Қазақстан Қытайға ресми нота тапсырды. Бұл туралы кеше ҚР СІМ басшысы Қайрат Әбдірахманов тілшілердің сұрауына жауап берген кезде мәлімдеді. Қытайдағы қандастардың қуғын-сүргінге ұшырап жатқаны расталғаннан кейін, Сыртқы істер министрлігі Қазақстан-Қытай арасындағы алғашқы дипломатиялық нотаны тапсырған. Бұдан бір күн бұрын, 14 ақпанда ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы істер министрін қабылдаған болатын. 

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов сөзінде: «Бұл істі біз бақылауымызда ұстап отырымыз. Қытайда ұсталған азаматтардың туыстары бізге қажетті мәліметті берген. Біз осы мәліметтер расталғаннан кейін Қытай тарабына ресми түрде дипломатиялық арналар арқылы дипломатиялық нота жібердік. Қытай жағының нақты жауабын алғаннан кейін Қазақстан азаматтарына жеткізетін боламыз. Біз Қытайда ұсталған Қазақстан азаматтарының туыстарымен тығыз байланыстамыз, аты-жөні де бізге белгілі» – деді.

Қытайдағы этникалық қазақтардың ісіне байланысты президент Нұрсұлтан Назарбаев былтыр маусым айында өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезінде Сыртқы істер министрлігіне тапсырма берген болатын. ҚР СІМ-і іске кіріскеннен кейін де Қытайдағы қазақтарға жасалған қысым мен қудалау тоқтамады. Есесіне ауырлай түсіп, оның салқыны Қазақстан азаматтарына да тие бастады.

Кезекті Қытайға жолданған дипломатиялық нота Қазақстан-Қытай арасындағы алғаш рет болып отыр. Алда, Қытай тарабының нақты жауабын күтеміз. Бұл Қытайдағы қазақ бауырларымыздың болашағымен ғана емес, Қазақстан және Қытай арасындағы алдағы қарым-қатынастар үшін де үлкен маңызға ие.

“The Qazaq Times”