Апта сайын елімізде, әлемде түрлі халықаралық, саяси, экономикалық маңызды жаңалықтар болады. Оның бірі бірін оқысақ, енді бірі назардан тыс қалып жатады. Ендеше The Qazaq Times оқырмандары үшін 2-7 қазан аралығында болған ең маңызды экономика жаңалықтарына шолу жасайды.

Ресей экспортталатын мұнайға баж салығын көтерді - Қазақстанда бензин қымбаттады

Аптаның басында Қазақстанда бензиннің қымбаттауы басты жаңалық болды. 1 қазаннан бастап Ресей экспортталатын мұнайға салынатын баж салығын 3,8  долларға көтерді. Осылайша қыркүйек айындағы есеп бойынша мұнай экспортының салығы тоннасына 84,1 доллар болған еді, енді 87,9 доллар болатын болды Тұтқырлығы жоғары мұнайға баж салығы 1 қазаннан бастап 12,9 доллардан 13,6 долларға дейін қымбаттайтын болды. Ал осыдан кейін сәйкестік пе, Қазақстанда бензин бағасы тағы көтеріліп, ең көп пайдаланылатын АИ 92 маркалы жанармай құны 151 теңгеге дейін жетті.

Қанат Бозымбаев бензин бағасын төмендетуге қатысты уәде бере алмады

Ал осыдан кейін дәл бір күннен соң ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында есеп берді. Алайда ол  ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың бензинге қатысты "баға төмендей ме?" деген сұрағына министр "баға тұрақталады" деп ғана жауап берді. жауап берді.

Қазақстандықтардың жылу үшін қарызы 10 млрд теңгеден асады 

ҚР Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің басшысы Сұңғат Есімханов болса қазақстандықтардың энергетика кәсіпорындары алдындағы қарызы 10 млрд теңгеден асатынын мәлімдеді.

"Халық энергетика кәсіпорындарына 10 млрд теңгеден аса қарыз. Қарыздың көп бөлігі, яғни 3 млрд теңге Алматы қаласына тиесілі. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша да қарыз 3 млрд теңге шамасында. Қалған облыстарда қарыз бір айлық көлемде қалып отыр", - деді Есімханов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Оның айтуынша, қарыз көлемі жылу беру маусымы басталар кезде үнемі осындай деңгейде болады екен.

Бір айда жұмыссыздар саны 49,1 пайызға өскен

2017 жылдың тамыз айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы жұмыссыздар санының ұлғайғаны белгілі болды. Қазақстанның жұмыспен қамту орындарында тіркелген жұмыссыздар саны 143,8 мың адамды құраған.  Осылайша бұл көрсеткіш 2017 жылдың шілде айындағы көрсеткішпен салыстырғанда (96,4 мың адам) 49,1%-ға артқан. Сондай-ақ жұмыссыздар саны қаңтар айынан бері (55,1 мың адам) 2,6 есеге өскен.

Доллар курсы бір жылдағы ең жоғарғы көрсеткішке жетті

Осы аптпда тек бензин бағасы ғана қымбаттап қана қоймай, теңгеге қатысты доллар курсы да жоғарылады. 5 қазан күні Қазақстан қор биржасында болған таңғы сессия кезінде ұлттық валютаның долларға қатысты бағамы 345 теңгеге дейін әлсіреді.  Сауда көлемі 12,8 млн долларға дейін жетті. Сессия кезінде доллар курсы  345,37 теңгеге дейін қымбаттап, сессияның жабылу кезінде де осы деңгейін сақтады. Доллардың мұндай максимум көрсеткіші осы жылы тіркелмеген. Соңғы рет жоғарғы көрсеткіш 2016 жылдың қараша айында болған. Осылайша бұл осы жылғы ең максимум деңгей болды.

Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін дамыту үшін қарыз алады

Жасыл климат қоры (GCF) Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) негіздеме бағдарламасы арқылы жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жобаларды іске асыру үшін Қазақстанға 110 млн доллар көлемінде қаржы береді. GCF-тің бұл салымының 106 млн доллары жеңілдікпен қаржыландыру бойынша, 4 млн доллары грант түрінде техникалық көмек көрсету үшін берілмек.

“The Qazaq Times”