Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі Қазақстанға нота жіберді – деп хабарлайды 24kg ақпарат агенттігі.

Жергілікті БАҚ өкілдерінің мәліметінше, 16 ақпан күні Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі Ерлан Әбішевке шұғыл нота тапсырған. Нотада Қазақстан тарапынан ақпан айының 15-і мен 16-сы күндері аралығында ел аумағында жүргізілген арнайы операция барысында ұсталған Қырғызстан азаматтары жөнінде мағлұматтар беру сұралған.

Естеріңізге салайық, 16 ақпан күні Қазақстан Бас прокуратурасы «Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жүргізілген арнайы операция барысында ұсталған 29 адамның екеуі Қырғызстан азаматы» - деп хабарлаған болатын. Кейіннен Қырғызстан бұқаралық ақпарат құралдары «Қазақстан аумағында болған арнайы операция кезінде «Қырғызстан» фракциясының депутаты Дәмірбек Асылбекұлы ұсталды» - деген ақпарат таратқан.

“The Qazaq Times”