Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстанның экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ісіне байланысты түсініктеме берді. 29 қыркүйек күні ведомствоның ресми сайтында арнайы хабарлама жарияланды.
Агенттік таратқан ақпаратқа қарағанда, ведомство Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді шілде айында аяқтаған. Бірақ агенттік Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайтынын хабарлаған.
Біртанов денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттандыру платформасын жарамсыз болса да қабылдап, "іске қосқаны үшін" айыпталған.
"Платформа денсаулық сақтау жүйесіндегі мәселелерді жедел шешу үшін науқастар, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық ақпаратты біріктіруі тиіс еді. Бірақ платформа ешқашан жұмыс істемеген және оны медициналық мекемелер пайдаланбайды. Бұл жиналған дәлелдер бойынша расталады. Орындалмаған жұмыс құны 4,1 млн АҚШ долларын немесе 1,5 млрд теңгені құрайды" делінген агенттіктің 29 қыркүйектегі хабарламасында.
Агенттік мәліметінше, Біртанов санитарлық авиацияның әуе кемесін 2020 жылдың маусым айында жеке мақсатта пайдалану кезінде "өкілеттіктерін асыра пайдаланды" деген күдікке де ілінген.
Азаттық радиосының жазуынша, 28 қыркүйек күні Елжан Біртановтың ағасы Ержан Біртанов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, "заңсыздықты тоқтатуға" шақырған. Ол президентке жолдаған үндеуінде бауырына тағылған айып жалған тұжырымдарға негізделгенін айтып, қылмыстық істі тоқтатуды сұраған. Қорғау тарабының айтуынша, "ақпараттық технология саласында жетекші орынға ие ірі компания әзірлеген платформа" жұмыс істеп тұр және оны енгізу процесі әлі толық аяқталмаған.
50 жастағы Елжан Біртанов "аса көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды" деген күдікпен 2020 жылдын 7 қарашасынан бері үйқамақта отыр. Оның үйқамақ мерзімі бұған дейін бірнеше рет ұзартылған. Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.
Біртанов 2017 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың маусымның соңына дейін денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Ол коронавируспен ауырғандар саны күрт көбейіп, ауруханаларда орын жетпей қалған тұста отставкаға кеткен. Оның орнына Алексей Цой қызметке келді.