ҚР бас прокуратурасы қаңтардағы дүрбелеңнен соң ұсталған, қамалған азаматтар мен қозғалған істердің санын жариялап, елдегі оқиғалар кезінде түсірілген фото/видео материалдарды жинау үшін арнайы сайт ашқанын жариялады.
«ТЖ режимі кезеңінде жасалған құқық бұзушылықтар үшін 6966 әкімшілік іс жүргізулер қозғау туралы хаттамалар толтырылды, әртүрлі әкімшілік жауаптылыққа 4918 адам тартылды, оның ішінде 1978 адам қамаққа алынды. 791 адамға айыппұл салынды және 2149-ы ескертілді. Соттардың қарауында 2048 материал бар.
Бүгінде жедел-тергеу топтары 494 қылмыстық істі, оның ішінде 44 – терроризм актілері бойынша, 34 – жаппай тәртіпсіздіктер бойынша, 15 адам өлтіру және басқалары бойынша тергеп-тексеруде.
Қылмыс жасады деген күдікпен 524 адам уақытша ұстау изоляторларына қамалды. Соттың санкциясымен 412 адам қамауға алынды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде» деп хабарлады.
Елде дүрбелең кезінде із-түссіз кеткен адамдарды жақындары іздеп жатыр. Әзірге қанша адамның із-дерексіз кеткені туралы нақты ақпарат белгісіз.
Жоғалған адамдар туралы ақпарат жинақтау үшін азаматтық белсенділер арнайы сайт ашқан.