
Қадірлі QT оқырманы, редакция көрнекті қазақ заңгері, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, қазіргі қазақ құқықтану ғылымының негізін қалаушылардың бірі және қазақтың дәстүрлі құқықтық жүйесін зерттеуде орасан зор үлес Салық Зиманов дайындаған «Қазақ ата заңдарының» 10 томдығынан таңдамалы мақалаларды қазақ және ағылшын (сайттың ағылшын тіліндегі нұсқасынан көруге болады – QT) тілдерінде ұсынуды жөн көрді.
Салық Зимановтың жетекшілігімен жарық көрген «Қазақтың ата заңдары» атты 10 томдық жинақ – осызаманғы Қазақстанның құқықтық тарихындағы аса маңызды ғылыми еңбек. Бұл жинақ қазақ халқының дәстүрлі құқықтық мәдениетін, билер сотының рөлін және тарихи құқықтық нормалардың эволюциясын жан-жақты талдап, заңдық құжаттар мен тарихи деректер арқылы негіздейді.
Бұл жинақ қазақ даласындағы құқықтық жүйенің тек көшпелі өркениетке ғана емес, әлемдік құқықтық мәдениетке қосқан үлесін де көрсетеді. Қазақстанның қазіргі құқықтық жүйесінің түп-тамыры қазақтың дәстүрлі заңдарында жатқанын дәлелдеп, ұлттық құқықтық жүйенің сабақтастығын көрсетеді.
Құжаттар, деректер және зерттеулерге сүйенген он томдық 2000-шы жылдардың алғашқы онжылдығында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары аясында жарық көрген. Бүгін жарияланып отырған Салық Зимановтың «Қазақтың ата заңдары және оның бастаулары» мақаласы бірінші томнан алынған. Бұл басылым 2004 жылы «Жеті жарғы» баспасынан шыққан. Сонымен қоса, электронды нұсқасын ресми ашық дереккөзден, нақтырақ айтқанда үкіметтік «Электрондық мемлекеттік кітапхана қоры – Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасы» (МКҚБ-ҚАЗҰЭК) сайтының https://kazneb.kz/kk каталогынан суретті үлгісін табуға болады. Редакция төл құқық саласына қызығатын оқырмандарға ыңғайлы болуы үшін мәтін нұсқасын беріп отыр.
Қазақтың ата заңдары және оның бастаулары
Зиманов С.З.
Әлемде, оның мәдени арналарында тарихи өлшем бойынша айтарлықтай маңызды, бірақ соған қарамастан адамзат үшін әлі де жұмбақ болып қалып отырған, лайықты деңгейде бағаланбаған құнды құбылыстар көп. Олар көбіне-көп тарих қойнауының шырғалаң қатпарларында шырмалып, өркениет дамуының сарабдал жолдарынан түрлі себептермен тыс қалып қойды.
Көшпелі өркениет (цивилизация) адамзат тарихында болған десек, онда оның өзіндік ерекшеліктерімен толастай түскен байтақ аймағы Ұлы Дала аталатын, жер шарының Орталық-Азиялық бөлігі саналмақ. Сол кездегі осы аймақтағы елдердің этникалық құрамын негізінен түркі тектес халықтар құрады. Сондықтан да бұл даланы мәдени-этникалық мағынада Тұран, Түркістан деп атаған. Қазақтың көне құқығы ұлан-ғайыр «еркін» аймақта орналасқан, түркі тілді көшпелі өркениеттің төл туындысы, әрі мәдени жемісі, әрі мұрасы.
Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген халықтар өмірінде көптеген ғасырлар бойы астан-кестен оқиғалар мен өзгерістер болды. Осындай қилы тарих шырмауынан көне дәуірдің мұрасы ретінде ұрпақтар үшін қазақтар екі мәңгі құндылықты сақтап қалды – ол Сөз құдіреті мен Заң құдіреті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранында жазылғандай:
«Жаралған намыстан қаһарман халықпыз,
Азаттық жолында жалындап жаныппыз.
Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен
Аман-сау қалыппыз, аман-сау қалыппыз».
Әдеттік-құқықтық жүйенің мәдени және демократиялық дәстүрлеріне негізделген Қазақ құқығы өзінің реттеушілік мәнін XIX ғасырға дейін, кейбір жағдайларда XX ғасырдың басына дейін жоғалтпай сақтап келді. Қазақ құқығының бұлай ұзақ өмір сүруін екі негізгі жағдаймен түсіндіруге болады: біріншіден, көшпелі өркениеттің шаруашылық-тұрмыстық, дүниетанымдық негіздері Қазақтың кең даласында жаңа дәуірге дейін сақталды. Екіншіден, қазақ құқығы халықтың тыныс-тіршілігінің өзегімен қисындас болатын, халықтың өзіне жақын, тәндес, жалпы адам баласының мәңгілік рухани бітім-болмысына, талабына сай болатын.
Қазақ құқығы – қазақ халқының және барлық көшпелі өркениеттің мәдени байлығы. Ол мыңжылдық тарихымен, ерекшелігі және өміршеңдігімен, адам еркіндігін жақтаған сипаттарымен әлем назарына ілінді. Ұлы Далада көшпелі өркениеттің негізін құраған қыпшақтар даңқының ерте құлдырауы, тиісінше Қазақтың құқықтық мәдениетінің беделі мен рөлінің төмендеуіне себеп болмағаны таңғаларлық жағдай. Бұл қайшылықты Қазақ ата заңының кең даланың «еркіндік қабілетінің сақталуымен», «оқшау орналасуымен» түсіндіруге болады. Дегенмен де, орта ғасырдағы қазақ даласындағы мәдени-шаруашылық тоқыраудың белең алуы, өркендеп өскен басқа елдерден көш ілгері қалып қоюы қоғам дамуына да әсерін тигізбей қоймады. Ұлан-байтақ Орталық Азия аумағы тарих сахнасының соңғы шебіне ысырылып тасталды да, ұзақ уақыт бойына ұмыт қалды. Жат елдердің көшпелілер даласын отарлау саясатының іске асуымен байланысты қазақ қоғамы тарих бетіне қайта ене бастады. Бұл өзгерістер қазақ құқығының кейінгі тағдырында да, оған баға беруден де көрініс тапты.
І
Ортағасырлық шығыс, оның ішінде түркі, қытай және моңғол жазбаларында, сондай-ақ кейбір батыс және орыс жиһангерлерінің, зерттеушілерінің және жаңа замандағы жергілікті қайраткерлердің еңбектерінде біз Қазақстанда «Алтын ғасыр» дәуірі болды деген құжаттарды жиі ұшыратамыз. Олар халықтың жадында өткен өмірдің сағымы ретінде қазіргі заманға дейін сақталып келді. Ол жоқтан бар етіп, біреулердің ойдан шығара салған қиялы болған жоқ. Өз мәні бойынша ол қазақ даласын отарлап алғысы келгендер мен оның еркіндігін аңсағандардың арасында болған үздіксіз күресті көрсеткен тарихи шындықты сипаттады. Ұрпақтардың арманына айналған бұл аңсаудың негізінде әділ төреші, ақыл мен арды тең ұстаған, әрі шешен, тарихи тұлға – «билер» атымен байланыстырылатын «әділетті тәртіп» идеясы жатыр. Би Қазақ даласында хан болған жоқ. Бірақ ол өзінің жеке қасиеттері мен әлеуметтік мәртебесінің биігінде ханнан да жоғары тұрды. Сондықтан да халық арасында: «Ханда қырық кісінің ақылы бар, биде қырық кісінің ары, білімі бар» деген түсінік қалыптасқан.
Аса ірі зерттеулері үшін тірі күнінде «Қазақ халқының Геродоты» атанған орыстың көрнекті шығыстанушы-ғалымы А.И. Левшин ХІХ ғасырдың басында былай деп жазған еді: «Кіші Орда қырғыздарының (қазақтарының – С.З.) көрнекті ақыл иелері қазақ халқының да тыныш, бейбіт өмір сүрген, заңдар мен әділ сот мерейі үстемдік құрған уақыттары болған деп үнемі айтып отыратын. Автор ол кезеңді халық «аңсап» еске алатын «Алтын ғасыр» деп атайды [1]. Қазақ халқының арасында көп жұмыс істеген және қазақ тілін жете меңгерген тағы бір орыс зерттеушісі А.Е. Алекторов өз бастауын көне заманнан алатын, бірақ ХІХ ғасырға дейін сақталған билер сотын тамсана суреттейді. Сот әділдігінің көне дәстүрлерін сақтаған билер, оның айтуынша, ежелгі демократия үлгілерін жүзеге асырған. Ол: «Істі қарастыру кезінде би және ақсақал дауласушыларға асқан әділдік танытуды өзінің қасиетті парызы санайды. Ол екі жақтың да дәлелдемелерін әбден тыңдап болған соң ғана өзінің әділ шешімін жариялаған және ол шешім міндетті түрде орындалған» [2], – деп жазды. ХІХ ғасырдағы қазақтың көрнекті ғалымы және зерттеушісі Ш. Уәлиханов былай деп тұжырымдайды: «Билердің беделі Еуропадағы ақындар, ғалымдар мен адвокаттар сияқты өздерінің жеке бастарының қасиеттеріне байланысты болған.» Зерттеушінің пікірінше, Шекспир мен Гетенің ақындық ұлылығы үкімет жарлықтарынан тумаған, өздерінің дарындылығынан туған. Сол сияқты билердің де беделдері реттелген» [3].
Қазақ құқығының қалыптасып, жүйелі түрде дамуына алғышарт болған үш факторды баса айтып өткен жөн. Олар: біріншіден, қазақтар және олардың ата-бабалары мекендеген Еуразиялық континенттегі жердің байтақ кеңдігі. Қазақ Республикасы бүгінгі күні аумағы бойынша әлемде 9-орында, 2,72 млн. шаршы км, ал 200-300 жыл бұрын бұдан да үлкен, 1,5-2,0 есе аумақты алып жатқан.
Екіншіден, көбінесе Шығыстан Батысқа қарай дүниені дүрліктіре ауысқан көшпелі және жартылай көшпелі қоғамдар мен бірлестіктердің жүздеген жылдарға созылған жолдары осы Еуразиялық дала арқылы өткен немесе одан басталған. Осы ұлы көш барысында, сонымен бірге Орта Азия мемлекеттік құрылымдарының ауысуы және ыдырауы барысында, олардың бөліктері осы Қазакия деп аталатын «еркін» аумақты мекендеді. Олар өзіндік мәдени-демократиялық, әдеттік-құқықтық дәстүрлерін ала келді.
Үшіншіден, осы ұлан-байтақ кең далада соғыстар мен жаугершілік рухы бейбіт өмірге ертерек ауысты. Жаулап алушылық жорықтар этно-мәдени шеңберінде қорғану және өзін-өзі нығайту идеяларына ұласты. Қазақ даласындағы бытыраңқылықтың, өзара араздастықтың бірте-бірте бірігу идеяларына ойысуы елдегі қоғамдық қатынастардың бір қалыпқа түсуіне және еркіндік, бейбітшілік, ел бірлігі рухынан нәр алған құқықтық ережелердің рөлін арттыра түсті. Көптеген мыңжылдықтар бойына қазақ сахарасында ауысып отырған ірілі-ұсақты мемлекеттік құрылымдар, әсіресе түркілер мен түркіленген одақтар, ұлан-ғайыр далада өздерінің қалыптасқан түрдегі «әділеттік», «бостандық», «еркіндік» идеяларын мұра етіп артына қалдырды.
Қазақтың көне заңдарының ережелері бекіген кеңістіктік шегі Қазақия атты көшпелі халқының этномәдени аумағын қамтиды. Яғни, ол ешбір қазақ ханының нақты билігінің аясымен өлшенбейді. Демек, «Қазақ мемлекеттігі» деген ұғым да бір хандықтың шеңберіне сыймайды. Қазақ қоғамы үнемі феодалдық бытыраңқылықта және ұлыстар мен жүздердің «Қазақияны» иеленуі үшін күрес жағдайында өмір сүрді. Елдің саяси бірлігі тек халық басына ауыр күн туғанда, қиын-қыстау жылдары ғана бой көрсетіп, басқа кезеңдерде уақытша сипатта болды десек, шындықтан қияс кетпеспіз. Ал қазақ құқығы этникалық аумақтардың жалпы мәдени жетістігі болып қала берді.
ІІ
Ортағасырлық қазақ қоғамының бүкіл құқықтық әлемінде негізгі билік «Дала заңының» билігі болды. Ал оның қағидаларын сақтаушы, реформаторы және жүзеге асырушы күші – билер болды.
Би, ең алдымен, сот (судья). Бидің өзі де, билігі де түп-тамыры халықтың тарихына байланысты. Сол себепті ол беделді, дәстүрлі билік қатарында болды. Ал хан билігін көпшілік бұқара әкім билігі деп таныды. Қазақтың көрнекті мәдениет қайраткерлерінің бірі жазғандай: «Мықты билер тілін алмаған хандарды бір кезде тақтарынан қуыршақтай алып тастап отырған» [4].
Би халықтың сана-сезімінде ақиқаттың ақ туын көтеруші ретінде сипатталады. Оған дәлел ретінде билердің мына кәсіптік ұрандарын келтіреді: «Шыннан өзге құдай жоқ», «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы». Билердің негізгі ісіне айналған бұл ұрандар бойынша адам үшін оның ар-ожданы мен намысын, адамгершілік, әділдік тұрғыдан қорғауды ең жоғарғы қадір-қасиет деп санаған. Бұл моральдық құндылықтар әділ сот мәселесіне тікелей қатысты. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген нақты ережеден көрініс тапты.
Қазақ даласында би болу оңайлыққа түспеген. Оған күрделі талаптар қойылды. Тек «Құдайдың сүйген құлдары ғана» би бола алды. Би боламын деген адам тек жеке қасиеттерімен танылып қана қоймай, бірнеше сатылардан тұратын сыннан сүрінбей өтуі керек болған. Далада әділеттің ақ туын желбіреткен биге табиғат берген қасиеттерден басқа шешендік, сөзуарлық, ақыл-парасат, қызыл тілде ешкімге дес бермеу, сондай-ақ «Қасым ханның қасқа жолында», «Есім ханның ескі жолында», «Әз Тәукенің Жеті жарғысында» көрініс тапқан «Дала заңының» негізгі қағидалары мен нормаларын жатқа білуі, өзіне дейінгі атақты билердің үлгілі сөзінен нәр алу секілді негізгі талаптар қойылатын. Әрине, билік шеңбері жағынан билердің елдегі беделі мен ықпалы бірдей болған жоқ: шағын ауыл, шағын ру бірлестігінен бастап жүзге, ұлысқа, тіпті бүкіл қазақ еліне жүрген билер болған. Міне, осыған сәйкес билерге қойылатын талаптардың да түр-сипаты, «қаталдығы» да өзгеріп отырған.
Баласының табиғи дарынын байқаған ата-анасы оған би болу жолында дұрыс бағыт-бағдардағы тәрбие беруге тырысқан. Ең алдымен, отбасында оған қазақтың айшықты сөз өнерін, әдеттік-құқықтық дәстүрлері мен ережелерін үйреткен, логикалық мәселелерді шешуді, яғни соттық қызмет барысында кездесетін сан-қилы өмірлік мәселенің түпкі негізін табуды үйренуіне көмектескен, қисынды сөзбен үйлестірілген жұмбақ сөздің астарын табуға баулыған. Бұл қызметті ата-анасы үйреткен, ауылына белгілі, танымал, көпті көрген, өзінің білген-түйгенімен өмірлік тәжірибесі бар ауыл ақсақалдарынан тәлім алған. Мұндай жас жеткіншектің ерте бастан белгілі билердің алдын көріп, оларға атқосшылыққа жүріп, «далалық» сот ісін жүргізудің қыр-сырын жас күнінен бастап игеруі өте маңызды шарт болып есептелген.
Ұстаз рөліндегі бұл билер шәкіртіне кейде билер сотында қаралатын істер бойынша шығаруға қатысты шешімге өзінің көзқарасын нақты білдіру мүмкіншілігін беріп, оның қабілетін сынап отырған. Кейініректе қазақ халқының ұлы ақыны, әрі Орта жүздің ғана емес, бүкіл қазақтың «Төбе биі» атанған Абайдың әкесі Құнанбай да осы ескі жолдан таймаған. Құнанбай баласын 6 жасынан бастап Қазақ даласындағы атақты Қоянды жәрмеңкесіне алып баратын. Оның әкімшілік орталығы Қарқаралыда билердің, ақсақалдардың, шешендердің қатысуымен соттар, жиналыстар болып тұратын. Тобықты руының өзінде де тәжірибесі мол ақсақалдар көп болған. Абай солардың мектебінен өткен. Зерттеушілердің айтуынша, 13 жасында Абай өзінің соттық шешімдерін шығара бастаған. Абай өмірін зерттеуші М.Әуезов бұл туралы былай деп жазған еді: «Руаралық күрестің дем берушілерінің арасында жүріп табиғатынан дарынды Абай қаруы – шешендік, ақыл-парасат болған сөз сайысын жүргізудің сан-қилы тәсілдерін жіті меңгереді. Даулар патша сотында емес, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ әдет-ғұрып құқығы негізінде шешілгендіктен Абай қазақтың халықтық сөз өнерінің інжу-маржандарын жетік білуі қажет еді» [5].
Зерттеушілердің мәліметтері бойынша Әйтеке би де (1666-1722) дәл осындай жолдан өткен. Оған «оның ерекше талантына қауым мен ауыл ақсақалдары 5-6 жасында көңіл бөлген» [6]. «Болар бала боғынан» дегендей, Орта жүзден шыққан атақты Шорман 13 жасында, кейініректе Сырдария (Кіші жүз) алқабындағы азаттық қозғалысты бастаған Есет (Көтібардың баласы) 20 жасында атақты би болады. Толыққанды би атану үшін жеке қасиеттері мен «Дала заңының» ережелерін білгеннен басқа «жетілгендік» белгісі деп аталатын екі жоғары сыннан өту қажет болды. Біріншіден, ол атақты билер мен ойшылдардың «философиялық» сұрақтарына жауап беріп, өзінің ақыл-парасаты мен таным логикасының жеткілікті дәрежеде дамығандығын дәлелдеуі қажет болды. Екіншіден, данышпан ақсақалдардың батасын алуы керек. Сондықтан халық «Батамен ер көгерер, жауынмен жер көгерер» деген. Неғұрлым мықты би боламын деген адам, соғұрлым атақты да шешен бидің батасын алуға тырысқан.
Мұндай жолдан «билер атасы» атанған атақты Төле би де (1663-1756) өткен. Төленің әкесі Әлібек сол рудағы ең атақты би болған. Әкесі оны «Дала заңдарының» қыр-сырын меңгерсін деп даулы істерді шешуге бірге алып жүретін. Төле 9 жасынан соттық істерге араласа бастады. Ал 15 жасында атақты би болды. Ол кезінде 90 жастағы дана қария Жетес бидің, жүз жастағы атақты Әнет бабаның батасын алды. Халық жадында бұл жағдай былай сипатталады:
Әнет баба бір бума солқылдақ шыбық алдырады: «Балам, мынаны сындырып көрші» – дейді. Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды. «Енді сол бума шыбықты біртіндеп сындыршы» – дейді Әнет баба. Төле оп-оңай сындырады. Әнет баба: «Бұдан не түсіндің, балам?» – деп сұрайды. Төле: «Түсіндім, баба. Ынтымақты, бірлігі мықты елді жау да ала алмайды». – «Саяқ жүрген таяқ жейді» дегенді білдіреді», – деп жауап беріпті. Сонда Әнет баба: «Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың?» – «Ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі – осы» деп оң батасын беріпті.
Төленің ру ақсақалынан алған тағы бір батасында: «Үй баласы ма деп едім, ел баласы екенсің. Ауылыңның таңы бол, маңдайдағы бағы бол!» – деген сөзі бар.
Қазақ даласының атақты биіне айналған Әйтекенің де (1666-1722) Кіші жүздің атақты данышпаны Қосуақ бидің өзінен бата алғандығы туралы аңыз бар. Ол: «Кәрі тозады, жас озады. Ендігі жерде үйде де, түзде де билік тізгінін өзің ұста!» – деп бата берген екен.
Әлі қоғамның мойындауына ие болмаған, би болам деуші адамды да сынау әр түрлі себептерге сай жүргізілген: жас күнінде оның қабілетінің бар-жоғын тексеру үшін, есейген шағында билік дарындылығының деңгейін тексеру үшін, ел аузына ілініп жүрген билер де басқа ел арасында «сенімділік» сынағынан өткен. Топ алдында билер айтысында, я ел төре-әкімі алдында өзін көрсете білу әдеті қолданылған. Мәселен, Үргеніштің (Шығыс Түркістан) ханы атағы шыққан Сырым бимен кездескенде оған төрт сұрақ қояды: «Дау мұраты не? Сауда мұраты не? Қыз мұраты не? Жол мұраты не?» Сырым бидің жауабы: «Дау мұраты – біту, сауда мұраты – ұту, қыз мұраты – кету, жол мұраты – жету» – дегенде хан ұшып тұрып, құшақтап, қонағасын беріп, ат мінгізіп шығарып салыпты.
Бидің нормативтік-құқықтық білімі мен оның ойлау үрдісінің ерекшелігі қашан да бірінші саптағы критерий болған. Егер соттық процестің және сотқа дейінгі процестің сайысушылығы, ашық, жария сипатын ескерсек, онда олардың зор мәні болғанын еске түсіреді. Әрине, таным біртіндеп келеді және өмірлік тәжірибе барысында жылдар бойы жиналады. Бірақ би болам деген адамда өзіндік өнерінің жас кезінен бастап-ақ байқалуы қажет. Қоғамның қазіргі және болашақтағы билерге қоятын талабы осындай болды. Билердің ешқайсысы, тіпті есейген шағында да мұндай кездейсоқ сынақтан тыс қаламын деп ойламаған.
Қазақтың әдеттік-құқықтық жүйесі тарих бойы қалыптасқанын, оның әр түрлі ғасырлар үнімен үндестігін баса айтпаса болмайды. Бір жағынан алғанда, оның консервативтік сипаты, екінші жағынан көшпелі өркениет ауанында әр кез қозғалыста, дамуда болғандығы сезіледі. Осындай өзгерісті қозғалыс барысында би қазақтың құқықтық дәстүрлерінің сақтаушысы ретінде көрініс тапқан. Бұл оның кәсіптік қызметінің міндетті қыры болып табылады. Сонымен қатар, би – Ұлы Дала құқығын еркін талқылаушы, әрі оның нормаларын қоғам өзгеруіне сай қолданушы.
Қазақ құқығы өз бастауын XIII ғ. өмір сүрген, қазақтың көне «үйсін» руынан шыққан, Шыңғыс ханның (1155-1227) «Орда биі» атанған, Майқы биден алатындығы шүбә келтірмейтін шындық. Сондықтан Қазақ құқығында: «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би», – деген даналы сөз қалған. Қазақ құқығының жүйеленген қайнар көзі болып «Қасым ханның қасқа жолы» (Қасым хан билігі – 1511-1532 жж.), «Есім ханның ескі жолы» (Есім хан билігі – 1598-1623 жж.) және Тәуке ханның «Жеті жарғы» атты ережелер жинағы есептеледі. Билердің және билер сотының құқық байлығына тек дәстүрлі «хан жарлықтары» жатып қана қоймайды. Сонымен қатар, атақты билердің жалпы жұртқа тараған бітім, шешім, жүгініс үлгілері де кеңінен тараған.
Ортағасырлық Қазақ даласында, тіпті жақын арадағы жаңа заманға дейін сөз құдіретінің беделді де күшті болғандығы сонша, сөз өнерін жете меңгерген жезтаңдай би алдында фактілер де тізе бүккен. Ұлы Дала мәдениетінің мұндай ерекшелігі Қазақ құқығында нық орын алды. «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірер би», «Өнер алды қызыл тіл» дей келе, Қазақ құқығы сот әділдігінің мақсаты «Тіл жүйрік емес, билікте шын жүйрік» деген тұжырымды нықтап бекітті.
ІІІ
Қазақ құқығының ерекшелігі – оның көшпелі өркениет шеңберінде туып, сол дәуірдің ең құнды сипатын иеленуінде. Бұл тұрғыдан ол тарихи маңызы бар құқықтық жүйелер әлемінен заңды түрде өз орнын ала алады, алуы да тиіс.
Қазақ құқығының мәні мен ерекшелігі оның тарихтағы белгілі бір жүйелі-институционалды құрылым екендігінде емес. Барлық халықтар өз тарихының бастапқы сатысында осындай әдет-ғұрыпқа негізделген құқықтық реттеудің үстемдік еткен дәуірін басынан өткерді. Бірақ мұндай кезең көптеген халықтарда тұрақсыз әрі қысқа мерзім ішінде өтпелі дәуір ғана болды. Оларда құқық жүйесі билік үшін әулеттік күрес, көшпелі және жартылай көшпелі одақтардың жаңа жерлерді іздеп көшуі сияқты ортағасырлық идеологияға сай қалыптасты.
Қазақ құқығының ерекшелігі – оның «еркіндік» лебі өріс алған кең аумақта қалыптасып, өркендеуінде, көшпелі өркениеттің бейбіт, табиғи тұрақты қағидаларына негізделе дамығандығында. Бұл тұрғыдан ол өзінің мазмұны бойынша өзі қалыптасқан дәуірді айқындап қана қоймай, оның шеңберінен асып түсті.
Қазақ әдет-ғұрып құқығы жүйесінде бидің мәні мен мәртебесін анықтайтын бірқатар қағидалар мен нормалар бар. Олар халық санасынан берік орын алып, көбінесе оның дәстүрлі менталитетінің мазмұнын құрады. Бұл қағидалар қысқа да, мәнді нақыл сөздер арқылы көрініс тапты: «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Туғанына бұрған биді Құдай ұрғаны», «Таста тамыр жоқ, биде бауыр жоқ».
Шындық пен әділдікке жету – қазақ құқығының негізгі өзегі және билердің соттық шешімдерінің түпкі негізі әрі басты мақсаты саналған. Оған төмендегі әрі моральдық, әрі құқықтық күші бар ереже-мәтелдер дәлел: «Атаңның құлы айтса да, әділдікке бас и», «Әдет — әдет емес, жөн әдет», «Тіл жүйрік емес, шын жүйрік», «Әділсіз болса би оңбас, әйелсіз болса үй оңбас», «Би төрттің құлы: адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік», «Елге бай құт емес, би құт», «Батыр дегенді екі қатынның бірі табады, би дегенді ілуде біреуі табады».
Дауды қарастырудағы қарапайымдылық, сот әділдігі мен дәлелдеу бостандығының қамтамасыз етілуі, тараптардың және процеске қатысушылардың әрқайсысының іске араласу мүмкіндігінің шектелмеуі, сондай-ақ тараптарды татуластыруға ұмтылу – билер сотының негізгі қағидалары болды. Тіпті кінәлі тарапқа қатаң жаза тағайындалған кезде де, билер сотының шешімі қоғам алдында әділетті және логика заңдарына сай болуы тиіс еді. Ақырғы сот шешімін шығару жауапкершілігін иеленген би жасы мен өмірлік тәжірибесіне қарамастан, өз дәуіріндегі данышпан қарияларға ұқсап бағуға тырысқан.
Соттық функцияны атқарған бидің өз пікірін білдіруінде және іс-әрекеттерінде еркіндік көп болды. Бірақ оны халық жіті қадағалап отырды.
Сот жүргізудің тәртібі мен сот құрамын белгілеуде екі нәрсеге көңіл бөлінді: оған қатысатын тараптардың ықыласы мен істің күрделілігі. Дауды бір би жеке дара өзі шешуі де мүмкін еді. Бұл сот ісін жүргізудің ең қарапайым, әрі кең тараған түрі. Ол көбінесе биге бір ауылдың адамдарының, жақын руластардың дауын шешіп беруді сұрағанда немесе тараптардың өздері – талапкер мен жауапкер – ерікті түрде өз дауларын шешуді сұрап жүгінгенде қолданылды.
Егер жәбірленушінің немесе өкпелі адамның шағымы бимен туыстық байланысы бар адамдарға қатысты болса, соған қарамастан іс бидің ынтасымен басталып, қарастырылуы да мүмкін. Бұл жағдайда би жауапкершілігі арта түседі, керекті адамдарды жүгініске өзі шақырады, ал жауапкер бұдан бас тарта алмайды. Оның келмеуі туыстары үшін барып тұрған ұят болып саналады. Егер би әрі атақты, әрі дана, әрі әділетті болса, оның шешіміне құлдық ұрған және оның алдына алыс рулардан жүгініске келушілер легі бір мезетте толастамаған.
Әр түрлі рулық қауымдардың арасындағы аса шиеленіскен дау-шарларды, әрі күрделі істерді билер соты алқалы түрде қарастырады. Олардың ішінде біреуі Төбе би, яғни негізгі би болып сайланады да, оның пікірі сот шешімін шығаруда басымдылық мәнге ие болады.
Билер соты сайысушылық процесс. Әрбір тарап сотқа өзінің биімен, кейде тіпті өз руласының мүддесін қорғайтын бірнеше бимен қатысады. Билер сотында кездейсоқ сырттан келіп бір тарапты жақтауға рұқсат етілмеді. Сот ісін жүргізу ханның отыратын жерінде, алаңында, бидің үйінде немесе белгіленген жерлерде, көбінесе рулардың көшпелі мекендерінде өтті.
Қазақ құқығында өлім жазасы, түрмелер мен зындандар (қамауға арналған жер асты орындары), бас бостандығынан айыру, денеге зақым келтіру түрлері, қылмыстық жазалар болған жоқ. Барлық даулар және ең күрделі қақтығыстар азаматтық-құқықтық сипатқа ие болды және олар үшін мүліктік, мүліктік емес, ұялтатын, масқаралайтын, бітімгершілік және өзге де жазалау нысандары қолданылды.
Жазалаудың, жауапкершілікке тартудың үш негізгі түрі бар: «құн төлеу» /кісі өлтіргені үшін немесе кісі өлтіруге теңестірілген қылмыстар үшін төленетін төлем/, «тоғыз» /тоғыз санына теңестірілген мүліктік жауапкершілік/, «айып» (кешірім айыбын төлеу). Бұлардың барлығы мал, әсіресе жылқы басынан тұратын заттық сипатта болған. Әрбір жазада тараптардың өзара бітімге келу шарты сақталынды, кейде тіпті дау-тартыс, жауапкершілік некелік мәмілелермен бітіскен. «Құнның да» /кісі өлтіргені үшін жауапкершіліктің/ түр-түрі болған, ол өлген адамның қадір-қасиетіне сай: «ер құны» /әскер үшін/, «сүйек құны» /кісі өлтіргені үшін/, «өнер құны» /өлген кісінің өнердегі білімі мен қабілеті үшін/, «ар құны» /ар-намысқа тигені үшін/. Жазаның мөлшері өлген адамның әлеуметтік жағдайына да байланысты болды.
Біздің есептеуімізше, жаза түріндегі қолданылатын «тоғыздың» 30-дан ас-там түрі бар. Ол төменгі «тоғыздан» ат немесе түйе бастатқан «тоғызға» не-месе қыз бастаған «тоғызға» барған. «Айып» көбінесе «ат-тон, шапанмен» шек-телген.
Қазақтар құқығындағы жауапкершілік пен жаза түрлері аса бай, әрі көп түрлі болды. Олардың түрлерінің көптігі соттардың әрекеттерінің кеңістігін қамтамасыз етті. Сонымен қатар, бұл билерге өз шешімінің логикалық, адам-гершілік негізділігі үшін ерекше жауапкершілік жүктейді. Дәл осы жерде істің мән-жайынан кем бағаланбайтын судьяның жеке қасиеттері мен ақыл-парасаты көрінуі қажет.
IV
Еуразиялық кеңістіктің ұлан-байтақ Орталық Азиялық бөлігінде көне за-маннан қазіргі күнге дейін негізінен Қыпшақтар деген жалпы атқа ие болған түркі тілді этностар мен халықтар өмір сүріп келеді.
Тарихтағы жалпы (глобалды) мәніне қарай Қыпшақ даласын екіге: Оңтүстік және Солтүстік аумаққа бөлуге болады. Ираннан Қытайға, Үндістаннан Қазақстанның қазіргі оңтүстік аудандарына дейінгі ұлан-ғайыр «Оңтүстік аумақ» Еуропа мен Азияны дәнекерестірген тоғыз жолдың торабы және бел-гілі бір дәрежеде дамыған қала шаруашылығы, саудасы, мемлекеттік құрылымы бар жартылай көшпелі және жартылай отырықшы елдердің өмір сүру аймағы болып табылды. Дәл осы аумақ ортағасырлардың бастапқы кезеңдерінде әлемдік тарихқа елеулі әсер еткен Орталық Азия халықтары мен олардың ата-бабаларының күшті саяси одақтарының қалыптасуының алтын бесігі бол-ды. Әлемді дүр сілкіндірген, біздің ғасырымызға аяқ басқан шақта түркі тілді көшпелілер – ғұндардың Батысқа қарай көшуі, әскери, негізінен түркілерден құралған Шыңғыс ханның (XII ғасыр), Ақсақ Темірдің (XIV ғ. екінші жартысы – XV ғ. басы) жаулап алушылық жорықтары дәл осы аумақта басталған. Дәл осы жерде ірілі-ұсақты, негізінен түркі тілді мемлекеттер бірінен соң бірі пайда болып, өзара текетірестің, сыртқы күштердің және уақытша жаулап алушылықтардың әсерінен жойылып кетіп отырды.
Бір сөзбен айтқанда, Орталық Азияның «Оңтүстік аумағы» саяси-әлеуметтік толқыныстар мен әр қилы оқиғаларға толы болды.
«Оңтүстік аумаққа» қарағанда одан да көлемді кеңістікті алып жатқан «Солтүстік аумақ», яғни Балқаш пен Аралдан, Сібір Алтайына дейінгі, Еділ өзенінен Ертіс өзені, Тарбағатай тауларына дейінгі жерлер көшпелі өркениеттің қанат жайып орнығуы үшін мейлінше ыңғайлы, бейбітшілікке бет алған «еркін аймақ» қатарында саналды. Бұл өлкені мекендеген өзінің байырғы тұрғындары түркі текті халықтан басқа, бұл жер көптеген ауыр зұлматты оқиғалардан, өзгерістерден ыққан халықтардың екінші демін алар тұрағына айналды. Әсері күшті ислам орталықтарынан алыс орналасқан Орталық Азияның бұл бөлігінде қоғам өмірінің барлық салаларына, сондай-ақ құқықтық мәдениетке де әсер еткен «еркіндік» ырғағы, зиялы өмір қалпы орнады.
Ерте ортағасырларда құрлықтың Еуразиялық төскейінде, түріктердің этногенетикалық тамырын, қазіргі қазақтардың негізін құраған, көшпелілердің саяси тұтастығы қалыптасты. Қазақ даласы өзінің Оңтүстіктегі иеліктеріне ықпалын арттыра отырып, бүкіл Түркістан аумағын қолтығының астына алуға тырысты. Қазіргі заманғы аса ірі Қазақстан тарихын зерттеушілерінің бірі Манаш Қозыбаев былай деп жазған еді: «Қорыта айтқанда, қыпшақ атауымен халық болып танылған қазақ, барша түркі әулетінің қара шаңырағы болды. Еуразияның қос құрлығында тарихтың құдіретті төріне бірақ шықты» [7].
Аса ірі қазақ ойшылы және ақыны Мағжан Жұмабаев осы ғасырдың 30-жылдарында: «Түркістан екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой», – деп айтқан сөздері тарихи-хроникалық ақиқатты сипаттайды. Қазіргі күні бұл сөздер Түркия астанасы Анкара қаласының шағын демалыс алаңында жазылған. Бұл кейінгі ұрпаққа Қазақ елі – Қазақстанның түркі халықтарының негізгі бастауларының бірі екендігін, дәл осы жерден түркі тілді этнотарихи және құқықтық мәдениеттер әлеміне апаратын жолдардың бастау алатынын білдіреді.
Қазақтар, олардың ата-бабалары бастапқыда жартылай көшпелі бірлестіктердің өмір сүру жағдайларына сай, көбінесе табиғи жолмен қалыптасқан әдет-құқық жүйесін қабылдап, сәулелі дәрежесін көтеріп, дамытып, жетілдірді. Олардың нормативтік мазмұны мен құрылымында негізінен түркі халықтарының және Қазақстан аумағын мекендеген түркі текті емес халықтардың одақтары мен мемлекеттік құрылымдары өз ізін қалдырды. Олардың бір бөлігі Орталық Азияның көшпелі және жартылай көшпелі әлеміне сәйкестігі дәрежесіне қарай «Дала заңында» бекітіліп, бейімделіп, оны байыта түсті. Демек, қазақтың ата заңдары, бір жағынан, түп тамырымен байырғы жергілікті, локалды режимдерге кететін құқықтық мәдениет ретінде көрінсе, екінші жағынан, Қазақ елінің өміріне сай қоғамдық құрылымдар мен негізінен түркі және өзге де халықтардың пайдалы құқықтық үлгілерін өз бойына жинақтаған жүйе ретінде болды.
Өз алдына Қазақ мемлекетінің пайда болуын тарихшылар XV-XVI ғасырларға жатқызады. Ал «Қазақ құқығының» пайда болуы одан әріде, тереңде жатыр, ол қазақ халқының этникалық тұтастануынан бұрын қалыптасқан. Қазақтың көне құқығы ежелгі түркі-қазақ тайпалық, мемлекеттік құрылымдардан құралған, ауысып отырған көптеген көшпелі және жартылай көшпелі бірлестіктердің құқықтық дүниетанымы мен нормативтік активтері негізінде қалыптасты.
V
Негізгі қайнар көзі Ұлы даланың әдет-ғұрып жүйесі, мәдени дәстүрлері болып табылатын Қазақтың ата заңдары қаншама ғасырлар бойы тікелей және жанама түрде әр түрлі мемлекеттер тарапынан қысым көріп, олардың идеологиясының әсерін сезінсе де, өзінің таңғаларлық өміршеңдігін көрсетті. Әрине, қазақ қоғамы осындай күштердің әсерінен елеулі түрде өзгеріске ұшырап отырған, бірақ оның құқықтық мәдениеті мен тіл мәдениетін сіңіркім, ешбір күш тіпті өзгерте алмады. Олар бұндай қиын-қыстау жағдайларда да тек өзін-өзі сақтап қана қоймай, іштей күшке ие болып, нығайды да.
Ұлан-байтақ қазақ даласында болған өзгерістер мен төңкерістерге қарамастан, сақталып, өзінің бастапқы «мойдегін» жоғалтпаған қазақ құқығының өміршеңдігін, оның негізі, құрылымының өзегі табиғи еркіндік, әділдік, өнегелік идеялармен үндестікте болуымен түсіндіруге болады.
Патшалық (ресейлік) өкімет XVIII ғасырдың бірінші тоқсанында басталған, дала өлкесін отарлау саясатын белсенді түрде жүзеге асырса да, ғасырлар бойы Қазақияда қалыптасқан дәстүрлі құқықтық режимнің түбегейлі жүйе екендігіне және оны бір ұрпақтың өмірі ішінде орыстың құқық жүйесімен күштеп немесе «бейбіт жолмен» алмастырудың мүмкін еместігіне күн өткен сайын көздері жете бастады. Өз халқының тарихы мен болмысын жақсы білетін жазушы әрі ғалым, академик Сәбит Мұқанов былай деп жазған еді: «Киіз туырлықты қазақ аталатын бұл елдің өмір тарихы, тұрмыс салты, әдет-ғұрпы, мінез-құлқы айна қатесіз бірдей... осыншама тұрақтылық, тұтастық Октябрь революциясына дейін тұтас мемлекет болмаған елде сақталуы таңғаларлық құбылыс» [8].
Қазақ ата заңдарының мәнін тек қана Қазақияның этно-мәдени шекарасындағы өзіндік нормативтік рөлімен түсіндіруге, шектеуге болмайды. Онда біз аясы кең қазақ құқығын белгілі қысандықтың бұғауында қалдырарымыз хақ. Ол бір мезгілде бірнеше қызмет атқарды: реттеушілік, басқарушылық, біріктірушілік, қорғаушылық және адамгершілік. Ол кең мағынада алғанда заң да, билік те, қоғамдық болмыс пен өнегеліліктің қайнар көзі де, рухани құндылық та болды.
Осындай өзіне тән тұрақты сипаттарының арқасында көне қазақ заңдарын құрастырған ережелер адуыны мықты мұсылман құқығының, көшпелілік сипаты бір болған моңғол құқығының, тегеуріні мықты орыс заңының ықпалында кетпей, өзінің бет-бейнесін сақтап қалды. Көршілес елдердің құқық жүйелерінің қазақ құқығына әсері болса да, оны жоятын күшке ұласа алмады. Қазақ құқығының түбегейлі құрылымы кешегі Жаңа заман дәуіріне дейін қоғамдағы ықпалын жоймады.
XIX ғасырдың ортасында Шоқан Уәлиханов атап айтқандай: «Билер соты, 50 жыл бойғы орыс саясатының әсеріне қарамастан, бізге дейінгі жүздеген, бәлкім, мыңдаған жылдар бұрын қандай болса, сол қалпында қалды» [9].
- Левшин А. И. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. СПб., 1832. III бөлім. 169-170-беттер.
- Алекторов А. Е. // Киргизская степная газета. №2.
- Валиханов Ч. Ч. Собр. соч.: В 5 т. Алматы, 1985. Т. 4. 77-бет.
- Сейфуллин С. 6 томдық шығармалар жинағы. Алматы: Жазушы, 1994. 6-том. 265-бет.
- Әуезов М. Жизнь и творчество Абая Кунанбаева. В сб.: Жизнь и творчество Абая. Алматы, 1954. 7-8-беттер.
- Есламғалиұлы М. Әйтеке би. Алматы: Жеті жарғы, 1988. 91-66-беттер.
- Қозыбаев М. Ата тарихы туралы сыр // Егемен Қазақстан. 30 сәуір.
- Мұқанов С. 16 томдық таңдамалы шығармалар. Алматы: Жазушы, 1979. 15-том. 37-бет.
- Валиханов Ч. Суд биев в древней народной форме // Записки Русского географического общества по отделу этнографии. СПб., 1904. Т. 29. 164-бет.