Денсаулық сақтау саласының экс-министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевке қатысты қозғалған сотқа дейінгі тергеу процесі аяқталды. Бұл жөнінде президенттікке тікелей бағынысты қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді.
Тергеу органдарының ресми хабарламасына қарағанда, күдіктілердің себебінен мемлекетке 1,5 млрд теңге (4,1 млн доллар) көлемінде шығын келген. Бұған дейін Біртанов ұсталған бойда тамыз айында вице-министр Олжас Әбішевке ақпараттық жүйе құруға бөлінген жарты миллиард теңге қаражатты жымқырды деген айып тағылған.
Қаржылық мониторинг агенттігі Біртанов пен Әбішев қызметтік өкілетін асыра пайдалана отырып «іске жарамсыз» ақпараттық ресурсты қабылдап-пайдалануға бергені үшін айыпталғанын хабарлады.
«Бұл платформа денсаулық сақтау жүйесіндегі проблемаларды дер кезінде шешуге арналған. Онда науқастар, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық ақпарат жинақталып-өңделуі тиіс еді. Қазіргі кезде платформа жұмыс істеп тұрған жоқ және медициналық мекемелердің пайдалана алмай отыр. Қолға түскен айғақтар соны дәлелдейді», – делінген агенттік баспасөз қызметінің ресми хабарында.
Осыған қоса, Біртановтың былтыр маусым айында «санитарлық авиацияны жеке мақсатқа пайдаланды» деген күдікке ілініп отырғанын да хабарланды. Қазіргі таңда тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.
2020 жылғы «маусым-шілде қырғыны» кезінде ұсталып, осы күнге дейін үйқамақта отырған Біртанов өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.
Жуырда жауапкер экс-шенеуніктің қорғаушысы медплатформаның істеп тұрғанын, оның жарамсыздығына ресурсты жасаған Ericsson Nikola Tesla өкілдері, не мердігер, не қабылдау комиссия мүшелері іске тартылмау себебін сұраған. Іс барысын бүге-шүгесіне дейін бақылап жүрген Азаттық радиосының дерегінше, адвокат Дмитрий Куряченко «тергеу органдарының әрекеті істі объективті жүргізуге емес, Біртановты қудалауға бағытталып отырғанын» мәлімдеген.
3,5 жыл (2017 жылғы қаңтар мен 2020 жылғы маусым айларының аралығында) денсаулық сақтау министрі болған Елжан Біртановтің орнына былтыр 30 маусым келе сала командасын қайта жасақтаған Алексей Цой тағайындалды. Кейбір сарапшылар Біртановты билік пен үкіметтің біліксіздігінен күрт өршіген «маусым-шілде қырғынының» жауапкершілігін мойнына алуға шалынған құрбандық» ретінде есептейді.