Бұдан бір ғасыр бұрын, бәлкім елу жылдың алдында, тіпті ХХ ғасыр біткенше, хайуанаттар паркі керек болған шығар. Ал, қазір оның түкке қажеті жоқ. Біз бұны ұран ретінде жалаулатып отырған жоқпыз, жай ғана қарапайым қоғам өкілі ретінде ой білдірмекпіз.
Жақында Алматы қаласындағы хайуанаттар бағына бардым. Бұрын «зоопарк» дегенге құлқым болмайтын. Себебі, торға қамалған аңдардың мен үшін қызығы жоқ секілді сезілетін. Баяғы, аула ішінде байлап қойған итің, не қорадағы сиыр, қойың сияқты болар деп ойлайтынмын. Оның үстіне, неше түрлі аңды теледидардан әбден көріп жүргеніміз де әсер еткен болар.
Расында, хайуанаттардың мен үшін аса қызығы болған жоқ. Шағын ғана қоршаудың ішінде жатқан арыстан, жолбарыс деген айбарлы аңдар тіпті адам келіп жатыр-ау деп, қарап та қоймайды. Мүлдем еті өліп, жүнжіп кеткен. Тамаққа тойып алған жалқау мысықтар секілді, мәлжіп, маужырап өз беттерімен жатыр. Әйтеуір, денесінде жаны бар демесең, тірі өлік. Табиғаттағы жыртқыш мінезі, айбарлы, қаһарлы, еркін болмыс-бітімінен жұрдай.
Торға қамалған аңдардың біз үшін жабайы аң ретіндегі қызығы жоғынан гөрі, олардың соншалық аянышты халі жүрекке ауыр тиді. Әсіресе, ақ аю, қоңыр аю, қасқыр, бұғы, бүркіт секілді аң-құстардың тар қапастағы тағдыры терең ойға тартты. Соның ішінде, қасқыр тұқымдас шие бөрінің қимыл-әрекеті көз алдымнан кетпейді. Ол тордың ішінде тынымсыз айнадып, желіп жүр екен. Сол әрекетінен бір танған жоқ. Зар желеді. Қанша уақыттан бері осылай мағынасыз айналып келе жатқаны белгісіз, аяғының атсы таптаурын жол болыпты.
Ал, Солтүстік мұзды мұхиттың көркі, аққарлы әлемнің ақ патшасы саналатын ақ аюдың халі де сондай аянышты. Тор ішінде бір кесек шөркені көтеріп, әбден таусылған түрмен келгендерге нарау көз салады. Қоңыр аю да солай. Тек, көкжал қасқыр ғана ажарынан таймаған. Бірақ, ішінде әлдебір ыза, кек лықсып жатқандай. Адамдарға емес, басқа бір жаққа қарап, ширығып тұрды.
О.Бөкейдің шығармасына арқау болған Алтайдың кербұғысын көргенде тіпті, жанымыз ауырды. Тор ішендегі топырақты мүжіп тұрған оның мүйізі арбиып, қабырғасы тал-тал болып, арықтап кетіпті. «Селт» етпейді. «Селт» етерге шамада жоқ-ау.
Айта берсең, аңдардың аянышты халі таусылмайтын болар. Темір шарбаққа қамалып, амалы таусылып отырған қыран құс та көңіл жабырқатты. Бір тал банан үшін зор денесіне қарамай «би билеп», құлқын асыраған алып пілдің тұсына да көп аялдамадық...
«Хайуанаттар паркі керек, әсіресе балалар көріп қуанады, аң-құстың тұқымы құрып кетпеудің алдын алады, ғылми қызметкерлер, студенттер зерттеу жасайды» т.б уәждер айтылар. Бірақ, оның бәрі адамның өз әрекеттерін дұрысқа шығару үшін тапқан сылтаулары ғана секілді.
Бүгінгі таңда технология дамыды. Балалар аң мен құсты онлайн түрде, табиғаттың өз қойнауынан-ақ тікелей қызықтай алады. Басқасын айтпағанда, хайуанаттар дүниесін үзбей көрсететін «animal planet» арнасы соған дәлел. Ал, адамдар аң-құсты тікелей өз көзімен көрсін десек, үлкен табиғи қорық жасап, біткен аң-құстың түрін соған қоя беруге болар еді. Темір тордың иә әйнек құтының ішіндегі өлі-тірісі белгісіз хайуанаттарды қызықтағаннан гөрі, табиғат аясында еркін жүрген аң-құсты тамашалаған әлдеқайда қызық, әсерлі болмай ма?!
Бұндай тәсіл тіпті, ХІХ ғасырда-ақ жүзеге асқан. Германиялық Карл Хагенбек есімді адам, Хагенбек хайуанаттар қорығын құрып, өзі жинаған аң-құстарды сонда ұстаған. Табиғат еркелерін тар қапаста, торда ұстағаннан гөрі соны пайдалы, әділетті деп тапқан. Басқа елді кім білсін, біздегі хайуанаттар паркінің шарт-жағдайы аса толық емес-ау. Кейбір аңдардың өліп қалғаны туралы естіп тұрамыз. Олардың өліміне келген адамдар да себепші болатын сәттер кезігеді. Қолдарындағы түрлі ішпек-жемес сусындарын береміз деп, ұсақ аң-құсты ажалға душар еткен жайттер жоқ емес.
Қазір адамзат дүниесі дамыған сайын, табиғат, хайуанаттар әлемі азып бара жатыр. Аң-құсты парктен, тордан тамашалау бұрынғы жабайы тәсіл, ескі әдіс деуге болды. Керісінше, оларды еркін табиғат аясына жіберсек, ол адамдарға қызықты, тартымды болар еді, сонымен қатар, хайуанаттардың құқына құрмет етіп, азайын бара жатқан аң-құстардың еркін әлемін жасар едік. Аң мен құсты тәңір иеміз табиғаттың туындысы етіп жаратты ғой, олар тек табиғат аясында ғана өзінің шынайы бейнесін, болмысын көрсетеді және сонысымен ғажайып.
Бек Айдар
«The Qazaq Times»