Ресей әскері шегініп шыққан Украинаның Буча қаласындағы әскери қылыс айыптарынан кейін Еуропа Одағы Ресейге қарсы санкцияларын тағы да күшейтті. Бұл Еуропаның Ресейге салған бесінші санкция пакетіне тура келді.

Бесінші санкция пакеті дайындалып жатқан тұста Буча мәселесі көтеріліп, өткен апта соңында дайын болып қалған санкция жобасы уақытша кері шегерілген еді. Кеше, 6 сәуір сейсенбіде Еуропа Одағы кезекті санкция пакетін барынша күшейтетінін мәлімдеді.

Одақтың барлық мүшелері (27 мемлекет) толық қолдаған жағдайда Еуропаның жойқын санкциясы Ресейге қарсы іске қосылады. Бірақ бұл жолы да Ресей экономикасы үшін ең маңызды салалар мұнай-газ өндірісі мен экспортына санкция салынған жоқ. Бірақ, бұл жолы Ресейдің көмір экспортына ауыр санкция соққысы тиді, бұл кезекті санкциядағы Ресей экономикасына терең әсер ететін бір тармақ.

Қатаң санкция жобасы бойынша Ресейден импортқа 10 миллиард еуро, Ресейге экспорттауға 10 миллиард еуро шектеу қойылған. Соның өзінде бұл Ресей-Еуропа сауда көлемімен салыстырғанда ештеңе емес, соғыс басталғанға дейін екі тараптың сауда қатынасы шамамен 250 млрд еуродан асып кеткен, Еуропа Ресейден 160 млрд еуро көлемінде сатып алып, 100 милрд еуроға жуық сатып отырған.

Шын мәнісінде, Еуропаның санкциясынан гөрі Британ мен АҚШ-тың Ресейге қарсы шектеуі анағұрлым қатаң әрі ауқымды. Себебі, Еуропа одағымен салыстырғанда ағылшын әлемінің Ресеймен экономикалық байланыстары солғын. Қатаң санкциялар салған күнде де өз экономикасына қауіпі аз.

The Qazaq Times