Кеше ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры, экономист Рақым Ошақбаев "Хабар" телеарнасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты теледебат ұйымдастырды.
Рақым Ошақбаевтың сөзінше, МӘМС салықтың жаңа түрі ғана.
"Сіз ай сайын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру дейтін қорға милилиондаған қазақстандықтан 1,5 мың теңгеден жинағыңыз келеді. Мұны сақтандыру қоры деп атап отырсыз, ал мен олай демес едім... Бұл жай ғана төлем, бұл салық", - деді экономист.
Сондай-ақ, ол МӘМС аясында қаражаттың бақылануына қатысты мәселелерді айта келіп, медсақтандыру қоры БЖЗҚ-ның екінші бір түрі, бюджеттен тыс құрылған кезекті қор екенін атап өтті.
Ал министр Елжан Біртанов өз кезегінде МӘМС ең алдымен Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында құрылғанын айтты.
"Бізде халық қартайып барады, балалардың үлесі көбейіп келеді. Ауру түрлері де өзгерген, созылмалы аурулардың көрсеткіші жоғары. Сондықтан біз осыған қаражатты қайдан алатынымызды ойлануымыз керек. Бірінші кезекте МӘМС денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған", - деді Елжан Біртанов.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесіне жұмсалған қаржы Жалпы ішкі өнімнің 1,9 пайызын құрайды. Осы себепті қаржы табудың жаңа көзі қажет әрі халықтың ортақ жауапкершілігі керек.
"Өзіміздің денсаулығымыз бен болашағымыз үшін осы қаражатты жинау кезінде халық арасында ортақ жауапкершілік болу керек және мен мұны қалыпты тәжірибе деп есептеймін", - деді Елжан Біртанов.
Айта кетейік, жұмыс берушілер МӘМС жүйесі бойынша жарна төлеуді осы жылдаң шілде айында бастап кетті. Ал жеке қызметкерлер 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жарна төлей бастайды.