Тәжікстан шетелде оқып келген имамдарды жаппай жұмыстан шығаруда.

Тәжікстан Дін және әдет-ғұрып істері комитеті төрағасының бірінші орынбасары Әмірбек Бекназаров аймақтардағы комитет басшыларына шетелдерде оқып келген барлық имамдарды жұмыстан шығаруға 15 күн уақыт берді. Жергілікті БАҚ өкілдерінің мәліметінше, Дін және әдет-ғұрып істері комитетінің басшылығы аталмыш жарлыққа қазан айының 28-і күні қол қойған. Оларды бұндай қадамдарға баруға шетелде білім алып келген имамдардың өздері итермелеген. Өйткені соңғы бір жылда Тәжікстан бойынша, шетелде оқып келген 20 имам жат ағымдарды насихаттағаны үшін қамауға алынған.

Бұған дейін Тәжікстан билігі «өзге елдерде діни білім алып жүрген 3600 -ден астам тәжікстандық бар, олардың барлығын елге қайтару керек» деген мәлімдеме таратқан болатын. Бірақ соңғы статистикалық мәліметтер бойынша, ел билігінің бұл мәлімдемесіне қарамастан әлі күнге дейін шетелдерде 500-ге жуық тәжікстандық діни білім алуда. Бір қызығы өз заманында Тәжікстанның бас муфтиі Саидмукаррам Абдулқадірзоданың өзі Пәкістанда, ал Дін және әдет-ғұріп істері комитетінің басшысы Сүлеймен Давлатзода болса, Пәкістан мен Сауд Арабияда оқыған. Ал аталмыш заңның оларға қатысы бола ма, жоқ па әзірге белгісіз.

“The Qazaq Times”