Талапқали Ізмұхамбетов Қазақстан медицинасы саласында ұзақ жыл жемісті еңбек еткен адам. 1987-1990 жылдары Қазақ КСР денсаулық сақтау министрі болған. 4 жыл тәуелсіз Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі, 12 шақырылмының депутаты міндетін атқарды. 12 жыл Алматы қалалық мәсілихатының депутаты болды. Қазір «Темекісіз Қазақстан ұлттық коалициясының» президенті. Сонымен қатар, Жоғарғы оқу орнында ұстаздық қызмет ақтарады.
– Дамыған отыз елдің қатарына кіруді мақсат етіп отырған еліміздің медицина деңгейі соған сай ма, алдымен осы туралы қысқаша пікір айта кетсеңіз?
– Қазір дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз дейді. Ұмтылыс жақсы, бірақ әлгі дамыған 30 елдің медицина деңгейі өте жоғары. Қазақстанды солармен салыстырып көрейікші. Не жетіспейді. "Влумберг" рейтинг агенттігінің сараптауына сенсек, бірер жылдың алдында медицина саласында Сингапур бірінші орында болатын. Ал, Қазақстан 111-орында. Бұл әрине, төмен деңгей. Осыны көтеру үшін қандай шараларды қолға алуымыз керек деген бағытта жұмыс істеліп жатыр.
Біз қазір Батыс медицинасының ықпалында жүрміз. Батыс медицинасы екі тәсілге жүгінеді. Біріншісі, пышақ. Керек емес дүниені кесіп алып тастайсы. Екіншісі, химия. Дәріні көп береді, болды ауру сонымен тиылады. Біз ата-бабамыздан келе жатқан жолды ұмытып қалдық. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді халқымыз. Бірақ, біз оны ескеріп отырғамыз жоқ. Қаржының көбін дәрі-дәрмекке, аппараттар сатып алуға, дәрігерлер санын арттыруға жұмсаймыз. Яғни, аурудың алдын алумен емес, оның салдарымен күресуге бейімбіз. Алматыда екі миллионға жуық жан саны бар. Былтыр, бір жылда 94 миллиард теңге денсаулық саласына бөлінді. Бұл деген сұмдық үлкен қаражат. Бұны қайда жұмсап жатырмыз? Ойландық па? Осы ақшаның бір бөлігін неге аурудың алдын-алатын шараларға арнамаймыз. Неге адамдарға үгіт-насихат жүргізіп, денсаулығын қалай дұрыс күтіну керектігі жөнінде профилактикалық жұмыс істемейміз. Керісінше, қаржының бәрін адамдар ауруға душар болған соң, соны емдеуге істетеміз. Бұл шынын қуғанда, жүйесіздік.
Біздің ұғымымызда, дәрігерге тек ауырған кезде бару керекпіз. Психологиямыз соған дағдыланған. Дәрігерлер де соған үйренген. Алдына келген адамның ауруын сұрап алады да, соған дәрі, укол жазып береді. Ал, оның диагнозын анықтап, аурудың алдын алу, сақтандыру жоқ. Балықты құйрығынан ұстай аласыз ба? Жоқ, сусып түсіп кетеді. Оны тек басынан ұстау керек. Сол секілді, адам денсаулығын әуел бастан, ауырмай тұрып қадағалап, профилактика жасау керек. Тек, аурудың салдырмен емес, сақтандырып, дертті болғызбаудың жолдармен айналысқан ел өркениетті медицинасы бар ел болып саналады.
– Халықты оған үйрету үшін тағы қандай қадамдар жасалуы керек. Дамыған ел тұрғындары денсаулығына ерте көңіл бөлуге қалай үйренді?
Бұған бір мысал айтайын. Мен Америкаға бардым. Сонда, таңертең ерте қарасам, адамдардың бәрі жүгіріп, дене қимылын жасап жүр. Олар қалайша саналы түрде дене шынықтырумен айналысады. Бізде неге олай емес. Артынан түсіндім, Америкада дәрігерге көрініп, емделудің қымбаттығы сондай – адамдар ауруханаға түсуден қатты қорқады. Алда-жалда емханаға емделе қалсаң, бүкіл жинақ ақшаларыңды сонда қалдырып шығасың. Сондықтан, олар аурудан сақтануға өте мұқият қарайды. Ол үшін дұрыс тамақтануға көңіл бөледі. Егер, дүкеннен ішпек-жемек алатын болса, сыртындағы қорабында тағамның құрамында не бары түгел жазылып тұр. Соған қарап адамдар өздеріне жеуге болатын заттарды сатып алады. Ал, бізде ше? Жоқ. Ондай жазылмайды. Болған күннің өзінде ешкім оған көңіл бөлмейді. Жоғарғы білімі бар деген кісілер де, өзіне қандай құрамдағы тағамның қажет екенін білмейді. Яғни, халыққа ликбез жүргізуді мықтап қолға алған жөн.
Адамда екі жас бар. Бірі құжаттағы жасың, екіншісі биологиялық жас. Сен қалай тамақтанасың, не ойлайсың, қандай қимылмен айналысасың, міне соның бәрі биологиялық жасқа әсер етеді. Осыған байланысты, жапондықтар адам денсаулығын тоғыз түрлі өлшеммен анықтайтын «Танита» деген аспап ойлап тапты. Соған, салып кеп жібергенде, қай жерің ауыратыны шыға келеді. Мәселен, мен құжатта жетпіс жаста болсам, «Танита» бойынша биологиялық жасым елудің ішінде. Демек, адамның денсаулығын күтуі, дұрыс ішпек-жемек тұтынып, жақсы тұрмыстық әдеттерге үйренуі биологиялық жасыңызды жасарта түседі.
Сонымен қатар, адамға дұрыс позитив керек. «Уайым түбі теңіз, батасың да кетесің» дейді қазақ. Адам дұрыс оймен жүрсе, жақсы нәрселерді ойласа ауырмайды. Позитивтің үлгісі – ауылдағы қариялар дер едім. Олар дүниенің бәрін салмақтаған, ой елегінен өткізген адамдар. Болып жатқан іске елеңдемейді, сабырмен қарайды. Ал, біз ше? «Анау жетпейді, мынау кем» деп үнемі жанталаспен, басымыздағы сапырылысқан ой, ақпаратпен жүреміз. Бірдеңеге қайғырамыз, уайымдаймыз, біреуді жамандаймыз, көре алмаймыз деген секілді. Соның бәрі адамды ауруға алып баратын факторлар. Яғни, бұның барлығы негатив.
– Өзіңіз дұрыс тамақтану әдетін қалай сақтайсыз?
– Мен көбінесе тек табиғи ішпек-жемекті пайдаланамын. Нақты мысал келтірейін. Көкбазарда тұрақты ет алып жүрген адамым бар. Ол өнімді Көкшетаудан әкеледі. Бағасы да лайықты, сатушы да сенімді. Сиыр, қой етін емес, жылқы етін ғана жеймін. Сиыр мен қой етінің денсаулыққа пайдасы шамалы. Өте тығыз холестерині бар. Ал, тауық етін алсам, тауықтарын жүгерімен жемдейтін фирмаға барамын. Қымызды Бутаковкадағы Моңғолиядан келген ағайындардан аламын. Олар бие байлап отыр. Қымызға ештеңе қоспайды, таза сауып, ашытады. Дене қимылына келетін болсақ, күн сайын бір сағат жаттығу залында боламын. Энергия көзіне қоспасаң, телефоның мен компьютерің сөніп қалады. Адам оларға қарағанда мың есе күрделі ғой. Денеңді үнемі қимыл-қозғалыста ұстап, зарядтап тұрмасаң болмайды. Сол секілді, жаттығу залына барған бір сағатым маған бір сөткеге жетеді.
– Темекіге қарсы қоғамдық ұйымның басшыс ретінде бір сұрақ. Адам денсаулығына үлкен ақау келтіретін фактордың бірі темекі. Одан құтылу туралы қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Мен он бес жылдан бері «Темекісіз Қазақстан ұлттық коалициясының» президентімін. Арақ, темекі, нашақорлық деген нәрселер – медицина көзімен қарағанда мүлде зиянкес дүниелер. Бұның бәрі сырттан келді. Біздің ата-бабаларымыз темекі тартқан жоқ. Аздап насыбай атқандары бар. Оның өзі ішінара оңтүстік облыстарда кезікті. Арақ ішкен жоқ. Қымызды сусын етті. Ал, оның денсаулыққа қандай зор пайдасы барын білесіз. Ауру тараса көшпенді бабаларымыз басқа жаққа тез қоныс аударып отырды. Біздің қазіргі ең үлкен жауымыз – өкпе туберкулезі де сырттан келді. Ресейдің каторгіден айдалғандары келіп жұқтырды. Біздің халықтың оған қарсы иммунитеті болған жоқ. Сондықтан, бүгінге дейін осы дертке көп шалдығып жатырмыз. Сол секілді, якуттер неге араққа салынып кетті. Олардың бойында этил спиртіне қарсы эндизма болған жоқ. Бірен жанып кетті.
Біздің еліміз он жылдың алдында темекіге қарсы тұру конвенциясына қол қойды. Ол – болашағы жарқын қазақстандықтар темекі тартпайды деген сөз. Былтыр Түркіменстанға бардым. Олардың президенті дәрігер ғой. Түкімендер де темкіге жаппай қарсы шаралар басталыпты. Темекі мүлде болмайды дейді. Темекіге қарсы қатал заң қабылдауда Ресей де бізден озып кетті. Темекі тарту – болашағымызға балта шабумен бірдей. Айналдырған он жеті миллион халықтың төрт миллионы осы темекінің зардабына ұшырайды. Миллион адам өз еркімен шылым тартса, қалғандары соның түтіні мен иісінен уланады. Бұл бізге үлкен проблема болуда. Бізде заң бар, бірақ оның орындалуы өте нашар. Екіншінден, біздің халықтың сана деңгейі төмен.
– Бұл жөнінде темекі өндірушілер не дейді?
– Мен темекі өнімдерін өндіретін үлкен корпорациялардың басшыларымен кездестім. Олар зауыттарына өздері апарып, көрсетті. Олардың айтуынша, біз үшін Қазақстан нарығы қажет те емес дейді. «Біз бұнда тек Қытай мен Оңтүстік Шығыс Азияның нарығына қадам басу үшін ғана орнығып отырмыз. Егер, қазақтар темекіні тастаса, біз бүгін-ақ кетеміз. Сол үшін қазақтар өздері шешім қабылдауы керек» деп отыр.
Десе де, олар жас ұрпақты темекіге білдіртпей үйретіп жатыр. Түрлі-түсті, иісті шылымдарды шығаруда. Бұлар елеусіз дүние көрінгенімен, жастарды темекіге үйір қылады. Киноларда темекіні насихаттайды. Бас кейіпкер темекі шегеді немесе Marlboro-ның костьюмін киіп, машинасын мініп алады. Адамдардың санасына солай әсер етеді. Бірақ, сол Marlboro-ның бас жарнамашысы Уэйн Макларен рактан қайтыс болды. Өлерінің алдында адамдардан кешірім сұрап хат жазды. Құдай мені ауру жіберіп жазалады дей келіп, адамдардан кешірім сұраған. Алайда, сол хатты кейін темекі компанияларына сатылған журналистер жасырып тастаған болу керек. Толық мәтінін таба алмай жүрмін.
Қысқасы, Қазақстанда темекі үлкен проблема болып тұр. Жыл сайын елімізде шылыммен байланысты аурулардан 25 мың адам көз жұмады. Түрлі аурулар бар. Егер, бір адам 50 жасында қайтыс болса, ол міндетті түрде темекі тартқан адам болып шығады. Темекі адамды ажалынан бұрын алып кететін жалмауыз.
– Адамзат қоғамы темекіден бас тарта ала ма?
– Мүмкін. Болашақта темекісіз әлемге ұмтылатын жаңа мәдениет қалыптасып келеді. Америкада болған кезімде, темекі тартып жүрген ақ нәсілділерді көрмедім. Шылым тартатындар сол – афроамерикалықтар, мексикалықтар т.б. Бұлардың көбі қара жұмыспен айналысатын екінші сортты адамдар ғой. Тіпті, АҚШ-тың жаңа президенті Трамп Мексикамен арада жаңа қорған тұрғызтынын айтты. Демек, өркениетті болашаққа қадам басқан қазақ жастары темекіден аулақ болғаны жөн. Үкімет сол бағытта ұтмыды шаралар ұйымдастыру тиіс.
– Темекі адам өміріне, тіпті адамзатқа қауіпті екен. Олай болса бүкіл әлемде темекі өндірісін тоқтатып, бұл проблемадан біржолата құтылуға болмай ма?
– Қазақстан нарығын Ресейдің темекі магнаттары ұстап отыр. Жан саны аз қазақ елінде төрт бірдей трансұлттық компания жұмыс істейді. Әлем бойынша темекі өндірісін жоя алмайсың. Себебі, бұл өте үлкен ақша, бизнес. Олар біздің денсаулығымыз арқылы миллиардтаған пайдаға кенеліп отыр. Демек, олардың мүддесі әлемдік деңгейде мықты қорғалған. Тіпті, өз парламентімізде де темекі компанияларының пайдасына лобби жасайтын депутаттар бар. Оны жоққа шығара алмайсың. Үкімет, құық қорғау орындары да олардың жағында.
Бір жақсысы, темекінің қорабына қорқынышты суреттерді салғалы, темекі тартатындардың қатары сәл де болса кеміді. Жақында америкалық зерттеу орны осы жаман суреттің қазақстандықтарға қалай әсер еткені туралы қорытынды жариялады. Соңғы жылдарда елімізде 200 мың адам темекіні тастапты. Міне, нәтиже бар. Сол үшін жастарды темекіден арашалап, темекісіз қоғам орнату үшін үгіт-насихатты күшейту керек. Егер, бай, салауатты адам болғың келсе темекіге жолама. Мәселен, біреумен миллион долларлық келісімге отырдың дейік, егер сен темекі тартатын болсаң, әріптесің одан бас тартуы мүмкін. Себебі, ол миллион долларын өзінің әлсіздігімен, нашар әдетімен күресе алмайтын адамға қалай сеніп береді.
Бәлкім, болашақта темекі бүтіндей жойылады. Өйткені, адам баласына «хомо сапиенстен» бері жүз мың жыл тарих өтті. Ал, темекінің пайда болғанына небары 500 жыл ғана болды. Сол үшін, келешекте бұл жаман әдеттен барша адамзат бас тартады деп сенейік.
– Әңгімеңізге рахмет!
«The Qazaq Times»