздар пансионаты қызметін тоқтатқан. Ал 2005 жылдың наурыз айының 15-і күні ҚР Жоғары Соты «Әлеуметтік реформалар қоғамы» қайырымдылық қорын зайырлы мемлекетке қарсы бағытталған деп танып, террорлық ұйымдардың тізіміне енгізген.
Қазақстанда сәләфизм идеясын насихаттап келген тағы бір ұйым - «Ислам жастарының дүниежүзілік ассамблеясы». Бұл ұйымды 1972 жылы Сауд Арабиясының Жидда қаласында «Мұсылман бауырлар» ұйымының мүшесі Камал Хелуаби құрған. Аталмыш ұйым Абай атындағы ҚҰПУ-дың шығыс тілдері кафедрасының араб тілі кабинетін тиісті оқу-құралдарымен жабдықтаған. Қазіргі таңда әлемнің 56 елінде «Ислам жастары дүниежүзілік ассамблеясы» ұйымының бөлімшелері бар. Бұдан бөлек 1997 жылдан бастап Қазақстан аумағына «Кәусар», «Таиб», «Әл-Бабтин», «Катар қайырымдылық қоғамы» сынды түрлі қорлар жұмыс істеп келген. Бірақ қазіргі таңда жоғарыда аталған шетелдік қорлардың барлығының ел аумағында жұмысы тоқтатылған. Осыған қарап тәуелсіздік алған жылдан бергі уақытты есептейтін болсақ, онда Қазақстан аумағына 26 жыл ішінде кім кіріп, кім шықпағанын ойлай беріңіз.
Жақында Қазақстан ұлттық арнасының болашақта ашылатын бір бағдарламасына жүргізуші болып Мұхамеджан Тазабеков келуі мүмкін деген ақпарат тарады. Осыған байланысты әлеуметтік желілерде Айгүл Орынбек, Арман Әубәкір сынды журналист, блогерлер мен Тазабеков мырза арасында сәләфизм ағымына байланысты дау туды. Бұл дау бүгін ғана туындап жатқан дау емес екені белгілі. Өткен жылы Алматы телеарнасының «Өткір тіл» бағдарламасында Мекемтас Мырзахмет «Мен Таразда Мұхамеджан Тазабековтың үйінде 20 уахабиспен кездестім» деген болатын. Оның артынан Тазабеков мырза дәл сол «Өткір тілге» барып халық алдында Мекемтас Мырзахметовтың сөзіне жауап берді. Бірақ бір қызығы осыдан кейін «Өткір тіл» бағдарламасы өз жұмысын тоқтатты. Ол кезде де жуналистер мен блогерлер қауымы осы тақырыпқа байланысты улап-шулап ақыры «жабулы қазан, жабулы күйінде» қалды. Бұл жолғы дау-дамайда дәл сол кездегі сценарий бойынша аяқталды. Жә бұл Қазақстан аумағында осы уақытқа дейін болған жағдайлар. Ал енді көршілес Қырғызстандағы сәләфизм ағымының күш алуы жайында сөз қозғайық.
2011 жылы Қырғызстанда ресми түрде 1700 мешіт, діни білім беретін 9 жоғары оқу орны және 60 медрессе тіркелген. Ал 1000 астам мешіт ешқандай жерде тіркеусіз жұмыс істеп келген. Бұл дегеніміз Қырғызстанда дін саласы мемлекеттің бақылауынан баяғыда шығып кеткен деген сөз. Қырғыз сарапшыларының сөзінше, 2005 жылдан бері ел аумағында уахабизм мен сәләфизм ағымдарын ұстанатын азаматтардың саны артқан. Бірақ бір өкініштісі біз осы материалды жазу барысында Қырғызстан билігі Қазақстандағыдай шындыққа жанаспаса да, ең төменгі көрсеткішпен болса да сәләфизм ағымының өкілдерінің ресми санын ешбір жерде көрсетпейтініне көзіміз жетті.
Бұдан бөлек Қырғызстан билігі сәләфизмді жаппай экстермистік ұйым деп тануға қауқарсыз. Өйткені Қырғызстанды исламның сәләфизм тармағын ұстанатын Сауд Арабиясы, Кувейт сынды елдер түрлі қорлар арқылы қаржыландырып, депутат, әкімдерін тегін қажылыққа жіберуде. Сол себепті Қырғыз билігі сәләфиттерді қауіпсіз және экстремистік деп екіге бөліп қарастыруға мәжбүр. Экстремистік сәләфиттерге нео-сәләфиттер яғни тәкфиршіл сәләфиттер мен жиһадшыл сәләфиттер кіреді. Оларға «Хизб-ут-Тахрир», «Әл-Каида», «Ислам мемлекеті» сынды террорлық ұйымдар жатады. Қазіргі таңда Қырғызстан билігі ресейлік арнайы қызмет өкілдерінің көмегімен экстремистік бағыттағы сәләфиттердің басшыларына қарсы күрес жүргізе бастаған. Бірақ Қырғызстанда да Қазақстандағыдай сәләфиттердің басшылары өздерін сәләфитпін деп мойындамайды. Мысалы халықаралық іздеуде жүрген Қырғыз сәләфизм ағымының басшыларының бірі Шамсуддин Абдыкалыков өзін «Ханафизм мазхабындағы сәләфитпін» деп айтады және Әбу Ханифаны сәләф болған дейді.
Қорыта келгенде Қазақстанда да, Қырғызстанда да тәуелсіздік алған 26 жыл ішінде сәләфизм ағымы терең тамыр жайған. Сауд Арабиясы мен Кувейт елдерінен түрлі ұйымдар арқылы келіп жатқан қыруар қаржының қайтарымы 15 мыңнан астам азаматтың сәләфизм дертіне шалдығуы десек артық айтпаспыз. Сәләфизм шырмауына оратылған сан мыңдаған адамның санасын қайтіп емдеуге болады? Бұл әрине үлкен сұрақ және ол сұрақтың бір ғана жауабы бар, ол - елде ұлттық идеология қалыптастыру. 26 жыл бойы экономиканы сөз жүзінде бірінші орынға қойып, халық тәрбиесін жүзінші сатыға ысырып тастаған ел билігіне осы жайында ойланатын кез келген сияқты.